Әке істеуі тиіс 5 нәрсе

Әке істеуі тиіс 5 нәрсе
Фото: pixabay.com

Кей қарапайым ережелер сізге және балаларыңызға көп қуаныш пен жайлылық сыйлайды.

1. Әке бала тәрбиесіне қатысуы керек

Әке қандай да бір нақты уақытты өз балаларымен бірге өткізуге арнау керек. Ол сіз барлығын тастап, жұмысты қоя тұрып, мүлдем футбол қарауға болмайды деген сөз емес. Бірақ уақытыңыздың қандай да бір бөлігінде шынымен де балаңызбен бірге болуыңыз тиіс. Сіз үйде бар болуыңыз мүмкін. Бірақ компьютерде жұмыс істеп отырғанда, теледидар қарап отырғанда, айналаңызда балаларыңыз жүгіріп жүрген уақыт баламен бірге болған болып есептелмейді. Себебі бала сізге келіп бірдеңе айтса, сіз оны естімеуіңіз мүмкін немесе естісеңіз де өтінішін кейінге қалдырасыз. Алайда балаға уақыт арнаудың маңызы зор екенін ұмытпаңыз. Уақытым жоқ дей салмай, "қазір сенімен ойнай алмаймын, мына бағдарламаны көріп отырмын" деңіз. Бірақ, қолыңыз босаған бойда, міндетті түрде балаға уақыт бөліңіз. Оған шынымен де не қызық, сол нәрсені бірге жасаңыз. Онымен қызықты бірдеңе ойлап табыңыз немесе күнделікті қарапайым әрекетті бірге жасаңыз. Ол аулаға шығып, турникке тартылу, дүкенге барып келу болуы мүмкін. Өзіңізге бала кезде не қызық болғанын еске түсіріңіз. Мысалы, көлігіңізді тексеру керек болса, балаңызды қасыңызға шықырып, тежеуішті басуын, кілтті ұстай тұруын сұраңыз. Мұндай кездер баланың есінде қалып қояды және өзін маңызды, керекті етіп сезінуге көмектеседі.

2. Әке әйеліне қамқор болуы керек

Бала ата-анасының арасында не болып жатырғанын көріп жүреді және сезеді. Бір-бірлеріңізбен қалай сөйлескеніңізді, оны құшақтағаныңызды, дәмді тамағы үшін алғыс айтқаныңызды және әзілдескендеріңізді көріп жүреді. Сіздің әйеліңізге қатынасыңыз баланың өмір бойы ойында қалып қояды. Олар сол үлгіні болашақта өздерінің қатынастарында қолданатын болады.

3. Әке адал болуы керек

Балаға уәде беріп, оны ұмытып кететін кездер жиі болады. "Келіспей қалды", "қолым тимей жүр", "баршы, артынан..." деген сөздерден кейін бала әкені сенімді адам деп санамайды. Балаға бірдеңені уәде етпес бұрын оны орындай аласыз ба, ол мүмкін нәрсе ме екендігіне ойланыңыз. Бірақ өмірдегі түрлі жағдайларға байланысты уәде орындалмай қалуы мүмкін. Мысалы, жексенбі күні хайуанаттар бағына апаруды уәде еткенсіз, бірақ ол күні жаңбыр жауғандықтан, уәде орындалмады. Балаға дұрыстап себебін түсіндіріңіз, "артынан барамыз" дей салмай, нақты күнін белгілеңіз. Ал бала сіз үшін қолжетімсіз, мүмкін емес нәрсені сұраса, "уәде бере алмаймын" деп шындықты айтыңыз. Қызыңыздың велосипедінің доңғалағын үріп беремін деп, жұмыста кідіріп қалсаңыз, оған уәденіңізді қазір орындай алмайтындығыңызды айтып, себебін түсіндіріңіз. Баламен барынша адал болуға, шындықты айтуға тырысыңыз. Кез келген жағдайда "қолым тимейді" деудің орнына қандай да бір себебін айтыңыз.

4. Әке балаларына өз махаббатын білдіруі керек

Кез келген әке баласын жақсы көреді, бірақ барлығы бірдей оны білдірмейді. Әр әке балаға махаббатын өзінше білдіреді. "Жылы шұлық ки", "белбеуіңді тақ", "бауыңды байла" және т.б секілді сөздер айту арқылы да сезімін білдіретін әкелер бар. Алайда әке баласына "қызым, қандай әдемісің, мен сені жақсы көремін", "ұлым, мен сенімен мақтанамын", "мен саған сенемін" деген сөздерді жиі айтып, құшақтап тұрған жөн. Иә, ер адамның өз сезімін білдіруі біртүрлі көрінеді деп ойлайтындар да бар. Бірақ тәжірибе мұндай сәттер баланың есінде қалып қоятынын дәлелдеп отыр.

5. Әке баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек

Әкенің маңызды функцияларының бірі – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Оған физикалық, моральдық және қаржылық қауіпсіздік кіреді. Бала сіздің оны біреулерден қорғай алатындығыңызға, көмектесетіндігіңізге, отбасыны асырайтындығыңызға сенімді болады. Сіздің айтқан сөзіңізге мұқият болады. Балаға "жолды кесіп өту – қауіпті", "биіктен секіру – қауіпті" деген секілді сөздерді айтсаңыз, ол сізге сеніп, айтқаныңызды ұғып алады. Бірақ, өз беделіңізді теріс пайдаланбаңыз. Ерінгеннен немесе басқа да себептермен балаға "ол қауіпті" деп айта салуды әдетке айналдырмаңыз. Бала мен әке арасында өте сенімді қатынас болса, бала өзі кездескен қиындықты (мысалы, мектепте топ баланың жабылуын) ұялмай, ашық айта алады.

А. Жапатова