Кішкентай өтірікшіні жазалау қажет пе?

Кішкентай өтірікшіні жазалау қажет пе?
Фото: pixabay.com

Өтірік айту – жаман, адал болу – жақсы. Ата-аналар, мұғалімдер, кітаптар, мультфильмдер және ертегілер балаларды осылай үйретеді. Алайда бір күні әр ересек баласының аузынан белгілі бір өтірікті естиді. Барлық өтірік зиян ба және ол үшін баланы жазалау керек пе?

Балалар үшін әзірге шынайылық пен жалғанның арасында шекара жоқ. Сондықтан олар түрлі себептерге байланысты өтірік айтуы мүмкін.

1. Өзін-өзі төмендете бағалау. Көптеген ересектерге балалардың бағалайтын нәрсесі түсініксіз болып келеді. Бала достарының арасында өзінің беделін көрсететін нәрсені ойдан шығара салуы мүмкін. Мысалы, мектепке келе жатып, атақты әншіні көргенін айту, көршісінің жиырма күшігі бар екенін немесе оны былтыр жылан шағып алғанын айту. Мұндай өтірік айту зиянсыз, бірақ егер шындық ашылса, бала құрметтің орнына күлкі астында қалады. Мұндай кезде ата-ана баланың өзіне деген сенімсіздігіне мән беру керек. Бақылап көріңіз. Бәлкім, бала осылай өтірік айту арқылы достарының барлығында бар, бірақ өзінде жоқ қандай да бір сәнді ойыншықтың орнын толтыру үшін айтуы мүмкін. Балаға материалдық бағалыққа тәуелсіз болатын сүйеніш нүктесін табуға көмектесіңіз. Мысалы, балаға құрдастарының арасында жаңа гаджетке қарағанда спортта, сурет салуда немесе ән айтуда жеткен табыстары көбірек құрмет әкеледі.

2. Үлкендерге еліктеу. «Баланың көзінше бірде-бір рет алдап көрмеппін» дейтін ата-ана өте сирек кездеседі. Ересектердің көпшілігіне өздерінің ата-аналарының анық өтірік айтып тұрғанын байқағандарын еске түсіру қиынға түспейді. Тіпті, кейбіреулері ата-анасы өтірік айтуын өздері сұрағандарын да біледі. Бала олар алдаса, маған да болады деп ойлайды. Оның бір ғана шешімі бар: баланың көзінше өтірік айтпау. Бұл ережеден аз ғана ауытқудың өзі балаға өзінің кез келген өтірігін ақтауға мүмкіндік береді. Сіз орынды себеппен өтірік айтуға мәжбүр болдым десеңіз де, ол жағдайды түземейді. Өкінішке орай, шынайы өмір шартында барлығы бір-бірімен адал болатын мінсіз жағдай жоқ десе де болады. Адам болғасын өтірік айтуды жеңіл жол ретінде таңдаймыз. Егер баланың көзінше, өтірік айтуға мәжбүр болсаңыз, содан соң онымен міндетті түрде сөйлесіңіз. Ол сіздің өтірікті жаман әрекет деп қабылдайтыныңызды білу керек. Оған дұрыс емес жасағаныңызды мойындаудан қорықпаңыз, ол сіздің беделіңізді түсірмейді, керісінше, бекітеді. Қателікті мойындаудың үлгісін көрсетіңіз. Қателікті түзеудің жолдарын үйретіңіз. Егер өз кезегінде, бала өтірік айтқанын мойындаса, бірден ұрыспаңыз. Оған өзіңіз үйреткеніңізді ұмытпаңыз. Оның мойындауын сабырлылықпен қабылдап, себебін анықтап, түзеудің жолдарын көрсетіңіз.

