- Негізгі бет
- Сән
- Көзілдірікті дұрыс таңдаңыз...
Көзілдірікті дұрыс таңдаңыз
Көп ұзамай-ақ, көктемнің жаңбырлы күндері өз мәресіне жетіп, сағындырған жаздың жайдарлы да шуақты күндері төрімізден орын алмақ. Шуақты күндер... Ал сіздің күннен қорғайтын көзілдірігіңіз дайын ба? Көзілдіріктерді қалай таңдау керек екендігіне басыңыз қатып жүрсе, төмендегі кеңестер сіздер үшін. Ескерте кетейік, көзілдірік таңдауға шаш қыстырғыш немесе шәліні таңдау секілді салғырт қарамаңыз.
Бүгінде күннен қорғайтын көзілдіріктерді алу аса қиын мәселе емес, қаланың кез келген дүкеніне бас сұқсаңыз, жетіп жатыр. Маңыздысы, көзілдіріктің сізді әдемі етіп көрсетіп, көзіңізді күн сәулесінен жақсы қорғайтынын дұрыс таңдау.
Ең алдымен жасалған материал мен линзаның түсін анықтап алу керек. Сонымен, әйнек дұрыс па, пластик пе?
Әйнек ультракүлгін сәулелерінен қорғайтындығына кепілдік береді, пластикке қарағанда заттарды аздап қана бұрмалап, төменірек көрсетеді. Бірақ әйнекті линзалар қауіпсіз емес: кез келген жағдайда сынып қалып, көзіңізге зиянын тигізуі мүмкін. Пластикалық линзаларға қарағанда ауырлау болып келеді әрі терлетіп жібереді. Әйнекті линзалар балаларға арналмаған.
Пластикалық линзалар әйнекке қарағанда жеңіл әрі қауіпсіз. Бірақ пластик ультракүлгін сәулелерін жіберіп қояды да, көзге зиянын тигізеді. Арнайы химиялық ингредиентке ие, зиянды сәулелерді ұстап қалатын линзалар да болады. Мұндай көзілдіріктерді көшедегі лашықтардан немесе базарлардан алмаған жөн. Сапалы пластикалық линзаларды жасауда алдыңғы орында тұрған елдер қатарында Канада, Германия және Франция бар. Заманауи пластикалық линзалардың құрамына арнайы химиялық қоспалар қосылады. Ол қоспалар көзге ешқандай зиянның тимеуін қамтамасыз етеді. Олардың екі түрі болады: А және В. Сапалы көзілдіріктердің этикеткаларында: "Blocks at least 90% UVB and 60% UVA" деген жазу болады. Әрине сандары өзгертіліп жазылуы мүмкін. Сәуледен толық қорғауды қамтамасыз ететін көзілдіріктердің өлшемі - 400 нанометр.
Линзаның сапасын өзіңіз де анықтай аласыз. Көзілдірікті киіп көріп, немесе ұстап тұрып бір затты, немесе шүберекті үстелге қойып қарап көріңіз, таңдалған заттың құрылымы аздап қана бұрмаланса, линзаның жақсы болғаны.
Көзілдірік кішкентай және көзді толық жаппайтын болса, олар күн сәулесінен нашар қорғайды.
Линзаның түсі. Мамандардың айтуынша, көзді күннің зақымынан қорғау үшін қара сұр және қара-жасыл түсті көзілдірік дұрыс. Алғашқысы айналадағы түстерді шынайы етіп көрсетсе, екіншісі ультракүлгін және инфрақызыл сәулелерлен жақсы қорғайды. Көк линзалы көзілдірікті тақсаңыз, сізге тіптен ыңғайсыз болады, олар көзді күйдіріп жіберуі де мүмкін. Жүргізушілерге сұр және қызыл қоңыр линзалы көзіліктер дұрыс. Ал көз көру қабілеті нашар адамдарға сары түсті линзаларды ұсынамыз.
Стилистер аққұбаларға жиектемесі жасыл түсті көзілдірік сатып алуға кеңес береді. Өзіңізге шамалы еркіндік берсеңіз болады, мәселен, леопардтың немесе крокадилдың терісін еске түсіретін жиектемелі көзілдірік сатып алыңыз.
Қараторыларға керісінше, күміс түстес, сұр немесе алтын түстес жиектемелер жарасады.
Ал жиреншаштыларға күлгін түсті, ашық жасыл түсті, көгілдір түсті жиектемелер дұрыс болады.
Ал ақ шаштыларға жиектеменің кез келген түсі кете береді, тек сұр және сары түстерге шек қоямыз.
Төртбұрышты бетке дөңгелек пішінді, жіңішке металды жиектемелі көзілдірікті ұсынамыз.
Тікбұрышты бетке көлемді, кеңсірікті жалғастыратын ұзын жалғастырғышы бар, қара немесе қара-қызыл қоңыр жиекті көзілдірік жарасымдырақ болады.
Үшбұрышты беттерге кеңсіріктен төменірек тағылатын, жіңішке металды жиектемеге ие сопақша пішінді, аса үлкен емес линзалы және ашық емес түсті көзілдірік сатып алыңыз дегіміз келеді. Бұл көзілдірікте кең маңдай мен ұзын иек шағынырақ болып көрінеді.
Сопақша пішінді беттерге кез келген көзілдірік жараса кетеді.
Дөңгелек пішінділерге жоғарыдағы тікбұрышты беттерге арналған көзілдіріктер бола береді, бірақ қара жиектісін таңдаңыз.
Сатып алғанда, назар аударыңыз:
- Көзідірікті сатып алғанда, еш жерінің сырылмаған болуын қадағалаңыз.
- Жиектерінің сапасына назар аударыңыз, тұтқасын олай бұлай қайта-қайта ашып тексеріңіз.
- Кеңсірік тұсының қысып тұрмайтындығына көз жеткізіңіз.
- Көзілдірікті киіп көргенде, көзіңізді ауыртып тұрған жоқ па, назар аударыңыз.
- Қала жағдайына линзаның елу пайыздай қараңғы болғанын, ал таулы және жағалаулы аймақтарға алпыс пайыздан жоғары қараңғы болғанын қадағалаңыз.
Сурет: niceworld.biz, shop.mango.com.
С. А