- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Жүкті әйелдерге арналған...
Жүкті әйелдерге арналған кеңестер
Жүктілік кезеңі керемет, алайда оңай емес. Бұл кезеңде болатын қиыншылықтар қатары барлық әйелдерге дерлік таныс. Бүгінгі материалда болашақ аналарға қажет болуы мүмкін кеңестер ұсынамыз.
Кинезио тейп
Кинезио тейп — спорттық медицинада қолданылатын желім негізінде жасалған созылғыш лента. Жүктілік кезінде құрсақта үнемі өсу үдерісінде болатын баланы көтеру үшін күштің барлығы арқаның төменгі бөлігіндегі бұлшықеттерге түседі. Сондықтан жүкті әйелдер арқаның ауыруынан көп шағымданады. Жүктілік кезінде препараттарды қолдануға болмайтынын бәріміз білеміз. Сондай жағдайда бандаж (ішті буатын белбеу түрі) немесе кинезио тейп лентасын ұсынады. Кинезио тейп арқа бұлшықетіне түсетін күшті жеңілдетіп, қан айналымын жақсартады. Әрине, бұл құралдарды міндетті түрде дәрігердің кеңесімен ғана қолдануға болады.
Үрмелі шеңбер немесе матрас
Қазіргі кезде жүкті әйелдерге арналған арнайы үрмелі матрастар бар. Мұндай матрастың ортасы ойылған. Етпетімен жатуды аңсап жүрген болашақ аналарға арналып жасалған. Екінші жағынан, осылай жату арқылы арқадағы ауыртпалықты бір түсіріп алуға болады. Егер арнайы матрас қолжетімсіз болса, суға түсуге арналған үрмелі шеңбер де жарайды.
Шашқа арналған резеңке
Жүкті әйелдің іші енді шығып келе жатқан кезде сүйікті джинс шалбарын шашқа арналған резеңкенің көмегімен киюіне болады.
Қосымша белдік
Жүктілік кезде іш үлкейе бастаған сайын күнделікті киімдеріңіз қысқарып, ішіңіз ашық тұрады, өзіңізді ыңғайсыз сезіне бастайсыз. Мұндай жағдайда жаңа киім алмай-ақ, ескі бір майкаңызды белдік ретінде қиып тастауға болады. Содан соң оны киімнің астынан қосымша киіп аласыз.
Былғары белбеу
Кез келген жіңішке былғары белбеуді киімнің сыртынан іштің үстіңгі жағына тағып алсаңыз, киіміңізді жинақы әрі сәнді көрсетеді.
А. Жапатова