- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Баланы жетілдіру: Монтессори...
Баланы жетілдіру: Монтессори әдістемесі
Мария Монтессори – Италиядан шыққан тұңғыш әйел-дәрігер. 1896 жылы Мария (ол кезде дәрігердің көмекшісі) алғаш рет ақыл-есі жетілуі кешеуілдеген балалармен бетпе-бет келеді. Балалар бос бөлмеде ойыншықсыз, кітапсыз, ешкіммен араласпай оқшау қалады. Монтессори оларға қарапайым қораптар, қиқымдарды әкеліп береді. Ақыры балалардың алға жылжуы қуантарлық нәтиже көрсетті. Осылай Монтессори педагогикасы құрылды: балалар (ауруы да, сауы да) қоршаған ортаны ұғыну үшін оларға дамытушы орта қажет.
Монтессори жұмысы таңғалдырарлық қорытындыға келді: дамуы кешеуілдеп қалған балалар өз қатарластарын қуып жетті. 1907 жылы қаңтарда Монтессори мектебі өз жұмысын бастады. Қазір балаларды дамытудағы алдыңғы қатарлы әдістеменің біріне айналды.
Басты қағидалары:
• Маған әлемді тануға көмектес
Дамытушы ортасы – Монтессори педагогикасындағы басты элемент – ересектерді толықтай қайталауы тиіс. Баланың жетілуі «ойыншық» нәрселерге емес, нағыз шынайы заттарға ықпал етеді. Ол ыдыс, қорап, бөтелке, қиқым, моншақ, қағаз – біз күнделікті өмірде кездестіретін барлық зат. Соған сәйкес, осы нәрселермен үлкендер не істесе, балалар да соны істейді: кеседі, тігеді, моншақ құрайды, ыдыс жуады, еден сүртеді. Осы істермен шұғылдану баланы өз бетімен жүріп-тұруға тәрбиелейді, томпиған бала өз жағдайын өзі жасап, өзін өзі бағалауын қалыптастырады. Одан бөлек бала физикалық заңдылықтарды түсініп, санасына сіңіреді: судың аққыштығы, құмның сусымалылығы, әйнектің сынғыштығы. Ең бастысы – әртүрлі пішіндегі және түрлі құрылымдағы ұсақ-түйек нәрселермен ойнау баланың ұсақ мотрикасын жетілдіреді, ал моторика баланың ойлау жүйесі мен сөйлеу қабілетінің түп негізі.
• Маған еркін болуға көмектес
Егер бала жасынан барлығына тыйым салына берсе, ол еркін, тәуелсіз, шығармашылық тұлға болып өсуі қиын. Ал біз, ата-аналар, баламыздың қауіпсіздігін бірінші орынға қойғандықтан, барлық іске тыйым салып, қорғаштап, көп нәрсеге мүмкіндік бермейміз. «Ұстама – жараланасың, барма – күйесің, тиме – сындырасың» – осындай сөздерімізбен оған қорғшаған ортасын тануға еш мүмкіндік қалдырмаймыз. Балаға еркін дамуына мүмкіндік бере отырып, қалай қауіпсіздіктің қарапайым шараларын сақтауға болады? Монтессори педагогикасының пікірінше, ата-ананың міндеті қай нәрсені қалай қолдануды көрсетіп, ары қарай араласпай, барынша сырттай ғана бақылап, «еркін жүзуіне» ерік беру.
• Маған басқаларды құрметтеуге көмектес. Монтессори бойынша еркіндік пен бассыздықты шатастырмаңыз. Бұл «не қаласам, соны істеймін» емес. Бұл бостандықтың көрінісі «мен жанымда ойнап жүргендерге кедергі келтірмеймін». Демек, бала өз қызығушылығы мен шекарасын сақтай отыра, өзгелердің де шекарасын құрметтей білуі тиіс. Монтессори барлық ойыншықтан бір-бірден ұсынуы жайдан-жай емес. Бұл балаларды бір-бірімен араласуға: бірге жұмыс істеуге, орын беруге, бөлісуге, кезегін күтуге үйретеді.
Бұл әдіс сізге сәйкес келе ме?
Монтессори әдісін жақтаушылар бұл барлық балаға бірдей сәйкес келетінін айтады.
• Бұл әдіснаманың ерекше қырларының бірі балаға толықтай еркіндік беруінде. Бала өзіне қажеттісін өзі таңдайды. Бірақ бостандықтың бір «әдеті» болашақ өмірде әлдебір мәселелерге тап келтіруі ықтимал. Мысалы бала мектеп тәртіптері мен догмаларын түсінбеуі мүмкін: «Мен қазір сурет салғым келіп тұр, әдебиетті не үшін оқуым керек?!» деген секілді сұрақтар туындатады.
• Егер балаңыз тұйық әрі көпшілікпен жақсы араласа алмайтын болса, сізге басқа әдіснамаларды қарастырып көруге тура келеді. Себебі Монтессори әдісі көп жағдайда өзіндік жұмысқа бағытталған, бала одан ары тұйықталып, шекарасы тарылып қалуы ықтимал.
• Қолды-аяққа тұрмайтын, гиперактивті балаға Монтессори мектебі аса қолайлы болмауы мүмкін. Ол ырғақты, әдісті ритммен жүретін монтессори-топтарда шыдай алар ма екен. Бұл балаларға «өзгелерге кедергі келтірмеу» деген ең басты қағиданы орындау қиынға соғады.
@. @assel_assanova