Былғары аяқ киімді кеңейтудің 5 тәсілі

Былғары аяқ киімді кеңейтудің 5 тәсілі
Фото: pixabay.com

Жаңа сатып алынған аяқ киімді далаға киіп шыққанда, оның аяқты аздап қысатындығын байқайтын кездер болады. Аяғымызды ауыртып жүргіміз келмейді және оны дүкенге қайтара да алмаймыз. Сондықтан үйде аяқ киімді кеңейтетін әдістерді ұсынамыз.

Мұндай әдістермен аяқ киімді ұзындығы бойынша үлкейту мүмкін емес, олар аяқ киімнің тек жалпақтығы бойынша кеңеюіне көмектеседі. Бірақ аяқ киімнің жалпақтығы аздап кеңейсе, башпайларға қолайлы бола түседі.

Былғары аяқ киімді кеңейтудің мынадай тәсілдері бар:

1. Аяқ киімді қалыңдау шұлықпен киіп, үйдің ішінде біраз жүресіз. Арасында аяқ киімді шешіп, аяғыңызды демалтып қойыңыз. Бұл кезде бірден нәтиже күтпеңіз.

2. Бірінші тәсіл көмектеспесе немесе аяқ киімді жылдам кеңейту керек болса, қарапайым спирт пен суды 1:1 пропорцияда араластырып, оны аяқ киімнің ішіне шашыңыз. Ерітінді аяқ киімге сіңген соң, қалың шұлықпен киіп, 30 минуттай жүріңіз. Спирттің орнына құрамында спирті бар терезе жуатын құрал, әтір немесе иіссу қолдануға болады. Спирт былғарыны құрғатып тастайдықтан, соңынан аяқ киімге вазелин немесе крем жағыңыз.

3. Қымбат туфлиді кеңейту керек болса, оның ішіне вазелин немесе майсана (косторовый) майын молынан жағып, оған арнайы дүкеннен алынған етік қалып кигізіп қойыңыз. Ол былғарыны «жұмсақ» кеңейтуге көмектеседі.

4. Егер былғарысы қалың етік болса, оған 30 секундқа өте ыстық су құйып, оны бірден қалың шұлықпен киіп жүріңіз.

5. Қалың былғарыға арналған тағы бір әдіс бар. Аяқ киімнің ішіне пакет салып, оған су құйыңыз. Содан соң оларды мұздатқышқа түнге қалдырып, ертеңгісін мұз еріген соң, пакетті алып, етікті вазелинмен өңдеп жіберіңіз.

А. Жапатова