- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Махаббатсыз дүние бос...
Махаббатсыз дүние бос (Жігіт күнделігінен)
Біле білсең өмір деген өткінші,
Аз ғұмырда көп қуанып, көп күлші.
Маған ұқсап, аспандағы ай мен күн,
Көздеріңе ғашық болып өтсінші...
Ұлықбек Есдәулетов
Мен – қыр мұрынды, қой көзді, ұзын бойлы, қара торы келген денелі жігітпін. Есімім – Батыр. Ата-анамның ерке өскен жалғыз ұлымын. Мектеп жасында қыздар арасында танымал болатынмын. Оқуымды жақсы оқығаныма, сымбатты денеме, сегіз қырлы бір сырлы жігіт болғаныма қыздар қызыққан болуы керек. Бірақ мен үшін оқу алдыңғы орында болып, ешкімге көз қырымды салмайтынмын. Сөйтіп жүріп мектепті де, жоғарғы оқу орнын да аяқтап, инженер-энергетик маманы атандым.
Сап-сары жапырақтары мен салқын ауасын алып, күздің алғашқы күндері де жеткен еді. Неге екенін білмеймін, күз мезгілі жетсе, денемді ауырлық сезімі басып, көңілсіздік жанымды жаулап алады. Осындай күздің салқын, жаңбырлы күндерінің бірінде аспаннан түскен періштедей сылқым күлкіңмен күн секілді айналаңа нұрыңды шашып қара асфальт жолдың арғы жағында сен тұрдың. Сен жалғыз емес едің, жаныңда екі құрбың болды. Орта бойлы, ақшылдау келген, сымбатты мүсініңе көз тояр емес. Қарақаттай қап-қара мөлдіреген көздеріңде бүкіл әлемнің сұлулығы тұнып тұрғандай. Қою қара, ұзын шашыңды жел өзімен бірге ертіп алып кеткісі келетіндей. Үстіңе киген жеңіл күртешең мен көйлегің де өзіңе құйып қойғандай еді. Арадағы жолдың өзі екеумізге кедергі еместей...
Мен саған сырттай тамсана қарай беремін. Сен оны байқамадың да. Кейде менің көздеріме еріксіз сенің көзің түсіп кеткенде жанарымды басқа жаққа бұрып ап кетем. Сен басқаша ойлап қалама деп қорқамын. Осылай сүйсініп тұрғанымда жеңіл көлік келіп тоқтай қалып, үш қыз бірінен соң бірі мінді де кетті. Мен сені үнсіз ғана жанарыммен шығарып салдым.
Сол күні өз-өзіме іштей нала болдым. Неге сенімен таныспадым? Неге атыңды сұрамадым? Неге нөміріңді алып қалмадым? Неге мен тым болмағанда алғашқы қадамды жасамадым? Енді мен оны көремін бе, жоқ па деген ойлар ішімді жегідей жеп тынды. Кешке жақын сол аялдамадан түсіп көңілсіз ғана, басымды көтерместен жүре бердім. Бір кезде сылдыр сыңғыр күлкімен келе жатқан үш қыз мені байқамай қағып өтті. Басымды көтере бергенім сол еді, таңертең аялдамада көрген қыз майдақоңыр дауысымен кешірім сұрады. Мен не дерімді де білмей оқа етпес дегендей басымды изей беріппін. Үшеуің құйындай жұйтқып өтіп, алда тұрған саябақтағы орындықтарға жайғаса кеттіңдер. Енді менің жүрісім баяулай бастады. Себебі, саған мейлінше ұзағынан қарай түскім келді.
Қарасам, жаңағы күлкіден сенің жүзіңде ізі де қалмапты. Апыр-ай, неліктен көңіл күйі түсіп кетті екен?! «Қанекей, күлші», - деп қоям ішімнен. Менің ішкі тілегімді орындаған жоқсың. Сендердің жандарыңнан өттім де кеттім. Болмайды бұлай. Енді сенімен таныспасам, өкінетінімді білдім. Гүл сататын дүңгіршікке жүгіріп кіріп, бір тал қызыл розаны алып, қалай ұшып сенің жаныңа барғанымды да сезбей қалдым. Ентігіп жетіп, тура сенің қақ алдыңда тұрдым.
Ұзын кірпігіңді әрең ашып-жұмып маған таңдана қарап сен тұрдың. Менің саған тесіле үнсіз қарап тұрғанымды жаныңдағы қыздар көріп, мына гүл кімге деп сылқ-сылқ күліп жатыр. Мен есімді сол кезде жидым. «Бұл гүл сізге, мұңаймаңыз. Сізге күлкі сондай жарасады», - деп гүлді саған ұсындым. Таңданып тұрып, сәл ғана жымиып, гүлді қолыңа ала бердің»
09.09.2007 жыл
Жалғасы бар...
Жолдаған: Ақерке Талғатқызы
Ф. Абилова