- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бала тәрбиесі: Қателік...
Бала тәрбиесі: Қателік жібермеу
Келешегіміз келісті, болашағымыз баянды болуы – жас ұрпақтың қолында. Ол ұрпақты кісілігі мол Адам етіп тәрбиелеу – біздің мойнымызда. Сондықтан тәрбие ісін бәрінен биік қою керек, бір қадам қате басуға болмайды.
Бала ашуланса, оған ешқашан ашумен жауап бермеңіз.
Он бес минут. Бастан асатын шаруаңыз болса да, осы күні бітпесе болмайтын ісіңіз болса да балаға күніне кем дегенде 15 минут арнауды міндетіңіз санаңыз. Бұл уақытты оқуға, тәрбиелеуге жұмсамай, баланың қалауы бойынша өткізіңіз. Арадағы жақындықты, махаббатты сездіретін он бес минут тек қуанышқа толы болуы керек. Бірге ойнаңыз, бірге күліңіз, өзін бақытты бала сезінуі үшін он бес минут толық жететіндей әсер етіңіз.
Тыйым салу. Балаға шектеу қойған кезде даусыңыздың екпініне көңіл бөліңіз. Ұрсу, жеку ретінде емес, кеңесу, сырласу түрінде білдіріңіз. «Олай етуге болмайды», «ешқашан бұлай жасаушы болма!», «неге олай істедің?» деген қатаң ескертулер баланы мезі етеді. Оған құлақ та аспай, күнделікті кеию секілді қабылдайды. «Мен болмайды дегесін, болмайды!», «айттым бітті!» деген бұйрықтардың орнына, «Олай етпеген дұрыс, себебі...» деп теріс ісінің соңы неге апарып соғарын түсіндіріңіз.
«Енді кәмпит жесең, тісіңді қағып аламын!» деудің орнына, «Балам, кәмпит жесең тісіңе құрт түседі, мен сенің тісің ауырғанын қаламаймын. Одан кейін дәрігерге барып ауырған тісіңді емдетуге тура келеді» деп түсіндіріп бағыңыз.
Құрдастарымен қарым-қатынасы – мектепке бару, үйірмеге қатысу секілді міндетті істерінің біріне кіреді. Ойнау мен достық орнатуға да арнайы уақыт бөліп қою керек. Адамдармен дұрыс араласа алмайтын бала тасбауыр, безбүйрек боп өседі.
Құрметтеу және түсіністік. Бала бірнәрсе бүлдірсе, оның себебін анықтаңыз. Балаға басқа қолданатын еш шара қалмаған жағдайда ғана жазалауға болады. Ол өзін не үшін жазалағаныңызды міндетті түрде түсінуі керек. Басқа біреудің кінәсін балаға жаппаңыз. Таз ашуын тырнадан аладының кебін киіп, себепсіз ұрып-соқсаңыз, баланы тек ызақор, кекшіл етіп тәрбиелейсіз, пайдасынан зияны көп болады. Жазалаудың нәтижесі болады деген жағдайда ғана қолданған абзал.
@. @assel_assanova