- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балаға мектептен шыққан...
Балаға мектептен шыққан соң қандай сұрақтар қойған дұрыс?
Балаға мектептен шыққаннан кейін «қалайсың?» немесе «бүгін не істедіңдер?» деген жалпылама сұрақ қойсаңыз, «жақсы», «ештеңе» деген жауап қана аласыз. Өкінішке орай, бұл ата-ана мен баланың қатынасына және жақындығына жағымсыз әсер етеді. Сондықтан бала сізбен әңгіме айтқысы келуі үшін және оның мектептегі жағдайын түсіну үшін оған мектептен кейін қандай сұрақтар қою керегін білген жөн.
Үзіліс кезінде сыныптастарыңмен не ойнадыңдар?
Бұл сұрақ арқылы балаңыздың уақытты қалай өткізетінін білесіз және оның есте сақтау қабілетін жаттықтырасыз. Сондай-ақ кім жеңгенін және қай ойын оған қаттырақ ұнағанын сұрасаңыз болады.
Қалай ойлайсың, сыныптастарыңның ішінде кім дәрігер бола алады?
Дәрігер, мұғалім, өрт сөндіруші — бұл сұраққа нақты мінез бен дағдыны қажет ететін кез келген мамандықты қоя аласыз. Бұл баламен бірге қиялдауға мүмкіндік береді және балаңыз айналасындағылардың қандай қабілеттерін жоғары бағалайтынын біле аласыз. Сондай-ақ бұл әңгімеден оның сыныптастарымен қарым-қатынасын анықтауға болады.
Мектептегі ең сүйікті жерің?
Бала бұл сұраққа сыныптың іші, дәліз, кітапхана немесе асүй деп жауап беруі мүмкін. Бірақ кейде бала мектептегі адам көп жүрмейтін және тыныш бұрыштарды таңдайды. Мысалы, сыныптары аз дәліздің бір шеті. Мұндай кезде бала не үшін дәл сол жерді ұнататынын сұрап көріңіз. Кейде бала сыныптастарынан немесе олармен болатын жанжалдан қашып, осындай жерлерде отырады.
Бүгін мектепте күлкілі жағдай болды ма?
Сабақ кезінде оны не күлдірткенін немесе не нәрсе көңілін көтергенін сұраңыз. Бұл мектепке бару оны қуантама ма, жоқ па екенін анықтауға көмектеседі. Егер бірнеше күн қатарынан бала позитивті және жағымды ешнәрсе еске түсіре алмаса, неге олай екенін анықтаған жөн.
Түскі ас кезінде сыныптастарыңмен не туралы әңгіме айттыңдар?
Бұл сұрақ арқылы балаңызды достарымен не ортақтастыратынын біле аласыз. Егер ол жалғыз және үндемей тамақ ішуді қаласа, оның себептерін анықтайтын уақыттың келгені.
Бүгін қандай жаңа нәрсе (немесе ақпарат) білдің?
Бұл сұрақты балаға аптасына бір немесе екі рет қоюға болады. Бұл арқылы балаңыз сабақты қаншалықты жақсы тыңдайтынын және есте сақтайтынын білесіз. Бірақ тек мектеп бағдарламасына негізделудің қажеті жоқ. Сыныптастарынан алған ақпарат та оның қызығушылықтары жайлы айта алады.
Мектептің қандай ережелерін білесің?
Бұл арқылы баланың мектеп тәртібі жайлы қаншалықты білетінін және ол ережелермен келісе ме, жоқ па екенін анықтайсыз. Одан «нені өзгертер едің» деп те сұрауға болады.
А. Жапатова