Кілемдегі дақты кетірудің оңай жолы

Кілемдегі дақты кетірудің оңай жолы
Фото: ru.freepik.com

Үйдегі кілемге кенеттен бірдеңе төгіліп, дақ қалуы мүмкін. Үйді қанша тазаласаңыз да, мұндай дақтар бөлмені шашып көрсетеді. Кілемді қайта-қайта жууға бере алмайсыз. Оның үстіне дақты бірден кетірмесеңіз, ұзақ тұрып қалған дақтан арнайы кілем жуатын жерлер де арыла алмауы мүмкін. Сондықтан тәжірибелі үй ханшайымдары қолданатын лайфхактарды білген артық етпейді.

Қара шай немесе кофе дағы
Кейде стақанға шай немесе кофе құйып алып, оны ас үйден емес, басқа бөлмеден, әсіресе, фильм қарап отырып ішкенді жақсы көреміз. Ал стақандағы сұйықтық қандай да бір жағдаймен төгіліп кетуі әбден мүмкін. Сұйықтықтың кілемге сіңгенін күтіп отырмаңыз: әйнек сүртетін құрал мен суды 1:2 пропорцияда араластырып, оны лас жерге шашыңыз. Содан соң бетіне ақшыл түсті мақта мата (мысалы, ескі ақ футболка) жайып қойыңыз. Дақ кілемнен матаға өткенше үтіктеңіз. Бұл әдісті қара түсті дақтарды кетіруге қолдануға болады.

Шарап дағы
Шарап кілемде ұзақ тұрған сайын оны кетіру қиын болады. Сондықтан бірден іске кірісіңіз. Ең алдымен шарап тереңге сіңіп кетпес үшін оған бірден қағаз майлық немесе мата майлық басыңыз. Содан соң даққа аздап су тамызып, қайтадан қағаз майлықпен құрғатыңыз. Егер бұл әрекетіңіз дақты толықтай кетірмесе, оның бетіне толтырып тұз сеуіп тастап, оны бірнеше сағатқа қалдырыңыз. Бұл тек жаңа төгілген шарапқа арналған әдіс. Егер шарап кеуіп кеткен болса, алдымен даққа су тамызыңыз, содан кейін ғана тұз себесіз.

Сағыз
Көбі басқа дақтарға қарағанда сағызды кетіру қиын деп ойлайды. Бірақ ас үй ханшайымдары мынадай лайфхак қолданады: сағыздың үстіне мұз текшесін 5-10 минутқа қойыңыз. Суыққа сағыз қатады да, оны қатты затпен алып тастау оңайырақ болады.

Басқа да дақтар
Кілемдегі басқа дақтарды әмбебап құралмен кетіруге болады: бүріккіші бар ыдысқа ас содасы, сірке суы және ыдыс жууға арналған құралды араластырыңыз. Осы ерітіндіні даққа шашып, бірнеше минуттан соң сорғышпен тазартуға кірісіңіз.

Тағы бір әдіс – картопты пайдалану. Бірнеше картопты тазартып, үккіштен өткізіп, үстіне су құйып, 2 сағатқа қалдыру керек. Бұл уақыт ішінде картоп кілем тазартуға болатын крахмал бөледі. Сұйықтықты сүзіп, оны дақтың үстіне аздап құясыз. Содан соң оны щеткамен тазалайсыз. Кілем кепкен соң оны шаңсорғышпен сорып алу керек. Бірақ картопты тек ақшыл түсті кілемдерге қолданыңыз.

А. Жапатова