Сіз оған ешқашан дос бола алмайсыз

Сіз оған ешқашан дос бола алмайсыз
Фото: Дарья Лапина

Кейбір ата-ана баласына қамқоршы емес, жақын дос болуды мақсат етеді. Алайда бала ең алдымен, ата-анасын қажет етеді. Ал досын құрдастарының қатарынан іздейді.

Хакім Абай балалықтың мінезін, сырын білмей, қаталдық еткен ата-ананы үнемі мінеп отырған: «Балаға ақылын бұрын бермей, ашуын бұрын берген атадан бала үлгі ала алмайды. О да ашуланады».

Баланың басқаны басып озып, ақылды болуы үшін білім, өнер қажет, бірақ соған жету үшін ата-ана тарапынан қолдау мен қамқорлық, достарының тарапынан назар мен демеу керек.

Достар әдетте балаға бәсекелес, бақталас құрдас ретінде қажет. Ол өзін сыныптас, достарымен салыстырып, қатарынан озуға ынталанады. Ал ата-анасы оған дос боламын деп тырысса, бала ересек адамнан оза ала ма? 

Бала мен ата-ана арасында белгілі бір арақашықтық болғаны жөн. Бала үшін ата-ана – құдіреті мықты жандар. Бала оларды кез келген мәселенің шешімін таба алады, кез келген қиындықтан суырып алады деп санайды. Расында да 18, кейде 25 жыл бойы жауапкершілік баланың өзінде емес, ата-анасының мойнында болады.

Дос, құрбы болғыңыз келсе де, бұл сізге лайық емес екенін түсінуіңіз керек. Оған тек құрдастары ғана нағыз дос бола алады. Бала тек солармен сырласа алады. Қанша жерден «мен баламның жеке өмірі жайлы бәрін білем» деп санайтын болсаңыз да, есейген сайын қызыңыз не ұлыңыз сізден көптеген мәселесін жасыра бастайды. Сол кезде оған сіз дос ретінде емес, ата-ана ретінде қажет боласыз.

Осыған қарамастан анасы қызына құрбы, әкесі ұлына дос болуға ынталанса, балаларының жеке тұлға ретіндегі дербес шекарасын аттап, бұзады. Ересек адамдар өз қатарластарымен, балалар өз құрдастарымен достық қарым-қатынас құруы керек. Әйтпесе әлемнің «балансын» бұзасыз.

Әрине, жасөсіпіріммен сыйласып сөйлесу керек, дегенмен, «ата-ана мен бала» қарым-қатынасын бұзбай, шекарадан аспағаныңыз абзал.

Балаға дос болуға емес, қолдаушы, қорғаушы ата-ана болуға тырысыңыз. Іске сәт!

Ф. Абилова