Оқушыларға қандай кеселдер үйір?

Оқушыларға қандай кеселдер үйір?
Фото: Егемен Қазақстан

Әне-міне дегенше кезекті оқу жылы да басталды. Ал оқу жылы дегеніңіз білім үйрену ғана емес, оның жақсы жағымен қатар адам денсаулығына кері әсер ететін жақтары да бар. Әрине, тиісті дәрежеде қамқорлық жасалмаса осындай болады. Мамандардың пікірінше, кей балада жоғары сыныптарға өткенше кемінде 3 созылмалы ауру пайда болады екен. Ал оған алып баратын себептер аз емес.

Біріншіден, ағзаға артық салмақтың шамадан тыс жүктелуі. Оның үстіне қимыл-қозғалыс азая түседі. Бұдан баланың дене сымбаты бұзылады, көз көруі нашарлайды. Сабақ кестесі ауыр, жылдан-жылға жаңа бағдарламалар енгізіліп жатыр, соның бәріне үлгеру керек. Мысалы, жоғары сынып оқушысының жүк­темесі күніне 12-15 сағатқа дейін қамтиды. Бала бір мезгіл сергіп, серуендеп, құрбы-досымен араласып-құраласудың орнына үнемі сабақ оқумен, үлгерім мәселесін уайымдаумен болады. Ол толыққанды ұйықтай да алмайды.

Ал ғылыми негізделген жайлар­ға мән берер болсақ, бекітілген санитарлық ережеге сәйкес, 5-сынып оқушысы 5 күндік оқу аптасында 28 сабақтан артық оқымауы тиіс. 6-сыныпта – 29 сабақ. 5-6-сынып оқушылары үшін үй тапсырмасымен айналысу уақыты 2-3 сағаттан аспауы керек. Ұйқы уақытын 9-10 сағатқа дейін қамтығаны – қалыпты. Ал таза ауада кемінде 3 сағат серуендеп, ойнағаны дұрыс. Әйтпесе олардың сабақ оқу кезіндегі статикалық, психикалық, эмоциялық салмақтарды көтеруі қиын. Олар жайбарақат отырып сабақ тыңдай алмайды, бірдеңені түсініп, есте сақтауы қиындай береді. Ұйқысы кем, серуенге аз уақыт жұмсайтындықтан иммунитеті төмендеп, тез ауыратын болады.

Бүгінде мектеп оқушыларында көз кемістігі көп. Жоғарыда аталған жайлар бұған тікелей себепкер. Сондай-ақ гастрит те олардың арасында жиі кездеседі. Артық салмақ кесірінен және дұрыс тамақтанбағандықтан оның алғашқы белгілері білінеді. Кейін ол асқынады. Бұл көбіне орта және жоғары сынып кезінде күшейеді.

Бүгінде ғалымдар балаға психикалық, эмоциялық, физикалық артық күш түсуі уақтылы және дұрыс тамақтанбаумен қосылып, ішектің қатты тітіркенуіне себеп болатынын анықтап отыр. Яғни ұйқы безі, одан асқазан мен ішектің кілегей қабаты тітіркеніп, қан айналымы бұзылады екен. Осыдан эрозивті гастрит туындайды.

Ал көз ауруларының пайда болып, асқынуына оған көп салмақ түсуі, күң­гірт жарықта оқу, компьютерде дұрыс отырмау, көлік ішінде оқу сияқты жайлар әсер етеді. Сондықтан балаға оқып-жазу кезінде, компьютер қолданғанда қалай отыру керегін үйреткен абзал. Әсіресе денені дұрыс ұстап отыру аса маңызды, ол адамның тез шаршамауын қамтамасыз етеді.

Ал дене сымбаты дұрыс болмаса, омыртқа қисайса, онда баланың тыныс алуы бұзылады. Қан айналымы нашарлайды. Ағзадағы қышқылдану процесі төмендейді. Ол сабақ оқыса да, жаттығу жасаса да, физикалық арзымайтын салмақ түссе де тез шаршағыш болады. Дене сымбатының бұзылуы остеохондроз, көз ауруларына да себеп. Денесі қисық, басы, иығы салбырап жүретін баланың көңіл-күйі де пәс, ондайлар­ға тиісушілер үйір болады.

Есіңізде болсын, ағзасына артық салмақ түсетін бала  жиі суықтайды, жылына кемінде 4 рет. Егер балаңыздан мұны аңғарсаңыз, онда мынадай тәртіпті есте ұстаңыз: Баланы қосымша сабақ, жарыстардан кемінде 1 ай ажырата тұрыңыз. Оның күніне 3–3,5 сағат серуендеуіне жағдай жасаңыз. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларына сыр­қат­тан емделгеннен кейін күндіз 1 сағаттай ұйықтап тұруына жағдай жасау керек. Бұл 4-6 аптаға дейін жалғасуы тиіс. Мұғалім­деріне айтып, дене шынықтыру сабағынан, спорттық жарыстардан, туристік сапардан 1-2 аптаға босатып алыңыз. Жалпы, жиі ауыратын балалар әрбір сырқаттанған сайын біраз уақыт жеңілдетілген тәртіппен оқытылғаны абзал.

 zamana.kz

Ө. Сансызбай