Балалар неліктен TikTok-қа құмар?

Балалар неліктен TikTok-қа құмар?

TikTok – әлемдегі ең танымал әлеуметтік желінің бірі. Бұл желі балаларға неліктен ұнайды? TikTok-тың балаға пайдасы бар ма?

TikTok қалай пайда болды?

2014 жылы қытайлық бағдарламашылар Алекс Чжу мен Луис Янг Musical.ly бағдарламасын жасап шығарды. Онда 15-тен 60 секундқа дейінгі музыкалық видеолар жасап, өзгелермен бөлісуге болатын еді. Бірақ Чжу мен Янг сияқты бұл бағытқа қызыққандар көп болды. 2016 жылдың қыркүйегінде қытайлық ByteDance компаниясы Douyin әлеуметтік желісін ұсынды. Сервистің функциялары ұқсас болды, бірақ Musical.ly-ден айырмашылығы – ол ҚХР нарығына бағытталды. ByteDance бір Қытайдың өзі аздық етеді деп, халықаралық нарыққа шықты. 2017 жылдың қыркүйегінде ByteDance Douyin-нің халықаралық нұсқасы, TikTok-ты жарыққа шығарды. 2017 жылдың қарашасында ByteDance Musical.ly жобасын 800 миллион АҚШ долларына сатып алып, 2018 жылдың тамызында оны TikTok-пен біріктіріп жіберді.

TikTok қандай желі?

TikTok – 15 секундтық музыкалық видеороликтер түсіріп, бөлісуге болатын әлеуметтік желі. Видеоға сай келетін музыка таңдап, ән мәтініне немесе фильм сөздеріне ілесіп орындауға болады. 

TikTok Instagram мен Snapchat-тың қоспасы іспеттес. Желіде екі лента бар: жазылымдар мен ұсынылатын видеолар. Видеоға лайк басып, пікір жазуға, өзге қолданушыларға жазылуға болады. Бағдарлама шеті жоқтай көрінетін лентаны ақтарып отыратын қолданушыны дәл Instagram сияқты жіпсіз байлап қояды. TikTok балалар мен жасөспірімдер арасында танымал.

TikTok-та баланы қалай қауіпсіздендіруге болады?

TikTok-ты жасаушылар балаларды ойлап, кішкентай қолданушылар үшін кей қорғаныс шараларын өңдеп қойған. TikTok-қа 13 жастан асқан балалар ғана ресми тіркеле алады. Әрине, басқа жас көрсету арқылы бұл ережені оңай өтуге болады. Сондықтан ата-ана тіркелу кезіндегі ақпаратты толтыру процесін бақылау керек. Сол кезде бала ештеңе өзгерте алмайды. Ал егер бала бірдеңе өзгерткісі келсе, бағдарлама командасы сәйкес құжаттарды сұрайды.

Содан соң «құпиялылықты баптау» бөліміне өтіңіз. Ол жерде балаға жеке хат жаза алатын қолданушылар ортасын шектеуге, басқаларға баламен бірге дуэт түсіруге тыйым салуға және басқа да нәрселерді өзгерте аласыз.

Ең бастысы, бала TikTok-қа тіркелгеннен бастап, онымен маңызды тұстарды талқылап алған жөн. Мысалы: қауіпті челленджерді қайталамау, жеке ақпараттарды ешкімге айтпау, біреуді мазақ етіп комментарий жазбау, ұятты нәрселер түсірмеу және қарамау, күмәнді адамдармен сөйлеспеу, кез келген түсініксіз жағдайда сізден көмек сұрау. 

Неліктен балалар TikTok-қа тәуелді?

1. Дофаминді тәуелділік. Қысқа бейнеролик қарағаннан жағымды әсерлер алғанда адам миы биологиялық белсенді заттар — дофамин бөледі. Ол біздің жағымды сезімдерімізге жауап береді. Сәйкесінше, бала тағы да қарағысы келеді. Ол жаңа видео қарайды — тағы да дофамин бөлінеді. Келесіде қажетті дофамин үлесі бөліну үшін ақпарат мөлшері артуы керек. Осылайша, ол созыла береді де, балада жылдам психологиялық және физикалық тәуелділік пайда болады.

2. «Дофаминді тұзақ». Психологтар ресми түрде «дофаминді тұзақ» терминін енгізді. Жасөсіпірмдердің ойлары үнемі келесі роликті күтумен босамайды. Олардың ойынша, келесісі алдыңғыдан да қызығырақ болады. Бала миы басқа қызмет түріне ауыса алмайды, ал айналасындағылар оны басқа іске тартуға тырысса, бала оларға наразылық білдіруі немесе тіпті, агрессия көрсетуі мүмкін.

3. Бірдеңеден құр қалудан қорқу. Бұл өмірге қанағаттанбаушылықтан болатын психика қорғанышы. Бұл кезде бала маңызды бірдеңені жіберіп аламын деп қорқады. Жасөспірім әркез желіде болуға тырысады, басқалардан лайк түріндегі мақұлдауды күтеді, ал қол астында смартфонның болмауы оған қатты жағымсыздық сыйлайды.

4. Ойлану қажеттілігінің болмауы. Ми белсенділігі энергетикалық шығындарды қажет етеді. Сабақ кезіндегі кез келген тапсырманы шешу кезінде баладан нақты күш жұмсау, ақыл-ой қорын жұмылдыру, шыдамдылық және ынталылық талап етіледі. Ал TikTok-та аса ойланудың еш қажеті жоқ, лентаны жоғары көтеру үшін саусақты қозғап отыру жеткілікті.

5. Өзін маңызды сезіну. Бала  экраннан өз түрін көріп, өзін маңызды сезінеді. Ол маңызды бір іске қатысым бар деп ойлайды.

TikTok-тың зияны

Күмәнді контент. TikTok-қа жүктелетін роликтердің көпшілігі балаға қауіп төндірмейді. Бірақ кей контенттер мен шошытатын кадрлер күтпеген реакция тудыруы мүмкін.

Челлендждер. Барлығы қандай да бір әрекетті қайталайды. Челлендждің еш зияны жоқ түрлері бар. Бірақ қауіп төндіретін түрлері де кездеседі. Мысалы, метеп оқушыларының арасында бір-бірінің мойнын қысып талдыратын челлендж тарады. Бұл адам денсаулығына қауіпті. Сол секілді баланың өсу процесін көрсететін клип түсіру челленджге айналды. Сол кезде кей жасөспірімдер «дейінгіге» қоятын суретке төлқұжаттарын пайдаланды. Бұл арқылы олар алаяқтарға ақпарат беріп қояды.

Педофилдер. Педофилдер TikTok-қа мектеп оқушысы болып тіркеліп, олармен танысатын жағдайлар көптеп кездеседі. Ересек адам баланың сеніміне оңай кіре алады. Қастық ойлаушы баланың әлсіз тұсын бірден анықтай алады. Ата-ана әлеуметтік желіде бәріне бірдей сенуге болмайтынын түсіндіру керек.

TikTok-тың пайдасы

Оны білім алудың немесе жаңа пайдалы ақпарат алудың бір жолы ретінде пайдалану. Мысалы, мұғалім Ұлан Үсенов химия пәнін TikTok-та түсінікті етіп ұсынады. Мұғалім TikTok-тағы роликтер толыққанды сабақты ауыстырмайтынын мойындайды. Дегенмен ол арқылы балалардың сабаққа деген қызығушылығын оятуға болады. Сол секілді TikTok-та ағылшын тілін оңай үйренудің жолдарын ұсынатындар көп.

Шығармашылықты дамыту. Егер балаңыздың қысқа роликтер түсіруге икемі барын байқасаңыз, оның қызығушылығын жақсы жағына пайдалануға болады. Оған жай роликтерді қарап отыра берудің орнына, автор болуын ұсыныңыз. Тек қандай роликтер түсіретінін және қандай челлендждерді қайталайтынын бақылап отырыңыз. Бастысы, TikTok-ты пайдалану ережесін түсіндіріңіз. Бұл баланың шығармашылығын дамытуға көмектеседі. Бұл жағдайда балаға роликтер түсіру ұнауы керек.Баланы қинап жүрмеңіз. сондай-ақ желі баланың шынайы өміріне кедергі келтірмеуі керек. Желіде отыру уақытын белгілеңіз.

Қорытынды

Балаға бұл қосымшаны көшіруіне және желіде тіркелуіне тыйым салуға болады. Бірақ алдын ала уайымдаудың қажеті жоқ: егер бала енді қызыға бастаса, мүлдем тыйым салмай, онымен бірге тіркеліп, не істеуге болатынын және не істеуге болмайтынын жақсылап түсіндіріңіз. Уақыт өте баланың қызғушылығы басылып, одан өз бетінше бас тартуы мүмкін. Ал егер бұл желі баланың шынайы өміріне кедергі келтіріп бастаса, шаралар қолданып, өте мұқият әрекет етіп бастау керек болады.

Пайдалы контент ұсынатын massaget.kz сайтының TikTok-тағы парақшасына жазылыңыз. 

А. Жапатова