- Негізгі бет
- Сән
- Қыздар, сәнді фенечка...
Қыздар, сәнді фенечка жасап үйренейік!
Нәзік жандылар қауымының ең жақсын достары – әшекей бұйымдар. Кейде осындай жылтырақтар адамды сұлу етіп жіберетіндей болып көрінеді. Бүгін сіздерге барлық әшекейлердің атасы саналатын фенечка және оны қолдан жасау жолдары туралы айтқымыз келіп отыр.
Фенечка – бұл қолдан жасалған білезік. Оны ағылшын тілінен аударғанда "зат" немесе "айла" деген мағынаны білдіреді. Фенечка бисерден, былғарыдан, тартпалардан, жіптерден жасалады.
Бұйымның тарихы жүздеген, тіпті, мыңдаған жылдардан бастау алады. Қазір фенечкалар белгілі бір стильді қалыптастыру үшін әшекей ретінде қолданылса, ерте кездерде басқа мағынасы болған.
Оларды ең алғаш болып қолданғандар – үндістердің тайпа өкілдері. Фенечка достықтың, бірліктің, сенімнің нышаны саналатын болған. Ерте ғасырларда үндістерден басқа славян халықтары, жапондар, хиппилер осы фенечканы тоқуды жақсы меңгерген екен.
Біздің заманымызда фенечка – жастардың, мектеп оқушыларының сәнді аксессуарына айналды. Олар ерлерге де, әйелдерге де келе береді. Ең бастысы – аздаған қиял мен тапқырлықты қоссаңыз, қолдан жасап алуға болады.
Сіздерге алдағы күндері фенечка жасаудың бірнеше түрін ұсынатын боламыз. Бүгін сіздерге фенечканың ең қарапайым түрін жасауды көрсетеміз.
Қажет заттар:
– 6 түсті Мулине жіптері (кез келген дүкеннен алуға болады)
– Қайшы
– Скотч немес түйреуіш
– Фенечка жылжып кетпес үшін бекітуге үстел де, кітап та, диван да жарай береді.
– Және шыдамдылық, өте көп шыдамдылық...
Ең алдымен жіптердің барлығын 60 см етіп кесіп алыңыз. Сізде әртүрлі түсті 12 жіп болу керек (бір түстен екі жіп). Жіптерді бірыңғай етіп орналастырып, түйіндеп қойыңыз. Түйіннің үстінен скотчпен үстелге жапсырып қойыңыз. Түйрегішпен диванға қадауға да болады.
Енді өруді бастаймыз. Төмендегі суреттерге қарап отырып өруді үйреніңіз немесе өзіңіз білетін әдісті қолданыңыз:
1. Сол жақтай бастаймыз. Ең соңғы жіпті (қызыл) алып, оң жақта ең жақын тұрған сарғыш түсті жіпке байлау керек. Ол үшін қызылды сарғыштың үстінен төрт (4) санын еске салатын пішін бойынша өткіземіз де, кейіннен құрылған ілмек ішінен өткіземіз.
2. Түйіншекті жоғары көтеріп, сары жіппен бірге тағы да бір түйін жасаймыз. Осы қызыл жіппен басқа да түстерге түйін жасауды жалғастырамыз. Ортасына жеткенше солдан оңға қарай жылжыңыз. Әрбір жіпке екі түйіннен жасауды ұмтыпаңыз.
3. Енді ең соңғы (қызыл) жіпті алып, тағы да солай жасаймыз, бұл жолың оңнан солға қарай қимылдаңыз. Әрбір жіпке екі түйін, бұл жолы 4 деген санның теріс пішіні пайда болады.
4. Сіз ортасына жеттіңіз, енді екі қызыл ортасында қалды. Оң жақтағы қызыл жіппен келесі қызыл жіпті түйіндеңіз. Фенечканың алғашқы қатары дайын болды.
5. Фенечканы бірыңғай жолмен өруді жалғастыра беріңіз. Соңғыдан ортаға қарай жылжу керек.
Бұйым дайын! Игілігіңізге жаратыңыз!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: adalin.mospsy.ru