- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Той алдындағы қобалжуды...
Той алдындағы қобалжуды жеңу үшін
Кез келген қыз бала той күні ғана емес, дайындық кезеңінде де қобалжып жүреді. Бұл қалыпты жағдай. Себебі сіз өмірдің жаңа кезеңіне өткелі тұрсыз. Алайда дайындық барысында жан баққаныңыз абзал. Қалайша?
1. Дайындыққа көбірек уақыт бөліңіз. Сонда уайымға уақыт қалмайды. Тек көйлек пен фата таңдап қана қоймай, той өтетін жердің интерьерін ойластырыңыз. Шараның өтуін бастан-аяқ жоспарлаңыз. Ал егер декордың кейбір элементін өзіңіз жасасаңыз, жүйкені басып, тынышталасыз.
2. Тойға дейін сүйіктіңізге көбірек уақыт бөлуге тырысыңыз. Бірге фильм қарап, саябақта серуендеп, тауға шығып, той туралы әңгімелесіп тұрыңыз.
3. Өзіңізге көңіл бөліңіз. Жиі ванна қабылдап, үй жағдайында спа процедураларын (лосьон, скраб, пилинг) жасап тұрыңыз. Классикалық, жеңіл музыка тыңдаңыз. Уақыт табылса, йога немесе фитнеспен айналысыңыз. Спорт күш-қуатты қалыпқа келтіріп, жүйкені жайландырады.
4. Дұрыс тамақтануға тырысыңыз. Егер сіз тек сапалы, пайдалы тамақ жесеңіз, көңіл-күйіңіз көтеріңкі, энергияңыз мол болады. Демек қобалжуды да тоқтатасыз.
5. Қандай да бір спорт түрімен айналысып көріңіз. Тіпті, жай ғана үйді айналып жүгіре бастасаңыз да бұлшықетіңіз біраз босаңсып қалады. Нәтижесінде уайым мен қобалжудан арыласыз.
6. Бала кезіңізде жиі демалған жерлерге барыңыз. Жағажай, көл, тау, саябақ, кафе, балмұздақ дүкені болсын, ара арасында сол жерлерге барып, біраз отырыңыз.
7. Ең соңғысы әрі ең маңыздысы – ата-анаңызға уақыт бөліңіз. Оларға тойға киім, аяқ киім, аксессуар таңдауға көмектесіңіз. Отбасыңыздың жанында жиірек болуға тырысыңыз. Туған бауырларыңызбен кинотеатр, театр, саябақ, ойын алаңы, боулинг, коньки тебуге барып, бала кезіңіздегі қызықты шақтарды естеріңізге түсіріңіз.
Іске сәт! Бақытты болыңыз!
Ф. Абилова