- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жатын бөлмеге қойылатын...
Жатын бөлмеге қойылатын үй гүлдері
Жатын бөлмеге қойылатын бөлме өсімдігіне аса мән берген жөн. Себебі, біз жатын бөлмеде демаламыз және қуатымызды қалпына келтіреміз. Дұрыс таңдалған гүл жүйке жүйесін тыныштандырады, көңіл күйді жақсартады және түні бойы қатты ұйықтауға көмектеседі. Жатын бөлмеге қоюға болатын бөлме өсімдіктерін ұсынамыз.
Камелия
Бұл әдемі бөлме өсімдігі отбасы мүшелерінің көңіл-күйін көтеріп, үйдегі жағымсыз энергияны бейтараптандырады.
Алоэ
Алоэ де жатын бөлмеге қоюға болатын өсімдіктердің бірі. Себебі ол кешке қарай белсенді түрде оттек бөліп, көмірқышқыл газын жұтады. Сондықтан түнге таман бөлменің ауасы таза әрі балғын болып тұрады. Сонымен қатар, алоэ 90% формальдегидті (өткір иісі бар түссіз газ) жұтып алады. Соның себебінен үйдегі жиһаздар бөлетін улы заттардың азаюына себепші болады. Алоэге күтім жасау қиын емес, ол жиі суаруды және ерекше шарттарды қажет етпейді.
Шегіргүл (Фиалка)
Шегіргүл тыныштандыратын және күйзелістен арылтатын қасиетке ие. Сонымен қатар, ол ерлі-зайыптылардың бір-бірін жақсы түсінуін қамтамасыз етіп, ұрыс-керісті азайтады. Адамға әсер ету шамасы шегіргүлдің гүліне тәуелді. Мысалы, ақ гүлдер қатты сезімді жұмсартып, жүйке жүйеге түсетін жүктемені жеңілдетеді. Ал күлгін гүлдер бір-бірін түсінбейтін және бірлікті сезінбейтін отбасы мүшелеріне жақсы келеді. Мұндай түсті шегіргүл үйдегі барлық кері энергияны жоюға көмектеседі.
Спатифиллум
Спатифиллумді халық арасында «Әйел бақыты» деп атайды. Осы бөлме өсімдігін үйге қойсаңыз, тұрмыс құрмаған қыздар өз махаббатын жылдам табады делінеді. Ал сәби аңсап жүрген отбасылық жұп көп күттірмей балалы болады екен. «Әйел бақыты» гүлі қарым-қатынасты реттеп, жайлылық пен тыныштық сыйлайды. Сонымен қатар, спатифиллум ауадағы зиянды заттарды жұтып, ұзақ әрі тыныш ұйқымен қаматамасыз етеді.
Қазтамақ (Герань)
Қазтамақ фитонцид деп аталатын ерекше зат бөледі. Ол ауаға дезинфекция жасап, жүйке жүйені тыныштандырады және тыныш ұйқымен қамтамасыз етеді. Бұл өсімдік ұйқысыздықпен ауыратын адамдарға жақсы көмектеседі. Сонымен қатар, қазтамақтың иісі көптеген жәндіктерді жолатпайды. Оның иісі өткір болғандықтан, төсекке жақын қоймаған жөн.
Жалғасы бар...
А. Жапатова