- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балаға анарды қай...
Балаға анарды қай жастан бастап беруге болады?
Анар — ең пайдалы жемістердің бірі. Ол адам ағзасына қажетті дәрумендерге, микро- және макроэлементтерге және басқа да пайдалы заттарға бай. Алайда балалар тамағы тұратын сөрелерден бұл жемісті кездестіру мүмкін емес, сондықтан көпшілік ананың ойына балаға анарды беруге бола ма деген сұрақ келеді. Ендеше, осы сұраққа жауап іздеп көрейік.
Анардың табиғи құрамы мен оның пайдалы қасиеттері бұрыннан белгілі және ресми медицинамен құпталған. Сондықтан оны рационға міндетті түрде қосу керек. Бұл жемістің құрамында барлық маңызды дәрумендер, минералды элементтер, органикалық қышқылдар және өсімдік жасұнығы бар.
Анардың пайдасы:
- Асқорыту жүйесі жұмысын жақсартады және дәретті ретке келтіреді;
- Бас миы қызметін ынталандырады және құрамындағы аминқышқылдардың арқасында есте сақтауды жақсартады;
- Гемоглабин деңгейін арттырады;
- Қантамырлар қабырғасын қатайтады;
- Жүрек бұлшықеті жұмысын жақсартады;
- Қандағы қант деңгейін қалыпқа келтіреді, сондықтан оны қант диабеті кезінде жеу рұқсат етіледі;
- Иммунитетті қатайтады.
Анар өзінің пайдалы қасиеттеріне қарамастан, ол бала ағзасына зиян келтіруі де мүмкін.
Ата-ана бірнеше маңызды ерекшелікті ескеру керек:
- Анардан дайындалған шырын органикалық қышқылдардың жоғарғы шоғырынан тұрады, сондықтан ол асқазанды тітіркендіруі мүмкін. Ол сезімтал тіс эмаліне де зиян. Сондықтан анар шырынын балаға сумен араластырып, түтікшемен ішкізу керек;
- Бұл жемістің қабығында алкалоидтар бар. Олар көп мөлшерде бала ағзасының улануына әкеледі;
- Анарды асқазан-ішек жолы органдарының аурулары (гастрит, панкреатит, асқазан немесе аш ішек жарасы) бар балаларға беруге болмайды;
- Бала ағзасы іш қатуға немесе іш өтуге бейім болса, анар жағдайды нашарлатады;
- Бүйректер ауруы кезінде анарды өте аз мөлшерде ғана беруге болады, себебі ол зәрдегі оксалат тұздарының мөлшерін арттыра алады;
- Анар аллергиялық реакция бере алады. Сондықтан тағамдық аллергияға бейім балаларға анарды абайлап беру керек. Егер анар жегеннен кейін баладан аллергия белгілерін байқасаңыз, оны бірден рационнан алып тастаңыз.
Анарды балаға қай жастан бастап беруге болады?
Педиатрлар баланы алғаш рет анармен бір жастан ерте таныстырмауды ұсынады. Балаға анарды берген кезде мыналарды ескерген жөн:
1. Бір жастағы балаға ең бірінші рет анар беру кезінде сумен араласқан жеміс шырынын пайдаланған дұрыс. Бұл кезде бір шай қасық шырын жеткілікті. Егер ешқандай аллергиялық реакция байқамасаңыз, біртіндеп бұл порцияны арттырасыз. 1-3 жастағы бала үшін анар сусынының қолайлы нормасы — тәулігіне 100 мл-ден көп емес. 3-7 жаста порция мөлшерін 250 мл-ге дейін арттыруға болады, ал 7 жастан асқан балалар күніне 350-400 мл анар сусынын іше алады.
2. Анарды дәндерімен бірге балаға 2 жастан кейін берген жөн. Кей педиатрлар, тіпті, 3 жасқа дейін күте тұруды ұсынады. 3-6 жастағы бала үшін анар жемісі етінің тәуліктік нормасы — бір анардың жартысы. 6-7 жастан асқан балалар күніне бір анарды толықтай жеуіне болады, бірақ оны аптасына екі реттен артық бермеген жөн.
3. Балаға анардың тек тәтті сұрыптарын беруге болады. Әйтпесе, қышқыл анар шырыны баланың асқазан-ішек жолына артық күш түсіреді. Анар шырынын балаға күнде беру ұсынылмайды. Оны аптасына бір рет беру жеткілікті. Егер бала ағзасы оны жақсы көтерсе, аптасына екі рет беруге болады.
4. Бала мәзіріне анар шырынын басқа да жаңа жемістермен бірге қосудың қажеті жоқ. Мәзірге бірден бірнеше жаңа өнімді қосу асқорыту жүйесіне күш түсіреді. Сондай-ақ, балада аллергиялық реакция білінсе, бұл жағдайда ата-анаға оның қай өнімге екенін анықтау қиынға соғады.
Балаға анар дәндерін жеуге бола ма?
Анар дәндерінде қандай да бір қауіпті немесе улы заттар жоқ. Алайда ол нәжістік тастардың пайда болуын шақыруы мүмкін, ал кей жағдайда аппендициттің асқынуына ықпал етеді.
Анар шырынын қалай дайындау керек?
Балаға тек табиғи анар шырынын берген жөн. Дүкенде сатылатын дайын шырындардың құрамында қант, хош иістендіргіштер, консерванттар және басқа да синтетикалық қоспалар көп. Әр ана табиғи анар шырынын өзі үйде дайындай алады. Ол үшін жемісті екіге бөліп, сыққыш арқылы оның шырынын шығару керек. Егер ешқандай сыққыш болмаса, мына әдісті қолданыңыз: анарды қабығынан тазартып, дәндерін бөліп алып, оларды елекке салыңыз. Оның үстінен ауыр бірдеңемен бассаңыз, астынан оның суы ағады. Соны бір ыдысқа құйып аласыз.
А. Жапатова