- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Тұңғыш балалар ақылды...
Тұңғыш балалар ақылды болады деген рас па?
Ғалымдар адам санасының жоғары болуы үшін IQ мен EQ-дің маңыздылығын талқыға салып жатқанда, енді бір тобы тұлғаның қабілеті мен мінезі оның интеллектісінің дамуына ықпал етуін зерттеу үстінде. Зерттеу қорытындысы адам ойламағандай нәтижелерге әкелген. Сіздің ақылыңыздың деңгейі жайлы саусағыңыз бен бойыңыздың ұзындығы, салмағыңыз, тіпті, көзіңіздің түсі мәлімет бере алады екен! Сонымен, түр-тұлғамыз біздің ақыл-парасатымыз жайлы не дейді?
1. Сіз шулы ортадан гөрі жалғыздықты құп көресіз. Ақылды адамдар үшін уақытын тиімді өткізуде үлкен ортаның қажеті жоқ. Норман Ли мен Сатоши Каназаваның «How intelligence, population density, and friendship affect modern happiness» атты зерттеуі (Қазіргі заманда интеллект, халықтың тығыздығы мен достық бақытты болуға қалай әсер етеді?) ондай санаттағы адамдарға жалғыздықта жұмыс істеу ыңғайлы әрі қызықты екенін көрсеткен. Керісінше шулы орта оларға жайлылық сыйлаудың орнына тез шаршатады.
2. Сіз ерте оқып үйрендіңіз. Мәселе, тек ақылды балалар ғана ерте жастан оқып үйренеді дегенде емес. Керісінше, оқу балаларды ақылды ететінін британиялық Стюарт Дж. Ричи, Тимоти К. Бейтс және Роберт Пломин сынды ғалымдар дәлелдеген.
3. Сіз үйдің үлкенісіз. Эдинбург Университетінің ғалымдары үйдің бірінші балалары IQ көрсеткіші бойынша бірқатар басымдыққа ие екенін дәлелдеді. Олар аталмыш деңгей бойынша 3 пунктке жоғары тұрады.
4. Сіздің бойыңыз орта бойдан ұзын. Британдық Энн Кейс пен Кристин Пакссонның зерттеу нәтижесі бойшаң балалардың интеллект коэффиценттері өзгелерге қарағанда жоғары болатынын көрсетті. Үлкен өмірде көп ақша табатын да ұзын бойлы балалар. Мұның айқын дәлелі ретінде Стив Джобсты келтірсек болады. Оның бойының ұзындығы 188 см. Бұл қасиет ерте жастан байқалады. 3 жастағы бойшаң балалар бойы аласа құрдастарына қарағанда түрлі тесттер мен тапсырмаларды тез әрі дұрыс орындаған.
5. Сіз музыкалық мектепке барғансыз. Гленн Шелленбергтің зерттеуі 9 ай бойы аспапта ойнаған немесе вокалдан сабақ алғандардың басқалармен салыстырғанда IQ көрсеткіші жоғары болатынын көрсетті. 2013 жылы Шелленберг интеллектің жоғары болуына музыка себепкер деген болжам жасады.
6. Сіз артық салмақ деп қиналмайсыз. 2006 жылғы зерттеу жұмыстары арық адамдардың интеллектісі жоғары болатынын көрсеткен. Максим Курно басшылық ететін француз ғалымдары 5 жыл бойы 2200 адамға бақылау жасаған. Соның нәтижесінде қыпша бел жоғары интеллектің басты себебі деген тұжырымға келген. IQ-дің жоғары болуының бірден-бір жолы: денсаулыққа дұрыс қарау мен артық салмақпен күрес болып саналады.
7. Спортпен айналысқанды ұнатпайсыз. Америкалық ғалым Тодд Мак Элрой мен Дэвид Л.Дикинсон еңбексүйгіш жандардың аз қозғалатынын анықтаған. Керісінше, айналаны танып-білуге құлқы төмен адамдар физикалық тұрғыдан өте белсенді болатынын дәлелдеді. Дарынды адамдар бір орында отыратын, алайда миға салмақ салатын жұмыстарды істегенді ұнатады. Мысалға, шахмат осы сөзімізге дәлел.
