Балаңыз көзілдірік кие ме?

Балаңыз көзілдірік кие ме?
Фото: zhasorken.kz

Көз — адамның ең үлкен керемет сыйы. Көз арқылы бәрін тануға болады. Сондықтан көзді сақтау, көздің нұрына зиянын тигізбеу маңызды. Алайда бүгінде көзілдірік киетін балақайлар саны көп. Мұның себебін білгіңіз келсе, төменге түсіп танысып шығыңыз.

Ата-анасының көру қабілеті керемет болғанымен, бірақ олардан туған баланың көру қабілеті нашар әрі көзілдірікке тәуелді. Ал, кейбірі тумысынан көздері нашар көреді. Енді бірі гигиенаны дұрыс сақтамағаннан көру қабілеті нашарлайды. Сондықтан баланың көру қабілетін жақсарту үшін ана жүкті кезінде күтімде болу керек. Қажетті дәрумендерді қабылдап, уақытылы тексеруден өтіп тұруы қажет. Сонымен қатар компьютер,  ұялы телефон секілді көзге зиянды техникалардан бойын алыс ұстағаны жөн. Мамандар жүкті ананың көңіл-күйі де баланың мүшелерінің дұрыс жетілуіне септігін тигізеді дейді. Баланы туған кезде арнайы көз дәрігеріне тексерту қажет. Оның көзінің нашарлығын білсеңіз, емделуді ертерек бастаңыз. Көздің негізгі емі — көзілдірік. Дәрігердің нұсқауымен көзілдірікті алып, үнемі киіп жүруін қадағалаңыз. Одан бөлек, көзге арналған жаттығулар жасатып, арнайы аппаратпен емделуге жазылыңыздар.

Балаңыздың теледидар көру уақытын, кітап оқитын бөлменің жарығын да бақылауда ұстаңыз. Теледидарды белгілі бір қашықтықта отырып көру керектігін ескертіңіз. Ал кітапты шалқасынан жатып оқымауға, жарық көп түсетін жерде отыруға үндеңіз. Себебі, көздің нашарлауына осылар да негізгі себептің бірі. Сонымен қатар ұялы телефоннан балаңызды сақтаңыз. Қазіргі таңда балабақша жасындағы балалардың өзі ұялы телефоннан мультфилм көріп, түрлі ойындарды ойнауға құмартып тұрады. Баланың көңіліне қарап телефонды оның қолына ұстата салмаңыз. Баланың болашағын ойлаңыз.

Балаңыз көзілдірік киюден бас тартса...

Балалардың көпшілігі осылай жасайды. Себебі, балалар арасында олардың тілімен айтқанда "достарына мазақ" болғысы келмейді. Ондай кезде балаңызбен ашылып сөйлесіп, ұрыспай ақылмен жөнге келтіріңіз. Жай сөзбен оған түсіндіріңіз. Бір-екі жыл көзілдірік киюден ұялмау керектігін білдіріңіз. Мысал келтіріп те балаға ұқтыруға болады. Мысалы, өздеріңіздің әулеттеріңізден (атасы, әжесі, тәтесі және т.б) көзілдірік киетіндерін мысалға алыңыз. Егер көзінде қандай да бір ақау болатын болса, оны жас кезінде емдеу керектігін, есейгенде ешқандай да көзілдірік кимейтінін айту керек. Сонымен қатар:

• Көзілдірік киетін кейіпкері бар мультфилм немесе фильм көрсетіңіз;

• Көзілдірік киіп ойнайтын ойындарды көбірек ойнатыңыз;

• Көзілдірік киетін ойыншықтар сатып алыңыз;

• Айына бір рет міндетті түрде көз дәрігеріне тексертіп тұрыңыз.

Н. Үсенова