- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бала қиялын қалай...
Бала қиялын қалай оятамыз?
Қиялы ұшқыр балалардың өсе келе кез келген мәселенің креативті әрі жылдам шешімін табатындығы және қойылған мақсатына түрлі жолдармен жетуге тырысатындығы дәлелденген. Бастысы, осы қиялдың 10 жасқа дейін ашылуына мүмкіндік беру керек. Балаға дайын суреттер берудің орнына оның ішкі дүниесімен жұмыс істеуге мүмкіндік берген жөн. Бала тек дайын нәрсені қолданушы емес, ойлампаз болсын. Сол мақсатта қажет болатын бірнеше кеңес ұсынамыз.
Баланың зерігуіне мүмкіндік беріңіз. Ән, домбыра, менталды арифметика секілді түрлі үйірмелерге апару, одан кейін мультфильм көрсету – заманауи ата-ана баланың әр минутын жоспарлап қоюға тырысады. Әрине, ондағы ата-ананың ойы – баланың әр уақыт сайын жаңа дарынын ашу. Иә, балаға тәртіп керек, бірақ оның да өз шегі бар. Балаға әр 10 минут сайын «тағы не істесең болады» деп, нұсқау жасамай, күн сайын баланың зерігуіне аз уақыт болсын қалдыру керек. Сол кезде баланың өзі қиялдап, тағы не істеуге болатындығын өзі ойлап, жанына жақын жаттығуды таңдайды. Тіпті, арасында баланың зеріккеннен өз-өзімен мысалы, жануар ойыншықтарды бір-бірімен сөйлестіріп, ойнағанының өзі бала қиялына көмегін тигізеді. Бала ойыншықтарынан шаршаса, үйдегі заттардан бірдеңе құрастыра бастайды. Ол да бала қиялын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Шығармашылыққа арналған заттарды көзге көрінбейтін жерге қоймаңыз. Кішкентай кезінен бастап бала өз сезімін түрлі қолдан жасалған заттар арқылы, соның ішінде, суретпен көрсетуге әдеттенеді. Тіпті, ең қарапайым шимақтың өзі, оның өлшемі мен түсі – ең жас отбасы мүшесінің эмоциялық жағдайын көрсететін қағаз. Балалар өздеріне жаңа пішін, реңк және олардың үйлесімін ашады, олардың зейінін тартатын бірдеңе салуға тырысады. Сондықтан қарындаштар, фломастерлер, бояулар мен парақтар әрқашан көз алдында көрініп тұруы керек.
«Егер..., сен не істер едің» ойынын ойнаңыз. Бұл ойын баланың еркелігінен алаңдатып қана қоймай, сиқырлы санасының толықтай жұмыс істеуіне ықпал етеді. Ол гипнозды сұрақтардан және балама шешімдерді табудан тұрады. Мысалы: «Даладан иесіз ит тауып алсаң, не істер едің?», «Орманнан қазына тауып алсаң, не істер едің?», «Ханшайыммен таныссаң, не істер едің?», «Сенің терің көк түске айналып кетсе, не істер едің?» және т.б.
Қораптағы қуыршақтар спектаклін жасаңыз. Қорапқа үйдегі түрлі заттарды (қағаз стақан, шам, тоңазытқыш магнетигі және т.б.) салып, баладан сол заттарды қолданып, театр жасауын сұраңыз. Қорап туралы да ұмытпаңыз, ол үйдің, үңгірдің немесе уақыт капсуласының рөлін атқара алады.
Құпиямен бөлісіңіз. Бұл процеске сіздің қосылатын уақыт келді. Баладан үйдегі кез келген үш затты (құмырадан сөреге дейін) таңдауын сұраңыз. Сіздің мақсатыңыз балаға ол заттың қалай келгенін, қайдан және қалай алғаныңызды, не үшін сақтап қойғаныңызды айтып беру. Содан соң, баладан сол үш заттың ортақ нәрсесі туралы ойлануын сұраңыз.
Бала жалғыз өзі қиялын дамытқаннан гөрі оған осы идеяларды уақытылы қолдану арқылы көбірек көмектесе аласыз. Баланың алғашқы жылдары – оның дамуындағы ең маңызды уақыт. Сол бағалы сәттердің өтіп кетуіне жол бермеңіз.
А. Жапатова