- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Кроссовканы қалай дұрыс...
Кроссовканы қалай дұрыс жуу керек?
Заманауи адам үшін кроссовка — тек спорттық аяқ киім емес, сондай-ақ базалық гардеробтың элементі. Дизайнерлер күннен күнге кроссовкалардың стильді әрі ерекше түрлерін ұсынуда. Алайда оның қаншалықты сапалы түрін алсаңыз да, оған дұрыс күтім жасамасаңыз, ол уақыт өте әдемі сыртқы түрін жоғалта бастайды. Ендеше, кроссовкаларды қалай дұрыс жуу керек?
Барлық кроссовканы машинада жууға бола ма?
Негізі өндірушілер спорттық аяқ киімді машинада жууға кеңес бермейді. Бірақ заманауи кір жуғыш машиналардың бәрінде аяқ киімге зиян келтірмейтін жұмсақ жуатын режим бар. Дегенмен, мына жағдайларда кроссовканы машинада жумаған жөн:
- кроссовкалар жасанды былғары, күдері немесе табиғи теріден тігілген болса;
- кроссовкада жарық шағылыстыратын элементтері мен қатты поролон ендірмелері болса;
- аяқ киім тозған және оның көрінетін зақымдары болса.
Кроссовканы кір жуғыш машинада қалай жуу керек?
Егер кроссовканы қолмен жуғыңыз келмесе немесе қолмен жууға уақыт болмаса, кір жуғыш машинаны қолдануға болады. Машинаны қосарда 30-40 градустан жоғары температура таңдамаңыз. Сондай-ақ кептіру режимін қолданбаған жақсы. Машинада спорттық аяқ киімді тиімді және қауіпсіз жуу үшін мына ережелерді сақтаңыз:
- Кроссовканы машинаға салардан бұрын оның табанына жиналған ластықты тазартыңыз. Бұл ұсақ тастар мен топырақ кесектерінің барабанда тұрып қалып, машинаны құртпауы үшін керек;
- Алдын ала оның ұлтарағын шығарып, бауын босатып қойыңыз. Бұларды машинада жусаңыз, олар өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сондықтан оларды қолмен жуған дұрыс немесе бау мен ұлтарақты машинаға бөлек арнайы қапқа салып жуыңыз;
- Кір жууға арналған қаптарды қолдыныңыз. Кроссовка зақымдалмас үшін оны арнайы қапқа салған дұрыс. Оны кез келген шаруашылық дүкенінен немесе интернет-дүкендерден табуға болады;
- Машинаға кроссовкамен бірге ескі сүлгіңізді салып жіберіңіз. Бұл лайфхак кроссовканың барабанға соғылып, зақымдалуынан және соғылған кезде шығатын дыбыстардан қорғайды;
- Егер ақ кроссовка жусаңыз, кір жуғыш ұнтақ салатын жерге ағартқыш құрал құйыңыз немесе кроссовканың қатты ластанған жерлерін алдын ала тазартып алыңыз.
Машинада жуылған кроссовканы қалай кептіру керек?
Кроссовкада жаңа дақтар және жағымсыз иіс пайда болмас үшін оны жақсылап кептіру керек. Бірақ кроссовканы дәл күннің астында қалдырмау керек және оны батареяға қоюға болмайды. Әйтпесе, оның түсі кетіп қалады.
Жаңа жуылған кроссовканы газетке қойып, ішін қаттылау қағазбен толтыру ұсынылады. Қағаз артық ылғалды сорып алады және аяқ киім пішінінің өзгеріп кетуіне жол бермейді.
Кроссовканы қолмен қалай жуу керек?
Егер аяқ киімді бүлдіріп алғыңыз келмесе немесе ол машинаға жууға болмайтын кроссовка болса, жұмсақ щетка мен қатты сабын алыңыз. Кроссовканы сабынды суға салмас бұрын оның табанындағы ластықты тазартып алыңыз. Оның бауын шешіп алып, ұлтарағын шығарыңыз. Оларды бөлек жуу керек.
Жұмсақ щеткамен кроссовканың бетін жуыңыз. Егер кроссовкаға дезинфекция жасағыңыз келсе, сабынды суға бірнеше тамшы сәлбен, эвкалипт немесе шай ағашы эфир майын тамызыңыз. Олар антибактериялық қасиетке ие және жағымды иіс сыйлайды.
Кроссовка табаны әдетте сарғайып кетеді. Оны ағарту үшін тіс пастасын немесе меламин сорғышты пайдаланыңыз. Кроссовка мен ұлтарақ тазарған кезде оларды ағып тұрған судың астына шайып алыңыз. Кроссовкада сабын іздері қалмауы тиіс.
Кроссовканы қолмен жуғаннан кейін кептіру үшін ұзақ уақыт керек. Бұл процесті феннің көмегімен жылдамдатуға болады, бірақ жоғары температураны қолдану ұсынылмайды. Ең дұрысы, кроссовканың ішін газетпен немесе қағазбен толтырып, жақсы желдетілетін жерге қойып қойыңыз.
А. Жапатова