Ұл бала тәрбиелеудегі әкенің ролі

Ұл бала тәрбиелеудегі әкенің ролі
Фото: YouTube

Ұл баланы қалай тәрбиелеу жөнінде ата-бабаларымыздан қалған өсиеттік мысалдар, аңыздар, мақал-тәмсілдер аз емес. Төменде Шынар Әбілда аударып дайындаған материалды ұсынамыз.

Әке-тәрбиеші

Әке де ана сияқты балаға қамқор болады. Оны жақсы көреді, бағалайды. Ана бала тәрбиесінде әрдайым көмекке мұқтаж. Сондықтан баланың жай-күйін қадағалауды әке де теңдей бөлісе алады. Қолы қалт еткенде баласына тамақ беріп, киімін ауыстырып, жуындырып, ұйықтатса несі айып? Кей ер кісілер мұндай іске өте икемді келеді. Өйткені, әкелер әлдеқайда мықты, салмақты, әрі ұйымдастырғыш.

Әкелерге кеңес: баланы қарасқанның айыбы жоқ. Ол тек әйелдің міндеті емес. Мұндай көмектен тартынбасаңыз, бақытты отбасының иесі атанасыз. Әйеліңіз де шаршап-шалдығып құламайды. Ондайда балаңыздың әр қылығын жаныңызбен түсініп, жүрекпен саралайсыз.

Әке-дос

Ұл баланың санасында әке ойын, қимыл-қозғалыс, еркелік-тентектікпен сипатталады. Ал аналар бұл салаларда әлдеқайда ұқыпты. Қауіпсіздікті жақсы көреді. Балаға, әсіресе ұл балаға іштегі қуатты сыртқа шығару маңызды. Ол секіріп, жүгіріп, ағашқа өрмелеп, іштегі энергиясын шығарып алуы керек. Бала осылайша өзінің қимыл-қозғалысын реттеуге дағдыланады, кеңістікте өзін ұстауды меңгереді. Сосын жәй ғана шынайы күліп, ойнауды жаны қалап тұрады.

Әкеге кеңес: өз ұлыңызбен жиірек ойнаңыз. Үйде де, тыста да. Барлық белсенді ойындарды өз мойныңызға жүктеп алыңыз. Анасына кітап оқып беру мен дамытатын ойындарды қалдырыңыз. Өйткені, белсенді ойындарды сізден артық ұлыңызға ешкім үйретіп, көрсетіп бере алмас.

Ұл әкеге еліктеп өседі

Белгілі ғалым Зигмунд Фрейд «Үш жастан кейін ұл бала өзін әкесімен салыстырып өседі» деген болатын. Бала өскен сайын әкенің қимыл-әрекетін, әдетін, мінезін өзіне сіңіре бастайды. Әкенің өмірлік көзқарасын бойына жұқтырады. Адам баласына қарым-қатынасын да солай етеді. Өзіне де, шешесіне де әкенің көзімен қарайтын болады. Психологтардың айтуынша, осы себепті баланың тәрбиесінде әкенің рөлі зор. Ұл бала әкенің мысалымен өседі. Соның бойындағы қасиеттерден нәр алады. Сол арқылы тұлға болып қалыптасады.

Әкеге кеңес: Сіздің ұлыңыз – сіздің айнаңыз. Оған лайықты мысал болыңыз!

Тәлімгер-әке

Әкенің тәлімгерлік қызметі баланың мектепке баратын сәтінен бастап күшіне ене бастайды. Анаға қарағанда әкенің беделі ұл баланың алдында әлдеқайда жоғары. Сондықтан жауапкершілігі бар әкелер осы кезден баласының тәрбиесіне белсене атсалысқаны құба-құп. Әкесі баласын жетектеп қоғаммен араласуға алып шығуы тиіс. Әкесі араласуды, өз мақсатына жетуді, ұрыс-керісті шешуді, достасуды, қыздармен дұрыс қарым-қатынас құруды үйретуі керек.

Әкеге кеңес: Сабырлы болыңыз. Көрегенділік танытыңыз. Ерінбей ұл баланың тәрбиесіне қатысты әдебиеттерді бір шолып шығыңыз. Сіздің ата-анаңыз қандай тәрбиеге мән бергенін сараптаңыз. Олардың тәрбиесі сіздің өміріңізді қаншалықты мәнді еткенін бағамдаңыз. Сізге жетістікке жетуге не септесті? Не кедергі болды?

Әке – ұл үшін ең қымбат жан. Ең биік шың. Ең асқақ асқар. Баланың өзін емес, оның әрекетін бағалауды үйреніңіз. Егер тек балаңызды бағаласаңыз, әлде оның кемшілігін ғана айтсаңыз, ұлыңыздың өзі туралы пікірі нашарлап, оның ақыры қоғамда өзін жайсыз сезінуге әкеп соғады. Жетістікке жетуі үшін жарқын мысалдарды көрсете біліңіз. «Сен жамансың» деудің орнына, «сен дұрыс істемедің» деп айтып дағдыланыңыз. Балаға дұрыс тәрбие беру үнемі ұрсып-зекуден тұрмайды. Керісінше, үздіксіз жақсы ісін мақтау арқылы адамның өзіне деген сенімін нығайтуды мақсат тұтыңыз.

islam.kz

@. @assel_assanova