- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Ер баланы үй...
Ер баланы үй тірліктеріне үйреткен дұрыс па?
Әр отбасының өз тәртібі мен өз заңдары бар. Үйінде қыз бала жоқ отбасыларда көбіне ер жігіттер үй тірліктеріне пысық болып келеді. Мұның бәрі анасына байланысты. Қоғамда «Ер балаға үй тірліктерін жасауды үйрету керек пе?» деген сұраққа екі түрлі жауап естиміз. Осы ойдың төңірегінде әңгіме қозғап көрелікші.
«Керек!» Неге керек?
Үй ішіндегі майда-шүйде тірліктердің бәрін тек әйел адам ғана жасамауы керек деп түсінетін ата-аналар ұлының осы тірліктермен айналысуында тұрған ештеңе жоқ деп біледі. Біз айтып отырған «майда-шүйде тірліктерге» не жатады: Үй жинау, кір жуу, ыдыс жуу, тамақ жасау және тағы да сол секілді бітпейтін тірліктер. Ер баланың мұндай істермен айналысуы қызы жоқ немесе қызы әлі кішкентай анасына қолғабыс болғаны деп түсінуімізге тура келеді. Көбіне мұндай жағдайлар қыз тумаған отбасыларда көп кездесіп жатады. «Ұлдарың қыздан да өтеді екен», «Ұлдары пысық екен», «Ұлдары үй жинап, айналасын тап-таза қылып отыр» деген мақтау сөздерге марқаятын ата-аналар ұл баланың мұндай істерге де шебер болғанын дұрыс көреді. Кейбірі «Ер азамат атанып, үйленіп келіншек алғанша ұл баланың үй жұмыстарының бәрін меңгергені өзіне жақсы» деп жатады. Несімен жақсы? «Әйелі үйде болмай қалған кезде ешкімнің көмегіне жүгінбейді»; «Студент кезде аш қалмайды»; «Әйелі үлгере алмай жатқанда көмектеседі»...
«Керек емес!» Неге керек емес?
Таяқтың да екі ұшы болатыны секілді бұл әдетке де қарсы адамдар табылып жатады. Өйткені олар ас үйдің жұмыстарына араласып, қолына шаңсорғыш пен шүберек алып үй тазалайтын ер адамдардың осы қылығын жек көреді. Олардың ойынша, үй тірліктеріне пысық ер адамдардың болмысы әйелдердікіне көбірек ұқсап кетеді. Кейбір ата-аналар қанша үлгермей жатса да, ұл баланы ас үйге тек тамақ жеп кету үшін ғана шақырады. Тамағын жеп тойған бала, анасына рақметін айтып орнынан тұрып кете береді. Кейбір аналар үшін рақметін айтып тұрса да бір ғанибет. Үй тірліктеріне ұста ер адамдар үйленгеннен соң да бұл тірлікті көпке дейін өз әйеліне сеніп тапсыра алмай жүреді. Оның әр ісіне сын айтып, өзі қалағандай жасағысы келіп тағы әуреге салады. Ас үйде әйелімен жағаласып жүретін ер адамдардың көбінің сүйкімі болмайды. Олар көмекке тек әйелінің шақыруымен келсе ғана – сүйкімді. Ас үй де адам жүрегі секілді. Онда тек бір адамға ғана орын бар. Көптеген ата-ананың ойынша, үй тірлігімен айналысатын ер адамдар ер мінезінен бірте-бірте айырыла береді. Оның санасын тұрмыс билеп, ендігі жерде отбасының қамын ойлап ірі істермен шұғылданудың орнына, сынған ыдыстарға қайғырып, әжетхананы қалай тазартудың қамын ойлап дамымай қалады.
Ал сіздің ойыңызша қалай? Ер адамның әйелдің жұмысы саналатын тірліктермен айналысқаны дұрыс па?
А. Әбілхан