Жеңілдіктер мен жаппай сатылым кезінде ұнаған киіміңді түпнұсқадағы бағасынан арзаныраққа сатып алуға мүмкіндік туады. Бірақ тауардың жеңілдетілген бағасына да 10% қосылып тұрса, әу бастағы бағасынан арзанға сатып алдық деп айта аламыз ба?
Қарапайым жеңілдіктер жарияланбайды. «Бірінші клиентім болғандықтан, сізге түсіріп бере аламын!» немесе «Сізге қатты жарасып тұр, сондықтан түсіріп берейін!» деген сөздерді жиі еститін шығарсыз. Бұл саудагердің жанашырлық танытуы емес, жай ғана жарнамалық айла. Оның басты мақсаты, сізге тауарын өткізу.
Жарнамалық жеңілдіктер барлық сатып алушылар үшін жүргізіледі. Әдетте, жарнамалық афишалар дүкендердің витриналарынан, теледидар арналарынан, басқа да БАҚ-та айқайлап тұрады. Көбіне дүкеннің ашылуына немесе жабылуына байланысты жеңілдіктер жариялануы мүмкін. Алайда, байқасаңыз, жабылады деген дүкен кейін де жақсы жұмыс істеп жатады.
Дисконттық жеңілдіктер белгілі бір дүкеннің немесе белгілі бір марканың бағаларына жасалады. Көбіне бұл карточкалар сатылады. Келесі ретте сіз тауарларды жеңілдікпен сатып аласыз. Яғни, көп тауар сатып алған сайын картаңызда жеңілдіктер саны ұлғая түспек. Дүкеннің тұрақты клиенті болады деген үмітпен жинақтаушы картаны алғаш келгенде тегін беруі де мүмкін.
Үдемелі жеңілдіктер бірнеше тауар сатып алғанда жасалады. Тауар саны көп болған сайын, бағасы да арзандайды.
Маусымдық және мерекелік жеңілдіктерді жарнамалық жеңілдіктерге жатқызуға болады, бірақ олардың мақсаты басқа. Маусымдық жеңілдіктер әдетте мезгілдің соңында болады. Жазда, тамыз айында арзандатылған бағамен су киімін сатып ала аласыз, ал қыста, ақпанда жеңілдетілген бағамен тоң ала аласыз. Сол мезгілге аса маңызсыз киімдерге сатылым көп болады. Мысалы, қыста жаздық топтамалардан киімдер арзанға сатылса, жазда қыстық киімдерге.
Мерекелік жеңілдіктер көбіне Жаңа жыл, 8 Наурыз, Ғашықтар күні сияқты мерекелерде жасалып жатады. Кейде жеңілдіктер сұранысқа ие емес тауарларға немесе размерлері жоқ тауарларға жасалады.
Айтып өткеніміздей, тауар дүкенге шығын әкелмейтіндей сатылады. Бұл, демек, түпнұсқадағы бағаға бірнеше есе баға қосылады деген сөз. Егер тіпті жеңілдік жарияланса да, дүкен бұдан ұтылмайды. Кейде дүкендер әкімшілігі мынадай қулық жасайды. Тауар келген бойда "аспандатылған" баға қояды да, ал «жеңілдік берілсін» деген бұйрық келгенде, қалыпты бағаға сата бастайды.
Жалпы жеңілдік немесе жаппай сатылым деген сөздер адамдарға сиқырлы түрде әсер етеді. Тіпті кейде өзіне керек емес заттарды арзан бағамен ала салады. Сондықтан бағаларды салыстыру немесе жағдайды парасатты түрде бағалаудан қалады. Адам жай ғана заттың арзан сатылып жатқанына бас салады.
Бір тауар сатып алсаң, қосымша тағы бір тауарды тегін береміз деген де қулық бар. Көбіне тұрмыстық заттар сататын дүкендерде осы айла көп қолданылады. Мысалы, сіз теледидар сатып аласыз. Ал сыйлыққа видео ойнатқышты аласыз. Және көбіне адам «сыйлық» деген «тегін» сөзінің синонимін естігенде қажетсіз дүниені сатып ала салады.
Жаппай сатылым кезінде, бұрында арзан тұрған бағасын ауыстырып, бірнеше есеге көбейтіп, жеңілдікпен сол бұрынғы бағасына немесе тіпті қымбатқа да сатуы мүмкін. Бұның бәрі маркетингтік амалдар.
Жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар көбіне бізді өз иіріміне елтіп, босқа ақша құртуға итермелейді. Сол себепті, қандайда бір затты жеңілдікпен сатып алмақ болсаңыз, басқа да дүкендердегі бағасын қызықтап көріңіз. Тауардың сапалылығына назар аударыңыз, бәлкім, қалаған затыңыз жасанды шығар. Тауар таңдағанда жеңілдігіне бола елтіп кетпеңіз. Өзіңізге қажет, өзіңізге жарасатын және талғамыңызға сай дүниені сатып алуға тырысыңыз.
Әрине, саналы түрде ойланып сауда жасайтын болсаңыз, біраз ақша үнемдеуге болады. Өз имиджіне жұмыс жасайтын дүкендер аз емес. Ал олар ешқашан жасанды, сапасыз дүниені сатпайды. Ал жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар олар үшін клиент тартудың бір амалы ғана.