Бала күтіміндегі ескерер жайттар

Бала күтіміндегі ескерер жайттар
Фото: Pixabay

Бала сылап-сипаумен өседі демекші, бала күтімі, бала тәрбиесі, тағамы, киімі жөнінде жалпы баланы өсіруге дейінгі тақырыптар осы күнде өте көп. Алайда әрбір ата-ана баласының тәрбиесінде өз әдіс-тәсілдерін қолданады. Көпшілігі өз ата-анамыз бізді осылай тәрбиелеген деп қаталдық танытатыны да жоқ емес. Дегенмен, баланы баптап, қағып өсіруде, оның тәрбиесінде мұқияттылық қажет. Себебі бала сіздің ертеңгі айнаңыз екенін ұмытпаңыз.

Бала ойыншықтарын таңдау

Балаға ойыншықты өз жасына қарай алу керек және бірден көп ойыншық алуға болмайды. Себебі баланың бір ойыншыққа жақсылап  көңіл аударуына, жан-жақты зер салып қарауына мүмкіндік жасау керексіз. Сонымен қатар бала ойыншықтары барынша жеңіл болғаны жөн. Сонда ғана бала онымен еркін ойнай алады. Баланың ойнауына ұсақ затты беруге болмайды, ол тамағына кетіп қалуы мүмкін.

• 3 айлық балаға ойыншық тек көңіл аударып қарау үшін ғана қажет. Мысалы, шар, балық, үйрек т.б. ойыншықтар.

• 3 айдан 6 айға дейінгі балаларға қолына ұстауға ыңғайлы ойыншықтар, яғни сапты сылдырмақтар, резеңкеден жасалған дыбыс шығаратын қуыршақтар, жануарлар, құстар секілді ойыншықтар жарайды.

• 6 айдан бастап балаларға әр түрлі формадағы резеңкеден, ағаштан т.б. жасалған ойыншықтар сатып алуға болады. Сонымен қатар дыбыс шығаратын ойыншықтар бала тілінің тез жетілуіне және сөзді түсінуіне ықпал жасайды. Бала ойыншыққа назар аудара қарап, олардан шыққан дыбысты көңіл бөліп тыңдайды.

• 9-12 айлық балаға шығыршықты пирамидалар, текшелерді (кубиктер), т.б. ойыншықтар беруге болады. Есіңізде болсын, емізулі балаға қатты қағаздан, түкті матадан жасалған ойыншықтарды беруге болмайды.

Баланы шомылдыру

Бөбекті 6 ай толғанша күн сайын шомылдыру керек. Ал 6 айдан асқан соң күнара шомылдарады. Нәрестені шомылдыратын судың температурасы 35-36°С болған дұрыс. Ал алғашқы 3 аптаның ішінде судың температурасы бұдан жылы болуы керек, яғни 36-37°С. Ваннадағы судың температурасын қолмен емес, термометрмен өлшеген жөн. Ал бөлме температурасы 20-22°С болуы тиіс, ал нәрестені шомылдырғанда 22-24°С  болған жөн.

Шомылдыру баланы жалықтырып қажытпауы керек. 6 айға толмаған баланы ваннада 5 минуттан артық ұстауға болмайды. Ал 6 айдан асқан соң 10 минут шомылдыра бересіз. Қыс айларында баланы кешке жатар алдында шомылдырған дұрыс. Ал жас мезгілінің кез келген уақытында шомылдыруға болады.  Есіңізде болсын, нәрестені тамақтандырғаннан кейін 1 сағаттан соң шомылдыру керек. Ал күніне 1 реттен артық шомылдыруға болмайды. Сонымен қатар шомылған баланы жарты сағат немесе 1 сағаттан соң ғана далаға шығаруға болады.

Баланы серуендету

Баланы жылдың кез келген  мезгілінде серуендету керек, тек желді, жаңбырлы күндерінен басқа. Таза ауада көп болған бала жақсы өседі, ауруға аз шалдығады. Таза ауа сәбидің тәбетін ашады, тағамның жақсы қорытылуына ықпал жасайды және қан айналымын жақсартады. Жаз айларында босанған әйелдер балаларын туғаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ далаға шығаруға болады. Ал қыста туған баланы ауаның температурасы 10°С төмен болмаса, 2-3 аптадан кейін шығарады. 

Алғашқы серуенді 10 минуттан артық созуға болмайды. Ал 1 айлық бала таза ауада 40 минут болғаны дұрыс. Кейін бірте-бірте 5-10 минуттан қосып отырады да, сәби 3 айға толғанда серуенге шығару уақытын күніне 4 сағатқа дейін жеткізеді. Суық уақытта 2,5-3 айлық баланы күніне 2-3 рет далаға шығарса болады. Алайда серуендеу уақыты барлығын қосқанда 2 сағаттан аспауы тиіс.

Н. Үсенова