- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Ас содасының пайдасы...
Ас содасының пайдасы мен зияны
Кішкене күнімізден қорабы мен түр сипаты өзгермейтін ас содасын XVIII ғасырдың соңында француз химигі Леблан ойлап тапқан. Содан бері бұл өнім көптеген қолданысқа жарап келеді. Бүгінде ас содасын химиялық, жеңіл, тоқыма, медициналық өнеркәсіпте, тіпті металлургияда да пайдаланады.
Үй шаруасында ас содасы көбіне аспаздықта және дәрі-дәрмек ретінде қолданылады. Ас үйде сода түрлі бәліштер пісіру үшін қопсытқыштың орнына жүреді. Сонымен қатар, сусындар дайындау үшін, еттің дәмін шығарып, тез дайындау үшін және де ыдыс-аяқ жуу үшін пайдаланады.
Ем-дом ретінде соданы:
- Жөтелді жеңілдету үшін: ас содасы қақырық түсіруге көмектеседі;
- Тамақ ауырғанда шаю үшін: бактерия өлтіргіш және суық тиюді басу үшін;
- Жүрек қатты соғып кеткенде (кішкене соданың сұйық ерітіндісі жүрек соғуын тыныштандыруға көмектеседі);
- Гипертония кезінде (ағзадан суды шығарып, қан қысымын төмендетеді);
- Ағзаның көп мөлшерде судан арылуында: іш өткенде, құсу кезінде сода-тұз сұйық ерітіндісін араластырып береді;
- Жәндік шағып алғандағы қышуды тоқтату үшін;
- Ішектерді тазарту үшін (соданың сұйық ерітіндісімен клизма);
- Суық тигенде (соданың сұйық ерітіндісімен ингаляция жасау);
- Конъюнктивит кезінде (кішкене сода қосылған сұйықтықпен көзді сүрту);
- Аяқтың таз ауруы кезінде (кішкене сода қосылған сұйықтықпен ауырған жерді таңу);
- Тіс тазалау үшін;
- Шынтақ, өкше терілерінің қабыршақтануын жібіту үшін (сода қосылған жылы суға салу)
- Асқазанның қыжылы кезінде (асқазандағы тұз қышқылын басады).
Алайда ас содасын пайдаланғанда оның әкелер мол пайдасы мен зияны да бар екенін ұмытпаған жөн. Ұнтақ түріндегі содада сұйық түріне қарағанда сілтілік қасиеті көп. Ұзақ уақыт терімен байланыста болса, тері тітіркенуі мүмкін, ал құрғақ сода көзге тисе немесе иіскеген болса – күйіп кетеді. Сондықтан ұнтақпен ұзақ уақыт жұмыс істейтін болсаңыз, респиратор пайдаланған жөн, ал егер көзге түскен болса бірден мұқият жуыңыз.
Соңғы кездері дәрігерлер асқазан қыжылы кезінде сода араластырып, сұйықтық іше бермеуге кеңес береді, өйткені бұл да жанама әсер етуі мүмкін. Бұл өз кезегінде «қышқыл рикошет» деген атау алып, біріншіден көмірқышқыл газын көп бөліп, асқазанның кебуіне әкеледі, ал екіншіден, асқазанда одан бетер қышқыл пайда болуына ықпал етеді.
Бұдан шығатын қорытынды, ас содасының қасиетін жақсы біліп, пайдалана алатын адамға зиянынан гөрі, пайдасы көбірек тиеді.
А. Оралқызы