Жазғы 5 спорттық киім

Жазғы 5 спорттық киім

Бұл маусымда дизайнерлер спортты маусымның басты тренді етіп, барлық спорт сүйер қызға сыйлық жасады. Біз осы жазда әр сәнді қыздың гардеробында болуы тиіс 5 киімді топтастырдық.

Енді ыңғайлы киім мен аяқ киімді жаттығу залына ғана кию міндетті емес. Және әрдайым, әр уақытта сәнді көрінгісі келетін қыз үшін мұндай үйлесім тіпті ұтымды. Өйткені спорттық киімдер қыздардың гардеробындағы кез келген киіммен үйлесе кетеді.

Бомбер

Қыздарға арналған бомбер күртешесінің танымалдығына әмбебаптығы әсер етті. Бұл спорттық күртеше болғанымен, оны немен кию керектігі жайлы нақты ережелер жоқ. Оны түрлі стильдермен үйлестіре отыра, көңіл-күйіңізге қарай түрлі образдар жасауға болады.

Бомбер күртешесі джинсы, капри сынды қысқа шалбар, бриджілерге өте жақсы жарасады. Әсіресе тарылып пішілген шалбар және джинсылармен әдемі көрінеді.

Сонымен қатар, ол тарылған көйлек, қарындаш түріндегі ұзын белдемшемен, және тіпті кең етекті қысқа белдемшемен де жарасады.

Шорты

Бүгінде шортылардың спорттық үлгілерімен қатар, классикалық үлгілері де кең танымал. Алайда, спорттық шортылар жаныңызға жақын болса, оны классикалық топ немесе жейделермен үйлестіріп, жеңіл, тартымды бейне жасауға болады.

Бра-топ

Қысқартылған бра-топтар қазақ қызы үшін тым ашық болары сөзсіз және оны таңдайтындар кемде-кем. Бірақ бра-топтың сыртынан жеңіл, селдір матадан тігілген ұзын жейде, майка немесе топ киіп, бра-топтың жеңілтек бейнесін басуға болады. Жаздың ыстық күнінде бұл ұтқыр шешім болмақ.

Шалбарлар

Спорттық шалбарларды тек спорттық аяқ киіммен үйлестіру керек деген заңды осы маусымда бұзуға болады. Ыңғайлы босонжка немесе сандалиймен және кеудеге киілген классикалық топпен спорттық шалбар әп-сәтте түрлене түседі. Бұл ерекше стильмен кездесуге де, қыдырысқа да шықсаң да өте жарасымды.

Кроссовка

Естеріңізде болса, әйгілі сән үйлері жұқа, мөлдір немесе шілтерлі кроссовкаларды сәнге енгізген болатын. Әшекейлермен көмкерілген, ыңғайлы спорттық аяқ киім бұл мезгілдің тренді. Кроссовканы casual стильмен үйлестіріп, сіз мүлде ұтылмайсың, керісінше сәнқой қыздардың қатарына енесіз.

Cурет: ellegirl.ru, womanest.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina