Нағыз әйел қандай болуы керек?

Нағыз әйел қандай болуы керек?
Фото: stepisvet.ru

Қай әйел болмасын жұбайының сүйіктісі, қалаулысы болғысы келеді. Бірігіп құрған отбасының шырқын бұзбай, мейірімді, тартымды болуға тырысады. Бұл туралы көптеген басылым беттерінен кездестіре аласыздар. Басылымдардың дені жұбына жақсы қарап, оның жұмыстағы мәселелерімен бөлісіп,  үйде жайлы атмосфера туғызуға кеңес береді. Алайда бұл әрекеттер нағыз әйел болудың нақ қадамдары ма?

Тәжірибе жүргізетін психологтар, егер сүйіктіңізге тартымды, қызықты болып көрінгіңіз келсе, алдымен өзіңізге өзіңіз таңданыңыз деп кеңес береді. Әйел алдымен өзіне қызығу, тамсану, сену арқылы жан-жағындағылар жұмбақ көрінген аруды шешкісі келіп, қызығушылықтары арта бастайды. Егер қыз-келіншектер өзін бағалай алмай, басқалардан төмен санаса, оған ешқашан күйеуінің тарапынан мақтаулар мен қошеметтер болмайды. Әйел затына ең алдымен нәзіктік керек. Өзін өзі ұстауымен еркешеленіп, сабырлы, салмақты сөйлеу қажет. Кейін өзін сақтап, сырт келбетін күту керек.

Қоғамда таңдағанына қосылып, тұрмысқа шыққан келіншектерден бір кемшілік аңғарамыз. Әдетте олар тұрмысқа шыққанға дейін тартымды, сымбатты жүріп, күтінсе, отбасын құрғаннан кейін, тұрмыстың күйбең тіршілігіне бой беріп, өздерін мүлдем ұмытып кететіндер  аз  емес. Балаға қарап, күйеуінің жағдайын жасап, жан-жаққа үлгере алмай дел-сал боп жүргенде, күйеуінің басқаларға көз салып жүргенін де байқамай қалады. Ондай жағдайда кінә тек бір адамнан емес, қателіктер екі адамда да болады.

Сондықтан да әйел адам үйде жүріп те, өзінің сыртқы келбетін, сымбатын күтуге, гардеробын жаңартып отыруға уақыт таба білуі керек. Егер ол өзінің сыртқы келбетіне көңілі толса, өзінің сұлу екеніне сенімді болса, оған жарымен жыныстық қарым-қатнасқа түсу де аса қиынға соқпайды.

Күйеуі көзіне шөп салған әрбір әйел белгілі бір дәрежеде өзіне деген сенімін жоғалтады. Сізді ойыңызша, мына екі типтегі әйелдің қайсысы дұрыс шешім қабылдайды? Дәмі тіл үйірер дәмді тамақ жасап, өзін ретке келтіруге үлгермеген әйел ме, жоқ әлде, тамақ жасауға уақыт бөлмей, күйеуін көздің жауын алатын, жанын еліктірер ішкиімдермен қарсы алған әйел ме? Жанын рахатқа бөлер төсектегі жаттығулардан соң да тамақтануға мейрамханаға баруға болады емес пе, әрине күйеуіңіз қиылып шақырып тұрса.

Әрбір әйел оның махаббаты патологиялық тәуелділікке түспес үшін, өзіне қарауды, өзін күтуді ұмытпағаны абзал. Сымбатыңызды әдемі қалыпта сақтауды әсте естен шығармаңыз. Рухани жағынан да тоқырап қалмай, байыта түсіп, оптимистік көзғарасты ұстаныңыз. Сонда жұбайыңыздың назары тек сізге ауып, сіздің әйелге тән еркелігіңіздің барлығын сүйсіне көтереді. 

Н. Айдархан