Балаңыз аға не әпке болғанда...

Балаңыз аға не әпке болғанда...
Фото: Ернар Алмабек

Отбасына тағы бір сәби келген кезде ата-анасына қуаныш, ал оның бауырлары үшін уайым. Себебі бұрын барлығын жалғыз өзі иемденіп келген бала енді меншігін түгелдей бөлісуі керек болады. Ойыншықтары, киімдері, көпшіліктің назары, тіпті ата-анасының махаббаты да бөліске түседі. Сөйте тұра сіз барлық балаңызды теңдей жақсы көретініңізді әлі толық есін білмейтін балаға қалай ұқтыруға болады? Ол енді қызғанышы оянып, көбірек назарын маған аударса деп түрлі қулық ойлап тауып, қиғылық шығаруы ғажап емес.

Үнемі көмек сұрайды

Балалар ата-анасы кімге көбірек көңіл бөлгенін іштей жақсы сезеді. Тіпті жаңа туған нәрестенің қамымен қолыңыз босамай жатса да, үлкен балаңызбен байланысты үзбеңіз. Қолыңыз босай сала үлкенін қолға көтеріп, оның ішкі сезімдерін, бар ойын бөлісіңіз. Не айтса да оның деңгейіне түсіп, көзіне қарай отырып, мұқият тыңдаңыз. Егер мүлде мүмкіндік болмай бара жатса, нәрестенің киімін ауыстыра салып онымен сөйлесетініңізді айтыңыз, сонда ол күтеді. Бұл ісі үшін мақтап та қойыңыз. Кішкентайыңыздың киімін ауыстыруға үйдегі басқа кісілерден көмек сұрасаңыз да болады, сонда үлкеніне көбірек уақыт бөле аласыз. Егер бір баланың бетінен сүйсеңіз, дереу екіншісін де тізеңізге отырғызып, дайындай беріңіз. Бірін еркелетсеңіз, екіншісін де қалдырмаңыз.

Баланы емізуге қарсылығы

Егер омырау сүтіңіз жеткілікті болса, үлкеніңізді де кезектеп емізсеңіз болады. Бастапқы бір-екі айда кіші балаңыз сүтін тауысып іше алмауы мүмкін, уақыт өте келе үлкеніне «сен енді үлкен болдың, бөпе ішсін» десеңіз қойып кетеді. Бұл әрекет екі бауырдың бір-біріне жанашыр, бауырмал болуына да сеп болады. Ал егер қаламасаңыз, баланы емізер алдында үлкеніне көп көңіл бөліп, тамақтандырып, бірге ойнаңыз. Одан кейін қызықты ойын ойлап тауып, ары қарай өзі ойнай тұруын өтініңіз. Осы уақытта ол алданып отырғанда нәрестеңізді емізіп алуға мүмкіндік туады. Не болмаса ол еміп жатқанда үлкеніңіз де ішетін сүт әзірлеп қойыңыз. «Қазір, сәл күте тұр, бөпені тамақтандырып жатқызып алайық, ол тез ұйықтап қалады, содан кейін екеуміз сенің сүйікті бананыңды жейміз» деген сияқты сөздермен жұбатыңыз.

Дәстүрді бұзбаңыз

Бала өзіне бұрынғыдай көп көңіл бөлінбегенін сезсе, сендер мені ренжітесіңдер, мен де сендерді ренжітемін, сенің жасаған тамағыңды ішпеймін деп қиғылық салуы мүмкін.

Үлкеніңізді балабақшаға не бала күтушіге берсем, оған да, маған да жеңіл болады дегенді ойыңызға алмаңыз. Бұл баланың реніші мен қызғанышын өршіте түседі. Егер баланың даусынан әлдебір реніщті байқасаңыз, өз әрекеттеріңізді ойға алып, қай ісіңізге ренжуі мүмкін екенін еске түсіріңіз. Оның алдында кішірейіп кешірім сұраудан именбеңіз. Бірақ «сенің қалауыңды орындар едім, бауырыңды тамақтандыру/киіндіру/жуындыру керек болды» дегенді айтып, отқа май құймаңыз. Өтінішін орындамауыңызға кішкентайыңыз себеп болғанын еш білмеуі керек. Ол мұны «сенің қызығушылығыңа емес, кішкентай сүйікті баламның қызығушылығына көбірек алаңдаймын» деп түсінеді. Өрескел қателік жібермеңіз: үлкен баланың бөлмесін не төсегін кішкентай балаға бермеңіз, әрқайсысына жеке сатып алыңыз. Үлкеніңіз бұрын ертегі тыңдап ұйықтайтын болса, осы дәстүрді міндетті түрде сақтауға тырысыңыз не кейін мүмкіндігіңіз келмей қалатын істерді екінші бала өмірге келмей тұрып тоқтатыңыз.

