- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Ұйықтар алдында айтылатын...
Ұйықтар алдында айтылатын ертегінің пайдасы бар ма?
Балаға ұйықтар алдында ертегі айтып беру дәстүрі бала үшін де, өзіңіз үшін де пайдалы. Неліктен?
1. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша, балаға ұйықтар алдында 15 минут бойы ертегі айтып берсеңіз, балаңыз тәрбиелі, ашық, батыл, ақыл тыңдайтын, ұқыпты болып өседі. Әрине «бос сөз» деп санауыңыз мүмкін, ал негізінде ол ертегі оқымаудың сылтауы ғана.
2. Ертегіні тыңдап болғаннан кейін оны талқыласаңыз баланың өз бетімен оқуға ынтасы пайда болады. Әрі ойлау қабілеті дамып, сөздік қоры кеңейеді.
3. Ертегі – баланың тілін жаттықтырады. Ертегі кейіпкерлері, олардың басынан өтетін оқиғалары арқылы бала күнделікті нәрселерді талдай білуді және әлемді түсінуді үйренеді. Ертегілік әлем түсінуге жеңіл: жақсы мен жаманның арасы анық. Сонымен қатар баланың ойлау қабілетінде маңызды нәрселер де көрініс табады. Яғни жомарттылық пен сараңдық, жақсылық пен жамандық, менмендік пен бауырмалдық деген мәселелер көтеріліп, негізгі идея ретінде баяндалады.
4. Ертегі – тәрбие құралы. Балалар өздерін ертегі кейіпкерлеріне теңеп, соларға еліктейді. Өзіне ұқсасын бейсаналы түрде таңдап, соның әрекеттерін қайталауға тырысады. Сондықтан балаға оқуға ертегі таңдауда мұқият болыңыз.
5. Ертегі оқу – баланы тыныштандырып, позитивке бағыттаудың әдісі. Бала еш уақытта негативті көңіл-күйде ұйықтамауы керек. Ертегінің соңы жақсы аяқталуы керек екенін де ескеріңіз. Ертегіде жақсылық жамандықты жеңіп, бас кейіпкер батыр атанып, бәрі өз орнына келеді. Бұл баланы өмірде бәрі жақсы болатынына, позитивті ойлауға дағдыландырады. Бұл бала үшін өте маңызды екенін ұмытпағайсыз.
6. Ертегі баланы түсінуге көмектеседі. Кейбір балалар бір ертегіні қайта-қайта сұрайды. Демек бала ол ертегіде өзін толғандыратын, қорқытатын немесе қуантатын бір нәрсені еститін болып тұр. Егер бала Толағай туралы ертегіні қайта-қайта сұраса, демек ол кейіпкердей мықты, батыр болғысы келеді. Егер балаңызда достарымен бір проблемалары болса, оның шешімі мазмұнында бар бір ертегі тауып алыңыз.
Балаларға ертегі оқудың маңызды екенін ұмытпаңыз. Бұл екеуара қарым-қатынасты дамытып, бір-біріңізге деген сенім мен махаббатты нығайтады.
Ф. Абилова