Баланың қиялын жетілдіру үшін #2

Баланың қиялын жетілдіру үшін #2
Фото: Оңғарбек Алхаров

Басы

Ертегі. Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни, ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бала ертегіні жан-тәнімен тыңдайды. Ертекке шын көңілімен нанады. Бала құрғақ ақылды ұқпайды. Жандандырып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтылғанмен бірдей. Егер сен балаға өтірікші туралы ертек айтсаң, сол суретте өтірікшінің өтіріктен қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады. Қысқасы, балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бірақ ертегінің ертегісі бар. Кейбір ертектер баланы бұзудан басқаға жарамайды. Мысалы, дию, пері, жалмауыз кемпір, аруақ, көрден кебінін жамылып шығатын обыр, жын-шайтан секілді ертегілерді балаға айту тіпті дұрыс емес. Мұндай ертегілер баланы бұзады, қорқақ, жасық қылады. Қазақтың баланы «бөки келеді», «қызыл көз келеді» деп қорқытулары да тым-ақ жарамайтын іс.

Бала ойыны. Баланың қиялы әсіресе ойында жарыққа шығады. Ойын – балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда бала әсерлерімен пайдаланады. Айналасындағы тұрмыста нені көрсе, соны істейді. Мысалы, қазақ баласы біреуі ат болып қашады, біреу құрық салады. Шырпыларды тізіп-тізіп көш жасайды. Балшықтан мал жасайды, қуыршақтан қыз жасап, таныстырады, күйеу келтіреді, құда түсіреді.

Жалқы һәм жалпы ойын. Тіпті жас бала жалқы ойынды – жалғыз ойнауды жақсы көреді. Әрі тілі еркін жетілмегендіктен, ол басқа балалармен қатынаса алмайды. Ал енді өскен сайын жалпы ойынды бірігіп ойнауды жақсы көре бастайды. Жалғыз ойнаса, іші пысады. Жалпы ойын баланың тілінің өркендеуіне көп пайда. Бірігіп ойнағанда тоқтаусыз қозғалып, күліп, былдырлап сөйлей береді. Жалпы ойын жалпы тұрмысқа яғни басқа адамдармен бірігіп тұруға үйретеді. Өзін сөзін, тілегін біреуге тыңдатып, басқаның тілегін, сөзін өзі тыңдап, қысқасы біріккен тұрмыстың бірінші шарты – жалпы заңдарды орындап, атқарып үйренеді. Ал енді жалқы ойын яғни жалғыз ойнау баланың алаңғасар, еліктегіш болмай, өз ісіне ынталы, тиянақты болуына пайдалы. Бірақ осы екі түрлі ойынның екеуінің де кемдік жағы бар. Ылғи жалғыз ойнап үйренген бала тағы, менменшіл болып, ылғи көппен бірге ойнап үйренген алаңғасар, тиянақсыз, еліктегіш болып шығуға мүмкін. Сондықтан дұрысы – ойынның екі түрін кезекпен ауыстырып отыру. Осы түрдің қай түрімен болса да ойнап отырған баланың ойынын бақылауға тәрбиеші міндетті. Бірақ бақылаймын деп бүлдіріп алма. Бүлдіріп алу былай болады: былай ойна деп бұйырсаң, баланың ойыннан ынтасын суытып аласың. Баланың ойынына үлкен адам кіріссе, балаға ойынның қызығы бітеді. Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсені бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу керек, бақыла деген сөз қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп қақиып тұр деген сөз емес. Олай тұрсаң, бала ойнай алмайды. Егер енді баланың ойынына қатысқың келсе, өзің бала болып қатыс. Яғни ойындарына бөгет, оралғы болма. Балалар сенің жеткен адам екеніңді сезбейтін дәрежеде болсын.

Ойыншықтар. Ойыншық деген сөз – баланың жанындағы суреттеулердің белгісі деген сөз. Уқалауына көнетін, не қылса соған жарайтын жабайы ойыншық баланың ішін пыстырады. Балаға нағыз қолайлы ойыншық бір үйім құм деген бір педагогтің сөзі дұрыс сөз. Базардан алып келген әшекейлі ойыншығыңнан бірде құрық болатын, бірде ат болатын бір шыбық балаға көп артық. Әшекейлі жат бір ойыншықпен бала сүйіп ойнамайды. Алады да, сындырып тастайды. Балаға көп ойыншық беру жарамайды. Олай болғанда балада іскерлік болмайды.

Мағжан Жұмабаев «Педагогика»

Ұқсас жазбалар:

Қазақы тәрбиедегі қателіктер

Ат қаума – балаларға арналған ойын түрі

@. @assel_assanova