- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жігіт пен қыздың...
Жігіт пен қыздың талғамы бірдей болуы маңызды ма?
Өзімізге ұнайтын адамды кездестірсек, ортақ қызығушылықтарымызды іздей бастаймыз, жақсы көретін нәрселеріміз, талғамымыз бір жерден шығып жатса, оған деген ықыласымыз арта түсетіндей. Қай нәрселерде талғам ұқсас болуы маңыздырақ?
Музыкалық талғам
Ұзақ жолға шыққанда не басқа кездерде сүйікті әуеніңді сүйікті адамыңмен бірге тыңдағанға не жетсін! Ал егер сіз рокты сүйіп тыңдап, ол мұндай әуеннен басы ауыратын болса, түсінісу оңай емес. Ал оның тыңдағанын сіз де тыңдап көріп, құлағыңызды үйретуге тырыссаңыз, сүйіктіңіз мұны бағалайды. Тым құрығанда «қалай тыңдайсың», «осындай да ән бола ма» деген тәрізді сөздерді айтпай, бейтарап күй танытып, қабылдай білсеңіз, сезімге селкеу түспеуіне сол да жетіп жатыр.
Тамақ таңдау
Дәмді тамақ жеуді барлығы да ұнатады. Дегенмен біреуге фаст-фуд, біреуге ұлттық тағамдар ұнайтын болса ше? Олай болса, мүлде бейтарап түрде италиялық асхана деген секілді жер таңдауға болады. Сол жерден өз көңілдеріңізге қонымды тағам түрлерін таңдай аласыздар.
Спорт пен салауатты өмір салты
Екеуіңіз де спортты сүйіп, дұрыс өмір сүру салтын ұстанатын болсаңыз құба-құп, оның үстіне денсаулықтарыңызға да жақсы әсер етеді. Ал бірі футбол десе ішкен асын жерге қойып, екіншісі мұны жай ғана доптың соңынан жүгірушілер деп түсінетін болса, жай ғана сүйіктісінің көңілі үшін стадионға бірге барып, жанында жанкүйер болғаны жөн. Оның өзіне шыдай алмай, өзін ол жерде артық сезінетін болса, футбол көруге, ойнауға барғанын қолдамайтын шырай танытпаса болғаны.
Достар
Сүйіктіңізбен бірге араласатын ортаңыз бар болар. Егер одан бөлек сіздің өз ортаңыз, оның өз ортасы болса, қам жемеңіз. Бастысы бірге жүретін жағдай туып қалса, түсінігі бір жерден шығып, тіл табыса алса жарап жатыр.
@. @assel_assanova