Жүктілік кезіндегі ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ)

Ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) – диагноз қоюда, жатырдағы ұрықтың күйін бақылауда кеңінен қолданылатын тексеру әдісінің түрі. Зерттеудің бұл түрі ұрықтың жынысын анықтап қана қоймай, болашақ нәрестенің жатырдағы дамуынан толық ақпарат береді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бекіткен ереже бойынша жүктілік барысында үш рет ғана УДЗ жасауға рұқсат берілген. Ол мына уақыт аралығында жүргізіледі: 

1. 10-14 апта 
2. 20-24 апта 
3. 30-34 апта 
​ 
Алғашқы УДЗ дәрігерге жүктілік мерзімін нақты анықтауға және ұрықтың дамуында қандай да бір ауытқушылықтар бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Жатырдағы нәрестенің дамуы, жолдасының (плацента) күйі, қағанақ суын (околоплодные воды), босанғанға дейін баланың жынысы келесі зерттеулер барысында бақыланады. 

20-24 аптада барлық ұрық органдары толықтай дамып, қалыптасады. Осы кезеңде жасалатын УДЗ сол дамыған ағзалардың қалыпты жағдайдан ауытқуын анықтауға мүмкіндік береді. УДЗ арқылы ұрықтың бет-пішінін көріп, көзінің арақашықтығын байқап, мұрын сүйегінің ұзындығын, ерін және таңдай жырығы ауруларын көруге болады. Ми, жүрек, асқазан, өкпе, бүйрек, ішек, қуық, омыртқа қалай дамып жатқаны туралы да білуге болады. Сондықтан осы кезеңдегі УДЗ-ның маңызы жоғары.

30-34 апталық кезінде жүргізілетін үшінші УДЗ-нің негізгі мақсаты – баланың босанар алдындағы жағдайы мен жатырда қалай жатқанын анықтайды. Яғни бала басымен немесе құйрығымен келіп тұр ма, кіндік мойынға оратылып жатқан жоқ па, салмағы қандай, бұрынғы зерттеулер кезінде байқалмай қалған ақаулар жоқ па – осы сұрақтарға жауап алынады.

Жүктілік кезінде кей аналар «құрсағымдағы сәбиіме УДЗ зиян» деп бас тартады. Бұл дұрыс емес. Оның соңы сәби дамуындағы аздаған ақаулардың үлкен кемшіліктерге ұласуына алып келеді. 

Дереккөз: anabol.kz