- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Түстердің балаларға әсері...
Түстердің балаларға әсері
Бөбектің қай түске ұмтылатынына қарап, оның қандай ауруы бар екеніне де анықтама жасауға болады дейді ғалымдар. Түс арқылы емдеуді бала тәрбиесіне күнделікті қолдану керек. Оны ойын түріне айналдыруға да болады. Балаңыздың бөлмесін безендіргенде, оған ойыншық, киім сатып аларда осыны ескеріңіз.
Қызыл түс
Бұл – өмір күшінің түсі. Ол – жүйке жүйесі мен ішкі сезімтал бездердің белсенділігін арттыратындықтан, адамның құштарлығы мен ұмтылысының белгісі. Бұл түс – жүрек соғысы мен тынысты жиілетіп, бұлшық еттердің жиырылуын күшейтеді. Қан қысымын жоғарылатып, зат алмасуын үдетіп, мидың белсенді жұмыс істеуіне әсер етеді. Нәтижесінде адам ағзасындағы тіндердің қоректенуі айтарлықтай жақсарады. Бұл түстің ең негізгі психологиялық артықшылығы – адамға сенімділік пен белсенділік силай алатындығында.
Кеңес: Егер сіздің балаңыздың сезімталдығы баяу, мінезі самарқау болса онда оған қызыл түсті киімдер кигізгеніңіз жөн. Ал балдырған өте белсенді болса бұл түске көп жолатпаған абзал. Өйткені ол сәбидің жүйке жүйесін шамадан тыс қоздырып, тез шаршатады.
Баланы ұйықтатарда ойыншықтары мен басқа да қоршаған заттар қызыл болмағаны жөн. Емізулі сәбилер осы себептен де көп жылауы мүмкін. Балаға қызыл түсті бөлмеде, қып-қызыл ыдыстармен тамақ беруге болмайды. Қызыл түстің әсерімен бала тамақты тез әрі көп ішіп қояды. Егер балаңыздың тәбеті төмен болса, қызыл түсті ыдыспен тамақтандырып, тәжірибе жасап байқап көріңіз. Үй ішін, әсіресе балалар бөлмесін безендіргенде қызыл түсті абайлап қолдануды ұмытпаңыз.
Қызыл сары
Бұл түс – сергектіктің, қуаныш пен жетістіктің және қызық думанның түсі. Баланы күн шуақты-қызыл сары, сары, алтын түстермен киіндірген өте жақсы. бұл түстердің қызметі – күшейту, жетілдіру, шынықтыру. Қызыл сары түстің толқын дірілі ас қорытуды жөндейді. Сондықтан оны тамақтандырар кезде қолданған абзал. Бөбекке анасының қызылсары немесе алтын түсті киімдер кигені қатты ұнайды. Бұл осы түстің мейірімділік пен жылылық қуатына бай екенін түсіндіреді. Бүкіл тіршілік атаулы күн нұрына талпынады. Бәлкім күн текті түстердің тартымдылығы содан болар. Суретшілер көбіне қиялдағы кемел әлемді қызыл сары түстермен бейнелейді. Тіпті балдырғандардың өздері де әкесін, анасын және өздерін қызыл сары түспен салғанды ұнатады екен.
Кеңес: Егер балаңыздың бөлмесі теріскей бетте орналасса, күн сәулесінің жеткіліксіздігін қабырғаға қызылсары түсқағаз жапсыру арқылы толықтыруға болады. Ал егер балалар бөлмесі күнгей бетте болса, онда бұл түсті пайдаланбай-ақ қойыңыз. Себебі, бұл түстің белсенділігінің жоғары екенін айттық. Бұл сәбидің ұйқысын қашырып, тынышсыздандыруы мүмкін. Ал оған қызылсары ойыншықтар мен киімдер алып беріңіз.
Сары
Ашық сары түс көңіл-күйді көтереді. Бірақ ең көңілдісі – алтынның түсі. Өзіңізді жеңіл сезінуге көмектеседі. Бұл түстерді балаңыз жабырқау, тұйық болған кездерде пайдаланыңыз. Ақыл есінің дамуы кешеуілдеген балаларға да көмектесе алады. Бұл түске тән қасиеттердің бірі – мидың қызметін жақсарту және көру қабілетін арттыру.
