- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бөлме ақгүлін (жасмин)...
Бөлме ақгүлін (жасмин) қалай күтеміз?
Бөлме гүлдерін сүйетін, алайда бақшасы жоқ адамдар ақгүлді (жасмин) үйде оңай өсіре алады. Бөлме ақгүлі хош иісті гүлі бар лиана түрінде (шырмауықтың бір түрі) өседі. Ақгүлдің 200-300 түрі бар. Олар үй жағдайында бірнешеуі ғана өсіріледі.
Ірі гүлді ақгүл (емдік ақгүл). Ол ұзын тармақтары бар, кішкентай жапырақтармен бүркелген жасыл лиана болып келген. Көктемнен күзге дейін хош иісті ірі ақ гүлдері болады. Дүкеннен сатып алатын көк шайдың құрамында осы ірі гүлді ақгүлдің репродуктивті мүшесі бар.
Қысқы ақгүл. Бұл гүлдің ерекшелігі – қыста гүлдеуі. Оның гүлдерінің түсі ашық сары. Ол сәуір айына дейін гүлдеп тұрады.
Бәйшешекті ақгүл. Бұл өсімдіктің де гүлі сары болып келеді. Пішіні бәйшешекке ұқсайды.
Ақгүлді үй жағдайында өсірудің басты ережелері:
– Жарық. Бөлме ақгүлі ашық күннің көзін сүйеді. Сондықтан оны терезенің алдына қояды. Жазда ақгүлді балконда немесе бақшада ұстап, түнге қарай үйге кіргізіп қойған жөн. Өсімдікті көктемнен бастап күннің көзіне ақырындап үйрету қажет;
– Жылу. Бөлме ақгүлін үйде өсіру барысында бөлмедегі ауа температурасын +18 +25º шегінде ұстау керек. Қыста ақгүл гүлденіп тұруы үшін ауа суық болғаны жақсы. Ақгүл қыста жылы жерде өзін жақсы сезінгенмен, ары қарай ұзақ гүлдеп тұруы екі талай. Ақгүл тұрған бөлмені жиі желдетіп тұрыңыз;
– Ауа ылғалдылығы. Қоршаған ортаның бұл көрсеткіші жоғары болғаны жақсы. Гүлдің айналасындағы ауаның ылғалдылығы әрдайым жоғары болып тұруы үшін жылы күндері ауаға тұрып қалған суды шашып тұруға болады.
– Қыш құмыра мен топырақ. Ақгүлді орташа көлемді ыдысқа отырғызады. Қыш құмыраның түбіне сусіңгіш қабат (мысалы, керамзиттен) жасайды. Егер гүлді жаңадан отырғызатын болсаңыз, тыңайтқышы бар дайын топырақ алған жөн.
Бөлме ақгүлін қалай суарамыз?
Ақгүл белсенді өсу кезінде гүл астындағы беткі топырағының ылғалдылығы мол болғаны жақсы. Сондықтан топырақ беті кебе бастаған кезде суару қажет. Күзде суаруды азайтады. Қыста ақгүлді абайлап суару керек. Көп суарылып қойса, өліп қалуы әбден мүмкін. Көктемнен бастап күзге дейін бөлме ақгүлін айына 2 рет тыңайтып тұрған жөн. Ақпан айында ақгүл жақсы өсіп кетуі үшін оның қатты ұзын, шіріген, құрғап кеткен, дамымай қалған тармақтарын қиып тастайды.
А. Жапатова