Алихан және Медина есімдері алдыңғы қатарды әлі бермей келеді. Шілде айында дүниеге келген 208 ұлға Алихан есімі берілсе, ал 430 қызға Медина есімі қойылды.
Алиханнан кейін Алдияр (139), Омар (138) есімдері алғашқы үштікті жабады. Ерекше есімдер қатарында Алан, Арсен және Ибраһим есімдері бар. Амир, Айсұлтан, Али және Алинұр есімдері де алғашқы ондық ішінде соңғы 1-2 жыл ішінен түспей келеді.
Алан деп жолбарыстың күшігін атайды. Бұл сөздің араб, көне славян тілдерінде де бірнеше нұсқасы бар. Ел ішінде дүние есігін жаңа ашқан сәби қайратты, жолбарыс жүректі болсын деп осы есімді береді.
Арсен сөзі Арсений сөзінен шыққан. Көне грек тілінен "арсениос" – батыл, ержүрек деген мағына береді.
Ибраһим есімі Аврахам деп те аталады. Ол – Құран Кәрімде аты аталған Пайғамбар.
Ал қыздар арасында екінші орында Айша (238) үшінші орында Айлин (234) есімдері бар. Айлин, Томирис, Асылым есімдері де кеңінен таралған. Сафия, Раяна, Айым, Амина есімдері ондыққа кіреді.
Айлин есімі негізі түрік қыздарына жиі қойылады. Мағынасы қазақ тіліндегі Айнұр есімімен келеді: айдың нұры деген мағына береді.
Айша есімі соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Айша есімінің мағынасы араб тілінен алынған гайшә, көне еврей тілінен айше ұзақ әмір сүруші, өмірге құмар, құштар дегенді білдіреді. Қазақ тілінде есімнің түрлері — Ғайша, Қайша.