Бала тәрбиесі: бөтен адамдар арасында өз-өзін ұстауды үйрету

Бала тәрбиесі: бөтен адамдар арасында өз-өзін ұстауды үйрету
Фото: voxpopuli.kz

Қазір бұрынғыдай баласын «жерге жақын болсын», «табиғат-Анамен етене өссін» деп еркіне жіберіп қоятын ата-ана жоқ. Қоғамдағы түрлі сұмдықты көбірек естіп-білген сайын баласын қызғыштай қорып, көз алдынан таса қыла алмайтын қорқақтық күйге жетті. Жазым аяқ астынан дейді. Бала назарыңыздан тыс қалып, бейтаныс ортаға тап болуы мүмкін. Барлық жағдайға дайын етіп, бөбегіңізге мынаны үйретіп қойыңыз.

Ең алдымен, «бейтаныс» ұғымын түсіндіріңіз. Ол кім, қандай болады – осыны айтыңыз. Бізге ата-анамыз "бейтаныс адаммен сөйлеспе" деп құлағымызға құйып өсірді. Көп жағдайда бұл ақылдың пайдасы тиеді. Адам аласы ішінде. Бір көргенде бәрі жақсы көрінеді. Ата-ананың басты міндеті баланы адамды тани алуға үйрету.

Кейде бейтаныспен де сөйлесу керек. Егер бала саябақта, дүкенде не басқа жерде жолдан адасып кетсе, айналамда ешкімді танымаймын деп абдырап жүрмесін. Мұндай жағдайда бала танымайтын кісілерден көмек сұрауы керек.

Қауіп тек бейтаныстан ғана келмейді. Балаңызға зиянын тигізетін көрші, достар, тіпті туыстарыңыз болуы да ғажап емес. Балаға түсіндіріңіз. Егер жанындағы ересек кісілер оған моральдық не физикалық тұрғыдан қысым көрсетсе, дереу сізді хабардар етуі керек. Бөтеннен қорыққанынан «ауруын жасырған өледінің» кебін киіп жүрмесін.

Сәби айналасының барлығынан қауіптеніп, қорқасоқтап жүрмеуі керек, тек сақ болуын үйретіңіз.

Бейтаныстар туралы айтылған қорқынышты әңгімелерді жадынан шығармай, өмір бойы қоршаған ортасына қауіппен қарауға болмайды. Біріншіден, баланың психикасы бұзылуы мүмкін, екіншіден, өзгелермен қарым-қатынас орнатудан тыйылып қалады. Осы жағдайларды болдырмас үшін ақ-қараны ажыратуды үйретіңіз.

@. @assel_assanova