Жігіттерге қандай қыздар ұнайды?

Жігіттерге қандай қыздар ұнайды?
Фото: Абзал Шомитов

Жігіттерге қандай қыздар ұнайды? Ерке, нәзік қызды жар етіп алғанды жөн санай ма, әлде қайсар мінезді арулар ұнай ма?

Бұл сұрақтың жауабын жігіттердің өзінен алған дұрыс. Сол себепті кішігірім сауалнама жүргізген едік.

Ерсұлтан, Алматы: «Жігіттерге қылықты қыздар ұнайды. Олар ердің жүрегін еркелікпен жаулап алады. Дегенмен, қазақ қыздары қашанда орнымен қайратты мінезін көрсете алатын болған. Былай еркелеп жүргенімен, өте қайсар келеді. Ол керек қасиет. Орнымен оянып, орнымен басылып отырады».

Дәурен, Тараз: «Өзін кез келген ортада дұрыс ұстай алатын қыздарды ұнатамын. Еркелейтін жерде еркелеп, салмақты болатын жерде салмақты бола алатын қыздар ұнайды. Таныс емес бөтен ортада өзін байсалды ұстап, жақын достардың арасында еркелеуіне болады».

Олжас, Шымкент: «Қыздардың еркелігі бәрінен жоғары тұрады. Олардың ер мінезді болмағаны жөн, себебі ол жігітті еркелігімен баурайды. Жанұяда бір адам ер мінезді болғаны жеткілікті. Тым ерке болғаны да жаман әрине, алайда уақыт өте келе адамның еркелігі басылады ғой».

Нұрбек, Өскемен: «Ерке қыздар» бәрінің көңілінен шығады. Бірақ қазіргі заман талабына сай ер мінезді қыздар да керек. Өйткені қазір «ұялмаған бұйырмағанды алады» деген заман. Сондықтан ер мінезді қыздарға да қарап жүру керек. Маған сондай қыздар ұнайды».

Азамат, Ақтөбе: «Маған пысық, шаруасына тиянақты қыздар ұнайды. Қарапайым, байсалды, өзін ұстай білетін қыздарға не жетсін! Қыз қайсар мінезді, өзін ренжітуге жол бермейтін болуы керек деп ойлаймын».

Алтынбек, Ақтау: «Қыз ерке, нәзік, биязы болуы керек деп санаймын. Өз орнын білетін, ер адамды ұятқа қалдырмайтын, адал жар болғаны жөн. Өз ойын ашық жеткізіп, пікірін тіке айта алуы керек».

«Болашақ жарыңыздың мінезі қандай болуы керек?» деген сұраққа жігіттер осылай жауап берді. Әрине, әркімнің өз талғамы бар. Бүгінгі сауалнама нақты көрсеткіш емес. Бұл тақырып та сіз де өз ойыңызды бөлісе отырыңыз.

Ф. Абилова