8. Сіздің көзіңіз көгілдір болса. Кентуккидегі Луисвилл Университетінің құрметті профессоры Джонна Роу көзінің түсі ашық адамдар қара түстілерге қарағанда ақылдырақ келеді дегенді айтқан. Мысалға Стивен Хокингтің көзі көгілдір түсті болған. Алайда, қоңыр көзділерге алаңдаудың қажеті жоқ. Олардың басқа да мықты тұстары бар. Көзінің түсі ашық адамдар белгі бір мәселені шешуде, сыртқы факторларға мән бермейді. Қара көзділер керісінше жылдам шешім қабылдайтын қабілетке ие.
9. Сіз саққұлақсыз. Сықырлаған еден, қытырлаған чипсы, тіпті тыныс алғандағы дауыс IQ-і жоғары адамдарды біршама елеңдетеді. Хельсинки Университетінің ғалымдары осыған байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде олар адамның проблеманы шешу қабілеті мен сыртқы дыбыстарды "өшіре" алмау арасында байланыс барын тапқан. Мұндай жағдайға ғалымдар мизофония диагнозын қойған. Интеллекетісі жоғары адамдардың жанында қатқан нанды қытырлатып отырар болсаңыз, олардың ми белсенділігінде өзгерістер орын алады.
10. Сіздің төртінші саусағыңыз сұқ саусағыңыздан ұзын болса. Норвегиялық дәрігер Карл Пинск адамның қабілетін анықтау барысында оның саусағының ұзындықтары маңызды рөл ойнайтынын айтқан. Жүргізілген бақылауға сәйкес, төртінші саусағы (аты жоқ саусақ) ұзын адамдар математика, кеңістікте ойлау сынды сынақтардан сүрінбей өтеді. Керісінше, гуманитарлық салада осалдық танытып жатады. Кембридж университетінің зерттеушісі Джон Коутс адамның бизнесте жолының болуын саусағының ұзындығына қарап болжауға болатынын айтқан. Көп ақша табатындар төртініші саусағы (аты жоқ саусақ) ұзын адамдар екені анықталған.
11. Сіз мазасызсыз және дүрбелеңге көп берілесіз. Герцлидегі (Израиль) пәнаралық орталығының психологтары Цачи Эйн-Дор мен Оргад Тал зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде ақылды адамдар пессимизмге жақын әрі өздері кездесуі мүмкін түрлі оқиғаларды қиялдарында жасап алады. Зерттеушілердің сөзінше, ақылдылар өткенді көп сараптайды. Сәйкесінше, болашаққа қатысты дүниелердің ұсақ-түйегіне көп мән береді. Осылайша, біз таяқтың екі ұшын көреміз. Біріншісі - ақылдылар кез-келген қиындыққа дайын болады. Екінші жағынан - үнемі күйзеліспен күн кешуге мәжбүр.
12. Жаргон сөздерді көп қолданасыз. Қызық болса да, әдеби емес сөздерді интеллектісі жоғары адамдар көп қолданады екен. Ақылдылар лексикадағы сөздің бәрін (жаман жағынан да) толық игерген сияқты. Осы уақытқа дейін әдепсіз сөздерді білімі жоқ адамдар қолданады деп саналып келген. Бұған себеп олардың сөздік қорының аз болуы. Бірақ Тимоти мен Кристиан Джейдің басшылық етуімен Марситск колледжінің психолгтары бұған қарсы тұжырымды дәлелдеген. Адам білімді болған сайын «ащы» сөздерді көп қолданады.
Аталғандардың ішінен өзіңізге тән қасиетті таба алдыңыз ба? Сіздің ойыңызша адам интеллектісіне не әсер етуі мүмкін?
Н. Үсенова