- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Мария Монтессори бала...
Мария Монтессори бала тәрбиесіне қатысты өсиет сөздері
ХХ ғасырда педагогикалық тәрбие саласында революция жасағандар 4 педагог болатын. Олар: америкалық Джон Дьюи, неміс Георг Кершенштейнер, итальялық Мария Монтессори және Антон Макаренко.
Мария Монтессори өз еліндегі доктор дәрежесіне жеткен алғашқы әйел ретінде тарихта қалды. Өмір жолын бала тәрбиесіне сарп ету нәтижесінде тәрбиеге қатысты ең үйлесімді жүйе қалыптастырды. Мария Монтессори өз тәжірибесі нәтижесінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты ата-аналарға арналған өсиет сөздер қалдырған.
Оқып отырсаңыз, олар өте қарапайым, бірақ түбіне үңілсеңіз аз сөздің көп мағынаға толы екенін ұғасыз.
Осы өсиеттерге сай әрекет жасаған ата-ананың баласы жан-жақты әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңірген тұлға болып шығары анық:
– Бала өзін қоршаған дүниелерден үйренеді.
– Баланы үнемі сынай берсеңіз – ол өзгені кінәлауға бейім болады.
– Баланы үнемі мақтап жүрсеңіз – ол бағалауды үйренеді.
– Егер бала үнемі өшпенділікке куә болса – оның төбелеске әуестігі артады.
– Егер бала адалдық көрсе – ол әділ болады.
– Егер балаға үнемі мысқылдап күлсеңіз – ол жасық болады.
– Егер бала қауіпсіз ортада өссе – онық сенімі берік болады.
– Егер баланы үнемі масқараласа – ол өзін кінәлі сезінумен өтеді.
– Егер баланы үнемі қуаттап отырса – ол өзі туралы жақсы пікірде бодады.
– Егер балаға кішіпейіл болсаңыз – ол төзімді болады.
– Егер баланы жиі көтермелесеңіз – ол өз-өзіне сенімді болады.
– Егер бала мейірімді ортада тәрбиеленсе – ол әлемнен махаббат көруге тырысады.
– Баланы жамандамаңыз. Өзінің де, өзгенің де көзінше.
– Баланы бойына жақсылық жиюға тырысыңыз. Сонда жамандыққа орын қалмайды.
– Баланың айтқанына үнемі зер салып жүріңіз.
– Қателігін түзете алатын баланы сыйлай біліңіз.
– Ізденіс үстіндегі балаға көмектесіңіз, ал іздегенін тапқанға кедергі келтірмеңіз.
– Баланың бұрын-соңды игермеген дүниесін үйрету барысында сабырлылық пен сүйіспеншілік танытыңыз.
– Балаңа қатысты үнемі өзіңіздің тек жақсы қырыңызды көрсетіңіз. Бойыңыздағы бар игілікті балаңыздан аямаңыз.
Жалпы, халықта: «Баланы емес, өзіңді тәрбиеле, ол бәрібір саған тартады» деген сөз бар, сол себепті өзіңізді тәрбиелей жүріңіз.
А. Оралқызы