Ата-ана туралы бала есінде қалатын 5 нәрсе

Ата-ана туралы бала есінде қалатын 5 нәрсе
Фото: pixabay.com

Кішкентай кезіңізден есіңізде не қалды? Мысалы, ата-анаңыз туралы нені есіңізге аласыз? Кей оқиғалар жадымызда терең сақталып, жылдар бойы ұмытылмайды. Тіпті, біртүрлі нәрселер есте қалып қояды: жапқыш артынан сығалап тұрған күн сәулесі, арғы бөлмеден шығып жатқан анаңыздың дауысы немесе ас үйде қуырылып жатқан бауырсақтың иісі.

Бұларды оқиғаға немесе әрекетке жатқыза алмаймыз. Бірақ осы әсерлер өте маңызды. Олар бала жадында қандай да бір аймақты құрайды, содан кейін ол қиын кезде оған күш бере алады. Психологтар бала ата-анасы және балалық шағы туралы есінде қалатын басты 5 нәрсені ұсынып отыр.

1. Қауіпсіздік сезімі

Кез келген баланың жүрегінде түрлі қорқыныш болады. Сонымен қатар, қауіпсіздікте болу қажеттілігі де бар. Мысалы, бала қорқынышты түстен кейін оны құшақтағаныңызды немесе қараңғыда "құбыжықты" бірге қуып жібергеніңізді есіне сақтап қалады. Алайда, ашуланған кезінде "құбыжыққа" айналатын ата-ана айқайын да есіне сақтап қорқады. Сондықтан, психологтар баланың көзінше ұрыспауға және ашуыңызды баладан алмауға шақырады. Бала ол кездегі жағдайды түсінбейді, даусыңыздың ырғағын ғана сақтап қалады.  

2. Әке-шеше зейіні

Бала махаббатты сіздің зейініңізбен өлшейді. Ол жұмысыңызды қоя тұрып, онымен ойнауға, бірге секіруге аздап уақыт бөлгеніңіздің өзін есіне сақтап қалады. Сондықтан, баламен сөйлесуге, ойнауға немесе бірдеңені бірге жасауға уақыт бөліп тұрсаңыз, соңында сол сәттер ғана баланың өміріндегі ең маңызды нәрсеге айналады.

3. Әке-шешесінің қатынасы

Махаббаттың не екенін бала әке-шешесінің бір-біріне деген қатынасына қарап біледі. Сондықтан да көп жағдайда қыз бала өзінің әкесіне ұқсайтын күйеу болғанын қаласа, ұл бала анасына ұқсайтын жар іздейді. Жанұяда ұрыс пен айқай көп болған балалар көп жағдайда отбасы құруға қорқады. Сондықтан, бір-бірін жақсы көретін және берік қатынасты көрсетіп, балаға сенімділік сезімін сыйлаңыз.

4. Мақұлдау және сыни сөздер

Бала жүрегі пластилин секілді. Уақыт өте ол пластилин қатая түседі. Онда бала кезінде қалған іздер мәңгілікке қалады, оны өшіре алмайсыз. Өзінің маңыздылығы, қабілетінің өлшемі, өз дарынына сенуі және өзін құрметтеуі сіздің оған кішкентай кезінде айтқан сөздерге тікелей байланысты. Ата-ананың міндеті баланың әрекетін түзеп, тәртіпке үйрету және олардың айтқан сөздері махаббатқа, позитивті қолдауға толы болуы керек.

5. Отбасылық дәстүр

Балалар тосынсыйлар мен сыйлықтарды ұнататыны рас. Бірақ олар сіздер ойлап тапқан дәстүрлерді қуана есіне алып отырады. Ол аптаның бір күні саябаққа шығу, Наурызда атқа міну, әр мейрамда дайындалатын қандай да бір салат сияқты қарапайым нәрсе болуы мүмкін.

А. Жапатова