Өзгеріс

Үйге тағы бір нәресте келген кезде үлкені қызғаныштан өзін де сол кішісі сияқты ұстауы мүмкін. Мысалы емізік сұрау не горшокке отырмау. Оған да кішкентай болуға мүмкіндік беріңіз. Әрекеттеріне ашуланып, ұрыспаңыз. Уақыт өте келе өзінің де бауырына деген махаббаты ұлғайып, теріс әрекеттерін қояды. Соған дейін шыдаңыз, оған көмектесіңіз. Нәресте қолынан түк келмегіндіктен, үлкендер ол үшін барлығын істеп беру керек екенін, өзі де кішкентай кезінде оны жуындырып, киіндіргеніңізді айтыңыз. Оның үлкендігін, қолынан біраз нәрсе келетінін есіне салыңыз. «Қарашы, үлкенім қандай ақылды, өзі горшокке отырды, ал кішкентайдың жөргегін сәт сайын ауыстыру керек» деп мақтап қойыңыз, бірақ екеуін үнемі салыстырып, бәсекелестірудің қажеті жоқ, жай ғана нәрестенің қолынан көп нәрсе келмейтінін ұқтырсаңыз жеткілікті.

Нәрестемен қарым-қатынасы

Үлкендер кішісін бірде құшақтап, сүйіп, ойнатып жатса, енді бірде ата-анасының көзін ала бере ұрып жіберуі, ұрсуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай, себебі оның ішкі сезімдері арпалысқа түсіп жатады, бауырын бірде жақсы көрсе, енді бірде қызғанышы есіне түсіп кетеді. Тіпті сізге «Оны қайта апарып таста», «Біреуге беріп жіберейік» деген сияқты сөздерді де айтуы мүмкін, оған таңғалып не шошымаңыз. Оған «жақындама», «тиіспе» деген сөздерді айтпаңыз. Кішісін үлкеніңізге сеніп тапсырыңыз. Құшақтап, махаббатын сездіруіне мүмкіндік беріңіз. Сезімін білдірудің қауіпсіз түрлері де бар екенін үйретіңіз: ауамен сүйіп жіберуге, қолымен қытықтауға, аяғынан сүюге болады. Сәбиге қай шұлықты кигізетініңізді үлкеніңіз таңдасын не оған ұйықтарда ақырын ән айтып беруін сұраңыз. Ол өзін сізге масыл ретінде сезінбей, қолқанат екенін ұғынсын. Ойындары қауіпті көрінсе, нәрестенің қолынан ұстап, үлкеніңізді басқамен алаңдатыңыз, үнемі «болмайды» деп тыйым сала бермеңіз.

Нәрестеге мейірімін төгіп жатса, үлкеніңізді мадақтап қойыңыз. Әр уақыт сайын кішкентайдың атынан үлкеніңізге сыйлық дайындаңыз. Ол қымбат нәрсе болмаса да, алма, киндер ойыншығы болса жарайды. Жанына сәбидің атынан хат жазыңыз: «кеше әдемі шұлық таңдап бергеніңе рақмет», «айтқан әнің маған ұнады» деген секілді жазуларды көргенде балаңыз қалай қуанатынын көрсеңіз... Бұл әдісті сәбиді алғаш үйге әкелген сәттен бастап қолдансаңыз да болады, баланың жақсы көретін сыйлығын алып, «бұл саған бауырыңның жасаған сыйы» десеңіз, баланың бойында бірден бауырмалдық сезімі оянады.

 Үлкеніңізді «құлыншағым» деп еркелетсеңіз, екіншісін «қошақаным» деңіз, (екеуін де «құлыншағым» деп)
  үлкеніңізге айтқан «тәтті сөзді» кішісіне де айтсаңыз, бұл да қызғанышқа бір себеп.

Екі не үш баланы бірдей өсіріп-жетілдіру оңай емес. Үлкеніңіз жылауық, тынымсыз боп кетсе, оған ашуланбаңыз, барынша шыдамдылық танытыңыз. Неге мұндай әрекетке барғанын ойлаңыз, қай ісіңізге бола қызғанғанын еске түсіріңіз. Үлкеніңізге қалай туғанын, оның қандай тәтті бала болғанын, кішкентай кезінде қандай қызық қылықтары болғанын айтып беріңіз. Бәрі жақсы болады.

@. @assel_assanova