- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Ас үй сүлгілерін...
Ас үй сүлгілерін ағарту
Ас үй сүлгісі – әрқашан қол астында және көз алдында тұру керек заттардың бірі. Сондықтан ол әдемі әрі таза болуы қажет. Ас үй сүлгісіндегі дақтарды кетіретін әдістермен таныс болыңыздар.
Кірленген сүлгіні қарапайым сабынмен жуып тұрыңыз, ал дақты кетіруге арналған әдістерді айына бір рет жасасаңыз жарайды. Себебі сүлгінің матасы жылдам тозып кетеді.
Ас үй сүлгісіндегі дақарды кетіретін әдістер
Тұз. Оны ақ және түсті матадағы кофе немесе томат қалдығын кетіруге пайдаланады. Легенге 5 л суға 5 ас қасық тұз салып, ерітінді жасаңыз. Оған сүлгілерді салып, бір сағатқа қалдырыңыз. Содан соң қолмен жуыңыз.
Кір сабын. Онымен сүлгідегі кез келген дақты кетіруге болады. Барлық сүлгілерді кір сабынмен уқалап, оларды пакетке салып, түнге қалдыру керек. Ертеңгісін оны дұрыстап ысқылап жуып, шаю керек.
Кір жуғыш ұнтақ + дақ кетіргіш құрал + өсімдік майы. Бұл жолмен сүлгіні жусаңыз, ескі дақтың өзін кетіруге көмектеседі. 10 литрлік кәстрөлге 5-7 л су құйып, қайнатыңыз. Оған 2 ас қасық кір жуғыш ұнтақ (автомат ұнтақ болғаны жақсы), 2 стақан өсімдік майын және 2 ас қасық кез келген дақ кетіргіш құйып, барлығын жақсылап араластырыңыз. Содан соң отты сөндіріп, ерітіндіге сүлгілерді салып, су суығанша күтіңіз. Ерітінді суыған соң, сүлгіні сығып алып, кір жуғыш машинаға салыңыз немесе қолмен жуып алыңыз.
Шашқа арналған сусабын. Ол сүлгідегі жемістерден қалған дақтарды кетіреді. Ол үшін сусабынды даққа құйып, кішкене уақытқа қалдырыңыз. Содан соң жуып көріңіз.
Мүсәтір спирті + глицерин. Оны шайдан және кофеден қалған дақты кетіруге пайдаланады. Мүсәтір спирті мен глицеринді 1:4 қатынасында араластырып, сүлгіні сол ерітіндіде 1 сағатқа қалдыру керек.
Ыдыс жууға арналған құрал. Ол ақ және түрлі түсті сүлгідегі майлы дақтарды кетіруге көмектеседі. Ыдыс жууға арналған құралды даққа жағып, бір тәулікке қалдырыңыз. Содан соң сүлгіні жуып аласыз.
Лимон қышқылы. Ол қызанақ пен қызылшадан қалған дақты кетіреді. Ол үшін алдымен ыстық суда сүлгідегі дақты кір сабынмен жуып аласыз, содан соң дақтың үстіне лимон қышқылын сеуіп, 5 минутқа қалдырыңыз. Содан соң шайып аласыз.
Асүй сүлгісін ағартатын әдістер
Қыша көмегімен қайнатусыз ағарту. Бұл әдіс дезинфекция жасайды және ағартады. Ол үшін құрғақ қышаны тығыз ботқа секілді болғанша ыстық суда езіңіз. Сол қоспаны ылғал сүлгіге жағып, 6-8 сағат ұстаңыз. Содан соң жуып тастайсыз.
Марганец ерітіндісі арқылы қайнатусыз ағарту. Бір леген қайнаған суға 200 г кір жуғыш ұнтақ пен аздап марганец салыңыз. Судың түсі аздап қана алқызыл болуы керек. Алдын ала жуылған сүлгілерді ерітіндіге салып, бетін пакетпен жауып қойыңыз. Ерітінді суыған соң, ішіндегі сүлгіні шайып алыңыз.
Бор қышқылымен қайнатусыз ағарту. Бұл әдіс қалың және түкті сүлгілерге келеді. Ыстық суы бар легенге 2 қасық бор қышқылын салып, сүлгіні салып, 2 сағат ұстаңыз. Содан соң жуып алыңыз.
Ас содасы және кірсабын көмегімен қайнату арқылы ағарту. 50 г сода мен үккіштен өткізілген кір сабын салынған суда сүлгіні 1-1,5 сағат қайнату керек.
А. Жапатова