Ақ ірімшік пен сары ірімшіктің жасалу жолы

Ақ ірімшік пен сары ірімшіктің жасалу жолы

Ірімшік – қазaқтың ұлттық сүт тағамдарының ішіндегі ежелгі, ең көп таpаған және адам ағзасы үшін аса маңызды тaғам. Ірімшіктің құрaмында адам ағзасының қызметі үшін маңызды макро-микро элементтердің барлығы бар, сондықтaн сүт тағамдары - күш-қуаттың қайнар көзі. Ірімшікті әжелеріміз қойдың, ешкінің, сиырдың сүтінен әркім өз рецебі бойынша әзірлеген. Ендеше ақ ірімшік пен сары ірімшіктің дайындалу жолын назарларыңызға ұсынамыз.

Сары ірімшік сүтті мәйекпен ұйыту арқылы жасалады. Мәйек дегенміз – туғаннан кейін екі-үш күн ішінде оттықпай тұрып сойылған қозының ұлтабары. Мұндай ұлтабарда сары уыздан басқа ештеңе де болмайды. Егер ұлтабарда уыз аз болса, сауған сары уыздан үстемелеп үстіне құяды. Мәйектің ішекпен түйіскен жерін таза жіппен шалып байлап, артығын кесіп тастайды да, оның сыртына тұз сеуіп, көлеңкеде кептіреді. Осылай бапталған мәйекті ұйытқы ретінде пайдаланады.

Қой сүтінен сары ірімшік жақсы жасалды. Сүтті түбіне май жағылған қазанға сүзіп құяды. Бір ескеретіні міндетті түрде сүт жылы (қанжылым) болуы керек. Егер тым салқын болса, онда оны жылытыңыз. Қазандағы бапталған сүтке жылы сумен жуылған мәйектің үлпершек жағы батырылады. Сонан соң қазанның қақпағын жауып, үстін бірнәрсемен тұмшалайды. 1-2 сағаттан соң сүттің ұйыған, ұйымағанын байқап, ұйыған болса бетін ашады да, қазанды ошаққа асады. Осы кезде мәйекті  сорғытып алып, көлеңке жерге ілу керк. Күткен жағдайда ол келесіге де жарай береді. Қайнағанда ірімшіктің тым бөлшектеніп кетпеуі үшін бауырдай ұйыған сүтті ортасынан шақпақтай төртке бөлген жөн. Енді қазан астына аздап от жағып, ұзақ қайнату керек. Суы суала келе сап-сары ірімшікке айналады. Суыған кезде ірімшікті сүзіп алып, өреге жайып, дегдіген соң мата дорбаға салып кептіреді. Бабында кепкен сары ірімшік ұзақ сақтауға төзімді келеді.

Ақ ірімшік сүтті айранмен іріту арқылы жасалады. 1 литрге 100 гр айран тамызу керек, қазандағы қайнап тұрған сүтке осы есеппен мөлшерлеп құяды да, бір-екі рет араластырады. Егер айраны көбірек болып кетсе, ірімшік дәмі қышқылдау тартып ойдағыдай болмайды. Ал айраны аздау болса, сүттегі ірімшікке тән құнарлы нілі азайып, ірімшік босаңдау тартады. Бірақ ірімшіктің балбырап жұмсақ болғаны да жақсы. Сондықтан айранның ащы, тұщы, аз, көп болуының түрліше әсері бар. Әркім әртүрлі қышқылдықты қалайды, сондықтан ірімшікті өзіне ұнағанынша жасап жеген жөн. Жас ірімшікті сорғытып, табаққа салғанда үстіне сары май салса дәмдене түседі. Кейде үстіне қант себуге де болады. бірақ мұны көп кешіктірмей жылы күйінде жеген дұрыс.

Ұзақ сақталатын ірімшікті қазаннан сүзіп алысымен арнайы жасалған кең ши сүзгінің үстіне қалыңдығы екі елідей етіп жаймалап, сол ши сүзгінің бір жағын үстіне қайыра жауып, салмақты нәрсемен бастырып сорғытқан дұрыс. Алда-жалда ши сүзгі болмаса, ши сүзгінің орнына басқа сүзгі істеуге де болады, алайда тек шүберектен болмасын. Себебі матада болатын ұзақ түкті ірімшік жабыстырып алады. Суы сорғып болған соң, бетін ашып тұрған жерінде тақталап кертіп, өреге жайып кептіру қажет. Құрғаған ірімшікті жылдың кез келген мезгілінде жеуге болады.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Құз-қияда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Құз-қияда"
Ең ерекше галактикалар
Ең ерекше галактикалар
Салқын душтың 5 пайдасы
Салқын душтың 5 пайдасы
Ғасырдың жұмбақ қастандығы. Джон Кеннеди өліміне қатысты 10 болжам
Ғасырдың жұмбақ қастандығы. Джон Кеннеди өліміне қатысты 10 болжам
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған Қазақстан гимназиадасы өтіп жатыр
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған Қазақстан гимназиадасы өтіп жатыр
Назарбаев университеті қай бағыттар бойынша білім береді?
Назарбаев университеті қай бағыттар бойынша білім береді?