- Негізгі бет
- Сән
- Шаш бояуын қалай...
Шаш бояуын қалай таңдаймын?
Нәзік жандылардың шаш бояуына түрлі жағдайлар себеп болады: табиғи түс ұнамайды, сыртқы келбетке өзгеріс енгізу құлшынысы, шашқа ақ түсу, шаштың зақымдалуы т.б. Расымен де, жаңа шаш түсі адамды қатты өзгерте алады. Бояу түсі дұрыс таңдалса, көзіңіз жарқырап, беттің реңі біркелкі бола түседі. Дұрыс таңдалмаған жағдайда, ұсақ әжімдер мен дақтар бірден байқалатын болады. Әрі бірнеше жасқа кәрі көрінесіз. Сол себептен де, бояу түсін дұрыс таңдауды үйреніп алған жөн.
Дүкенге бармас бұрын, айнаға жақсылап қараңыз. Ең бірінші көздің түсін, терінің реңін, шаштың табиғи түсін назарға алыңыз. Мәселен, жылы түстер бетті нәзік әрі албырт етіп көрсетеді. Ал табиғат ажарыңызға қызғылт реңді тарту етіп қойған болса, суық, қоңыр қызыл, құм, күл реңдерді таңдау керек. Бетіңіз жиі қызарыңқырап жүретін болса, аллергияңыз бар болса, шашыңызды ешқашан қызыл реңге (қызғылт-сары, анар, қызыл ағаш т.б) боямаңыз.
Теріңіздің түсі ашық, көзіңіздің түсі жаңғақ реңді немесе ашық жасыл болса, алтын, қызғылт, жирен түсті бояулар жарасады. Ашық реңді, көк, сұр көзді адамдарға ақ алтын, күлді, боз реңдер сай келеді.
Кеңестерімізді толықтыра түсейік. Енді өзіңіздің сыртқы келбетіңіз сай келеді деген түрді таңдаңыз. Көктем, Жаз, Қыс және Күз?
Кәсіби мамандар аталған түрлерді былай жіктейді:
Көктем – бұл жылы түр. Бұл типтегі әйелдердің көздері де, терілері де ашық реңді, шаштары да жарқын, сарғыш түсті болады. Олар қара қоңыр, алтын, ашық, бал түсті бояуларды таңдай алады. Ашық қызыл түсті таңдаса, беті жүдеу болып көрінеді.
Жаз-Әйелдердің көздері көк, сұр түсті болады екен, ал шаштары ашық сары, алқызыл түсті келеді. Оларға күл, ақ алтын, күлді, ақ сары бояулар жарасады. Қара қоңыр түстердің жөні жоқ.
Күз-Әйелдердің көздері қоңыр қою, ашық қою, жасыл, көк болса, шаштары қара болады екен. Ал тері сары, алтын реңді болады. Бұл әйелдерге қара, қоңыр қызыл, шоколад, талшын түстер сай келеді. Аққұба қыздардың қатарына қосыламын деп әуреге салынбаңыз, теріңіздің түсі қара көрінетін болады.
Қыс-Әйелдердің көздері ашық қоңырда, қара қоңыр да, тері реңі ақ та, қара да бола береді. Мамандар оларға күлді қара түсті бояуларды кеңес беріп отыр. Ал алтын түстерден аулақ болған жөн.
Сіздің бояуыңыздың түсі қандай?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: medsputnik.ru