Кеңес: Балалар бөлмесін ашық сары түспен безендірудің қажеті жоқ. Себебі, сары түс ұйқы қашырады. Дұрысы тыныш, төсекке лайық түстерге тоқталу керек. Аз-аздап алтын түсті араластырсаңыз, бөбегіңіздің таңғы ұйқыдан оянуы көңілдірек болар еді.
Жасыл
Жасыл – өсімдік әлемінің түсі. Жер бетіне кең тараған. Жасыл – денсаулық пен тұрақтылықтың да түсі. Ол тыныштандыру, ауруды басу, қан қысымын қалыпқа түсіру, жүйке-жүйесін жаттықтыру, шаршағанды басу, ерекше сауықтыру қасиетіне ие.
Емізулі бөбектер жасыл түсті заттардың бәріне талпынады. Бұл түстің жұмсақ, нәрлі және қауіпсіз екендігін сезгендіктен болар. Сондықтан балаға қауіпті заттар жасыл түсті болмауы керек. Жасыл түс ұйқысыздықты емдеу үшін де қолданылады. Сол үшін сәби төсегінің басына жасыл сүлгі немесе ойыншықтар іліп қойыңыз.
Кеңес: Жасыл суреттері бар кітапшаларды балаңызға оқып, әңгімелеп берсеңіз бала тез қабылдайды әрі көп ақпаратты қабылдауға зейінді болады. Бұл түс есте сақтау қабілеті мен шығармашылықты дамытады. Егер сәби ауырып қалса, жасыл түсті киімдер кигізіп, рухын серпілтіңіз. Өйткені, бұл түс ағзаны сауықтырады. Жасыл түстің зиянды қасиеті жоқ.
Көгілдір
Бұл тыныштықтың түсі болып есептеледі. Ол бұлшық еттердің ширығуы мен қысымын төмендетіп, тыныс алуды қалыпқа келтіреді. Балалардың төсек жабдықтарын осы түстен алып, олардың жатын бөлмесіне осындай түсқағаздар жапсыруға кеңес береді психологтар. Көгілдір түстің бөлме кеңістігін кеңітіп көрсететін қасиеті де бар. Сондықтан кішкене, тар бөлмелерге бұл түс өте ыңғайлы.
Кеңес: Көгілдір түсті қабырғалар балдырғандарды тыныштандырады. Үркек әрі психологиялық жақтан тез қозатын сәбилер үшін көгілдір түс жасыл түстен де пайдалы. Бірақ, бұл түсті ас бөлмесіне қолдануға болмайды екен. Себебі көгілдір түстен адамның дәм сезу, қабылдау сезімдері көмескіленіп, ұйқыға жетелейді.
Бұл кішкене сәбилер үшін тым суық әрі мазасыздандыратын түс болып есептеледі екен. Көк түстен балалар қорқады немесе жайсызданады дейді. Өзіңізге де, балаңызға да бұл түстен киім сатып алмай-ақ қойғаныңыз жөн.
Қоңыр – мамыражай отбасындағы берекенің және қауіпсіздіктің түсі. Ол шыққан тегің мен тамырыңды сезінуді арттырады. Яғни, үй, отбасы, туыстарды жақындасуға, іш тартуға себепкер бола алады. Бәлкім көптеген балдырғандардың сүйікті ойыншығының қоңыр аю болатыны содан шығар. Ата-анасының махаббаты мен ыстық ықыласына бөленіп өскен балалар бұл түсті керексіне бермейді. Қоңыр түс көбінде физиологиялық және психологиялық әлсіздікке ұшыраған балаларды емдеуді қолданылады екен.
Бұл түс жүрек пен өкпе жұмыстарын жақсартып, ағза мүшелерінің төзімділігін арттырады. Күлгін түсті киімдер баланың тыныс алуына кедергі келтіретіндей, ауыр көрінуі мүмкін. Емізулі сәбилер кейде күлгін түсті бас киімдер мен шұлықтарын лақтырып тастауға тырысады екен.
Қара мен сұр
Бұл түстер балаға лайықты түстер емес. Балдырғандар әлемді ашық-жарқын бояулар арқылы қабылдағаны жөн.
Кеңес: Балаңыздың қандай түстерді ұнататындығына назар аударыңыз. Өзіне не керек және не ұнайтынын ол өзі таңдауы тиіс.
Г. Берік