3. Сенбеушілік. Егер ата-ана сөзінде тұрмаса, баланың құпиясын сақтау керек деп ойламаса, оған қымбат нәрсеге күлсе, ол тұйықталып, барлық күшімен өз шекарасын қорғауға тырысады. Содан соң көп жағдайда өтірік айтуға жүгінеді. Мысалы, бала оқығанды жақсы көреді, бірақ ата-анасы баланың еркінен тыс спорт үйірмесіне берсе, ол сабақтан соң жаттығуға баратынын айтып, оның орнына тыныш жерде отырып, кітап оқуы мүмкін. Мұндай өтіріктің артында не тұр – жаман ниет пе әлде күшсіздік пе? Бала тікелей қарсылық білдіре алмағандықтан, осындай өтірік айтып, айналып өту жолын таңдайды. Бұл кезде баланың ойын тыңдап, қысымыңызды төмендеткен жөн.

4. Жазадан қашуға ұмтылу. Балалар өтірігінің ең кең таралған себебі – жазалы болу қорқынышы. Бала дұрыс емес әрекет еткенін түсініп, қазір оны не күтіп тұрғанын біледі. Балалар мына байланысты жылдам игеріп алады: «сындырдың-мойындадың-жазалады». Бірақ олардың түсінігінде «егер жазаламасын десең, бүлдірме» деген айқын шешім арасында байланыс жоқ. Балалар жиі өтірікті таңдайды, себебі егер ересек адам бірдеңе бүлінгенін білмесе, жазаламайды. Алдымен отбасы ішіндегі қатынасты жөндеген жөн. Көп жағдайда егер отбасы ішінде сенімді қатынас болса, бала мойындаудан қорықпайды. Өтірік айту жағдайын зейінсіз қалдырмаңыз. Егер бала бірдеңені сындырғанын тіптен, мойындамай қойса және айқын нәрсені жоққа шығарса, бұл жай өтірік емес, өзін-өзі қорғау. Сондықтан, тәрбиелеу принциптерін, әсіресе, жазалауды қайта ойластырыңыз. Жаңа ереже ойлап табыңыз: балаға бірден айқайламаңыз, оны мазақтамаңыз, ұятқа немесе күлкіге қалдырмаңыз. Жаза ретінде өзінің бұзған затын қалпына келтіруді тапсырыңыз. Мысалы, сынған ыдысты өзі жинасын немесе жыртылған қағазды өзі желімдесін. Сол арқылы заттарға жауапкершілікпен қарап, жазадан қорықпайтын болады.

5. Отбасы мүшелерінің көңілінен шығуға тырысу. Егер ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік болса, бала олардың қатынасының тұтқынына айналады. Мысалы, жиі ұрсысатын жұптың баласы екеуін де бірдей жақсы көреді. Ол әкесімен де, анасымен де жақсы қатынаста болғысы келеді. Ол жағу үшін анасы әкесін жамандаса, соған қосылады және әкесінің анасы туралы айтқандарын да мақұлдайды. Мұндай екі түрлі болып жүру балаға өте қиын. Үлкендер балаға ешқашан таңдау жасатпау керек. Бала оның ата-анасы айырылысып кетсе де, екеуін бірдей жақсы көре береді. Сондықтан, оны ыңғайсыз, амалсыз жағдайға тастамаңыз. Сол секілді анасы әжесімен сөзге келсе, бала да әжесін жақтырмау керек деген сөз емес. Балаға отбасы мүшелерінің барлығын бірдей жақсы көруге мүмкіндік беріңіз.

6. Өзіне зейін аударту. Бала ата-анасының зейінін аудару үшін де өтірік айтуы мүмкін. Тіпті, «маған ұрысса да, бастысы, олардың назары менде болса екен» деп ойлауы мүмкін. Мұндай өтірік, бала өзін жалғыз және ешкім жақсы көрмейтін сезінетіндігін көрсетеді. Балаға көп уақытыңызды бөлуге тырысыңыз. Бала ата-анасы жұмыста болса да, қолдары босамаса да, өзін жақсы көретініне сенімді болуы керек.

Біздің мақалалар Telegram желісінде. Арнамызға қосылыңыз!

А. Жапатова