Болашақ жарыңыздан міндетті түрде сұраңыз

Болашақ жарыңыздан міндетті түрде сұраңыз

Жастар бір-бірін дұрыс танымай жатып, үйленеміз деп асығыс шешім шығарады. Содан кейін ыдыс-аяқтың сылдыры екі жасты екі жаққа ажыратып тынады. «Үйлену оңай, үй болу қиын» екенін ескеріп, қиындықты бірге жеңе алатын-жеңе алмайтынын анықтау үшін, келешек туралы көбірек сөйлесуі керек. Болашақ жарыңызға міндетті түрде мына сұрақты қойып, пікіріңіз, көзқарасыңыз сәйкес келе ме, көз жеткізіп алыңыз.

► Қандай сырды менен жасыруың мүмкін? Қандай тақырыпта менімен сөйлескің келмес еді?

► Мен туралы қауесет естігенде ең бірінщі әрекетің қандай болар еді?

► Өмірдің бар мәні тек бала ма? Арада бала болмаса қайтер едің? Ажырасып кетесің бе әлде басқа шешім қабылдайсың ба?

► Неше балаң болғанын қалайсың? (Бірі аз, бірі көп болсын деуі де мүмкін)

► Өз үйіміз болуы міндетті ме? Біраз уақыт пәтерде тұруға көзқарасың қандай?

► Жақындарың мені жақтырмаса, ұрысса, күндесе, кімнің жағында боласың? Мұндай мәселені қалай шешеміз?

► Ішерге ас, киерге киім табылмай қалса, жұмыссыз қалсақ не істейміз? Бірге тұра беруге көнер ме едің?

► Отбасы бюджетін кім басқарады? Кімнің көп ақша тапқаны маңызды ма?

► Үй шаруасы мен бала тәрбиесіне кім жауапты? Екеумізге де ортақ па?

► Болашақта мүсінім өзгеріп кетсе, көп салмақ қоссам не тым арық болсам, қалай қабылдайсың? Айықпас дертке шалдықсам ше?

► Демалысты қалай өткізгің келеді? Сен үшін демалыс деген не?

► Уақытымның көп бөлігін жұмыста өткізетін болсам немесе мүлдем жұмыс істемейтін болсам не дер едің?

► Қызғанышты қалай жеңесің? Мүлдем танымайтын адам маған көз қырын салса, не істейсің?

Адамды бір жыл, бес жыл, он жыл өтсе де, толық тани алмайсың. Ол бәрібір үйінде басқа, әріптестер ортасында басқа, достар арасында өзін мүлдем басқаша ұстауы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Алайда өмірлік көзқарасың ұқсас болса, пікірің бір-бірімен үйлесетін болса, біраз мәселені оңай шешуге болады. Ой да үнемі өзгеріп отырады. Ал бірге дамып, бірге өсу үшін де қазіргі деңгейің бір болғаны маңызды. Ең бастысы бір-бірімен кез келген мәселені талқылап, бір шешімге келу үшін, ең алдымен, дауыс көтермей, артын ұрысқа ұластырмай, тіл табыса алу, пікіріңді ашық жеткізе алу, лебіздесе, сырласа алу екі жасқа ауадай қажет.