Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі

Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі
Фото: www.akjolgazet.kz

Жүздеген мамандық, кәсіп түрі бар. Бірі темір жолын құрайды, басқасы үй салады, үшіншісі бидай өсіреді, төртіншісі адамдарды емдейді, бесіншісі киім тігеді. Сөйте тұра, күзетшіден бастап министрге дейін барлық кәсіп иелерін алмастыруға болады. Орнын толтыруға болмайтын бір ғана мамандық бар. Ол – ұлға әке болу. «Әке көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер», «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақылдар «әке» мамандығының қадір-қасиетін артық ауыз сөзсіз-ақ ұғындырып тұр. 

Әке беретін дәрумен

«Бірде баласының мазасыздығынан әбден мезі болған Қожанасырдың әйелі ашуға беріліп: «Отағасы, бұл менің ғана балам емес. Сен де оның әкесі саналасың. Олай болса, бала бағуға сенің де көмектесуің қажет. Оған 12 сағат мен қараймын, 12 сағат сен қарайсың» деп шарт қояды. Қожанасыр амалсыздан келіседі. Ұйқыда жатса әйелі иығынан түртіп: «Тұр, сағат 12 болды, менің кезегім аяқталды, енді сен қарайсың» деген екен. Сонда ол: «Сен өзіңе тиесілі бөлікті қарап біттің бе? Онда менің бөлігімде жылай берсін» деп жауап береді».

Иә, бұл бір сәттік әзіл болғанымен, астарында ащы ақиқат жатыр. Бала бір нәрсені бүлдірсе, бұзықтық жасап қойса әке тараптан анаға айтылатын: «Балаңа қарамайсың ба?», «Осы сенің тәрбиеңнен!», «Осыған ие болмай не істеп жүрсің?» сынды айыптарды құлақ шалуымыз соның айғағы. Еркектің тұрмыс қамымен түзде жүретіндігі рас. Бірақ, оның бұл әрекеті жауапкершілікті әйелдің мойнына артуын ақтамайды. Өйткені әйел беретін дәруменді еркек, еркек беретін дәруменді әйел ешқашан бере алмайды. Су оттегі мен сутегінің қосындысымен ғана кемелдігіне жететіндігі секілді, әке мен ана өз орнында болғанда ғана бала тәрбиесі, отбасы иммунитеті жақсы көрсеткішке жетеді. Балаға теледидардағы біреу емес, өз әкесі үлгі болса – ең үлкен жетістік.

Әке мінезі балаға жұғады

Баланың бойындағы ер мінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әке арқылы қалыптасады. Әкенің бойындағы қасиет балаға беріледі немесе «жұғады». Қазір балабақшадағы, мектептегі, университеттегі тәрбие әйел адамдардың қолында екендігі де жасырын емес. Әсіресе осы кезеңде әкенің тәрбиеге араласуы өте маңызды. Қарапайым ғана шеге қағу, балға ұстау, шұрып бұрау, ат міну, аяқ киім тігу, электр тоғын жалғау сынды әйелдің шамасы келмейтін шаруаларға баулу да әке мойнына артылған. Әке көрмеген бала ертең балға сұраса ара әкеліп жатса таңғалмаймыз. Баланы өзімен бірге ертіп жүру, шамасы жетпейтін шаруа болса да жай ғана қарап тұруға қалдыру, көлік жуғызу, анасы мен қарындастарына ауыр заттарды көтертпеуге үйрету – ертеңгі күні жеміс беретін әдістерден.

Қарындасы мен анасын қызғану - әйелін әлпештеудің ұшқыны 

Жасынан қарындасына қызғанышы қалыптасқан еркек әйелінің аманатына берік әрі оны әлпештей алатын болады. Өйткені қарындасы – ағасының ар-ұятының негізгі өлшемі. Қарындасты қызғану бұл – әр ер адамның бойынан намысшылдық, ұлтын сүю секілді қасиеттерді оятатын тәрбиенің алғашқы ұшқындары. Қору, қызғану өзiне аяулы болған дүниенi өзгеге қимағандықтан болатын сезiм. Сондықтан балаға қарындасын қараңғыда қалдырмауға, сөмкесін көтеріп жүруге, аналарына ауыр көтертпеуге үйрету, әке жоқта үйге келген кісіге есік ашып, сөйлесуге, телефон қоңырауын өзі көтеріп, жауап беруге дағдыландыру қажет-ақ. Ата-дәстүріміз бойынша, еркек үйде жоқ кезде бөтен ер кісілер үйге кірмеген. Осы нәрселерді білген, анасы мен қарындасын қызғануды түсінген бала ертең әйелін де қызғанып, қорғай алады.

 Әке мысы 

Қазір ғаламтор беттерінде: «Балалар «Тамақ ішкім келеді?», «Ақша бар ма?», «Қандай киім аламын?», «Кіммен дос боламын?», «Пәлен деген затым қайда?», «Қайда қыдырамыз?», «Сабағыма көмектесші» секілді барлық сауал-өтініштерін анасына бағыттайды. Әкелеріне «анам қайда?» деген бір ғана сауал жолдайды» деген мәтіндегі сурет-видеолар кең таралуда. Иә, әке – үйдің патшасы. Өзінің рационалдылығымен баланың өміріндегі ең маңызды таңдауларға жол сілтеуші. Дегенмен бала тәрбиелеудің бабалардан жетіп, алайда қаймағы бұзылғалы тұрған тағы бір әдісі бар. Ол – қас-қабақпен басқару, тәрбиелеу. Яғни, «әке мысы», «сесі», «қатулығы». Оның бұл қаталдығы, талапшылдығы баласын жек көргенінен емес. Түздегі әке перзентін, ұрмаса да, ұрыспаса да, бала содан қаймығып сескеніп, құрметтеп өсуі тиіс. Еркек образының жиынтығын әкесінен көргені абзал. Ол үшін аналарымыздың көмегі қажет. Олар балаларына «әкең біледі», «әкең шешеді» «әкеңмен ақылдас», әкең ренжиді, әкең рұқсат бермейді» дегенді жиі айтып, өзі де күйеуіне патшадай құрмет көрсете білуі тиіс.

Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам,  сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі.

«Жақсы маман – жұмысын жақсы атқарушы емес, білгенін үйретіп, жақсы маман дайындай білуші». Сол секілді еркек қандай әке бола алғандығымен де бағаланады. Ұлыңызға беретін «ең жақсы сыйыңыз» мәнді, берекелі, жемісті болсын!

Дереккөз: namys.kz

О. Сансызбай