- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бала иммунитетін...
Бала иммунитетін көтерудің тиімді жолдары
Балаңыздың иммунитеті төмендеп, әлсіздікті сезініп жүрсе, онда дәріханадағы құрамында химикаты бар дәрумендер мен дәрілерге жүгірмей, бір ауық оның тұтынатын тағамына көңіл бөліңіз. Кез келген үйдің ас бөлмесінен табылатын мына төмендегі тағамдарды балаңыздың тамақтану мәзіріне қоссаңыз, оң нәтижесін көруге болады.
Пияз бен сарымсақ
Пияз бен сарымсақ баланың иммунитетін көтеруге көмектесетін ең жақсы азық-түлік. Алайда оны кішкентайлар оңайлықпен жей қоймайды. Оның үстіне пияздың да, сарымсақтың да өткір иісі бар екенін белгілі. Алайда сәбиіңіздің денсаулығы мықты болсын десеңіз, мынадай тәсілдермен оған пияз бен сарымсақты жегізуге тырысыңыз. Мысалы, көк пиязды майдалап турап, сорпаға қосып жіберуге болады. Ал сарымсақты бір тілім нанға қосып беріңіз. Сосын пияз бен сарымсақты бір ыдысқа турап салып, бөлменің әр жеріне қойып қою керек. Сонымен қатар бұл көкөністерді баланың мойнына тағып та пайдасын көруге болады. Есіңізде болсын, баланың жатар орнына сарымсақ пен пиязды тым жақын қоюдың қажеті жоқ.
Бал мен лимон
Балаңыздың егер де тәттілерге, оның ішінде балға аллергиясы болмаса бал иммунитетті көтеретін ең күшті амал болып табылады. Әсіресе оның жөке ағашынан немесе қарақұмықтан алынған түрі өте пайдалы. Мұндай балды сәбиіңізге күніне 1 шай қасықтан беріп отыру қажет. Сонымен қатар лимон шырыны мен бал қосылған сусын да баланың иммунитетін көтеретін тиімді әдістердің бірі. Балды шайға қосып та немесе жаңғақпен араластырып жегізуге болады.
Өсімдіктер мен жидектер
Жөке гүлі мен түймедақтан дайындалған қайнатпалар баланың иммундық жүйесін нығайтып, оның пайдасын көруге болады. Бұл өсімдіктерді шай секілді демдеп, бір қасық балмен араластырып ішкізу керек. Сонымен қатар жөке гүлі мен түймедақ қайнатпасын сәбидің шомылатын суына қосып, баланы шомылдыруға болады. Бұдан бөлек итмұрынды термосқа салып, үстінен қайнаған су құйып демдейсіз де, балаңызға сусын ретінде беріп отырасыз. Мұндай шөптес өсімдіктермен қоса жидектер де бала иммунитетін көтереді. Балаларға көбіне құлпынай, таңқурай, мүкжидек, бүлдірген сынды жидектерді берген дұрыс.
Қышқыл сүт өнімдері
Қышқыл сүт өнімдерінің бала ағзасына тигізер пайдасы өте зор. Оның үстіне мүндай өнімдер асқазан-ішек жолдарына түскен небір микробтармен күресіп, бактерияларды өлтіреді екен. Қышқыл сүт өнімдерінің ішінен айран мен йогуртты ең пайдалы ас деп атауға болады. Бір күнде 1 стақан айран ішкен баланың иммунитеті де әлсіремейді. Оның орнына керісінше, баланың сүйектері қатайып, тәбеті ашыла түседі.
Балық майы
Балық майының дәмі жақсы болмағанымен, иммунитетті көтеруде әсері күшті. Оның үстіне бүгінгі таңда балық майының дәрілік түрлері кеңінен шыққан. Құрамындағы А және Д дәрумендері мен пайдалы заттардың, майлы қышқылдардың арқасында балық майы аурушаң балаларға таптырмас ем бола алады. Алайда есте ұстау қажет бір нәрсе бар, ол балық майын тек өз мөлшеріне сай етіп қана беру керек. Мөлшерін артық не кем берген жағдайда оның пайдасы емес зияны тиіп кетуі мүмкін. Сол себепті жеке дәрігермен кеңескен абзал.
Жеміс шырындары
Көкөністер мен жемістерден дайындалған шырындар С дәрумені мен түрлі ағзаға пайдалы дәрумендерге бай болғандықтан, олар иммунитетті көтеруге әсері өте күшті. Тек мұндай шырындарды шырынсыққышпен сығып, сол мезетте балаға ішкізу қажет. Осылайша бала ағзасын нығайтып, аурудың алдын аласыз.
Жаңғақтар
Мектеп жасына дейінгі балалардың иммунитетін жаңғақ жақсы көтереді. Грек жаңғағын немесе бадам жаңғағының бір уысын жеген баланың күші нығайып, иммунитеті жоғарылайды, әрі мидың жұмысы жақсара түседі. Сонымен қатар жаңғақ пен кептірілген жемістер қосылған түрлі араласпалар мен жеміс-жидектер қосылған йогурттар да бала денсаулығы үшін өте пайдалы.
Н. Үсенова