Табақ тарта білесіз бе? II бөлім

Табақ тарта білесіз бе? II бөлім

Басы

Халқымыз қаншама қысылтаяң кезде де қонақжайлық дәстүрін бұзбаған ел. Қадірлі қонағы келгенде астындағы жалғыз атын сойып тастап, ноқта-жүгенін ұстап қала беретін мәрттік, жомарттық қазақта ғана болса керек. Соның бірі сыйлы қонақ келгенде қой сою мен табақ тарту дәстүрі.

Ұлы қаламгер М. Әуезовтың айтуына сүйенсек, сыйлы қонаққа қойдың басын тарту әлемде екі-ақ ұлтта бар екен. Бірі қазақ та, екіншісі Африкадағы әлдебір тайпа.

Мал етінің дене мүшелері мен сүйектеріне негізделе отырып, олардың қандай қонақтарға тартылатынын, сыбағасын түсіндіруді жалғастырмақпыз. 

Төре табақ – бұған қойдың он екі мүшесі толық салынады. Бас, жамбас, кәрі жілік, жаурын, екі белдеме, екі арқа, сүбе (екеу), қабырға (екеу), жұмыр, тоқ ішек, аш ішек, қарын, бір не екі сирақ салынады.  

Сый табақ – бас, жамбас, ортан жілік немесе кәрі жілік, жауырын, арқа, белдеме, қабырға, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, сүбе (бұлар жамбасқа қосылып салынатын сыбағалар). (Жылқы, қой, сиыр еті).

Құда табақ – бас, жамбас, қазы-қарта, құйрық-бауыр (жылқы, қой, сиыр еті).

Құдағи табақ – жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік (жылқы, сиыр, қой еті).

Жеңге табақ – асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын, омыртқа, қазы-қарта, құйрық, өкпе, ұлтабар.

Беташар табақ – сүбе, төс, қарын, аш ішек, құйымшақ, мойын омыртқа.

Күйеу табақ – төс, тоқпақ (тоқпаш) жілік, қабырға, омыртқа еті, жылқы қазысы, қарта, жауырын (қой еті).

Қыз табақ – құймышақ, тоқпақ (тоқпаш) жілік, бел омыртқа, құйрық, қабырға (жылқы, сиыр, қой еті).

Құрдас табақ – тоқпақ жілік, омыртқа, сүбе қабырға, құйрық.

Бала табақ – бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік.

Ал сыбаға - әдетте әр жылғы соғымнан жолы үлкен, жасы үлкен адамдар сөзсіз бір жілік жеуі. Сыбағаңды жеп кет деген сөз жолы үлкен адамдарға айтылады.

Ал әйел адамдар немере, шөбере көріп, алпысты алқымдамаса, бас тартылмайды.

Міне, осылардың ішінде әр сүйек, әр сыбағаның өзіндік ерекшеліктері болады. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: vk.com

Қ. Қауымбек