Балалы болғанда жауабы табылатын бес сұрақ

Балалы болғанда жауабы табылатын бес сұрақ
Фото: Даурен Кошербаев, amur.kz

Қазақта «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген аталы алтын сөз бар. Бұл сөзге қарсы шығатын ешкім жоқ та шығар. Өйткені өмір бәрін өзі өлшеп-өлшеп, әр нәрсені орнына қойып отырады. Сиырға туған күн бұзаудың да басына туарын біреу түсінсе, біреу түсінбей жатады. Бірақ уақыт бізді жетелеп жүріп, өз дәуренімізді сүріп шығуымызға күш салуда. Бүгін біз сіздерге балалы болып, өздері ата-ана атанғандар енді ғана түсіне бастайтын, енді ғана қадіріне жете түсетін бес нәрсенің тізімін тізіп бермекпіз.

Неге олар қартайған сайын ұйқысыз және мазасыз бола береді? Оған басты себеп – біз екенбіз. Олардың түнгі ұйқысын ұрлап, жүйкелерін біз тоздырамыз. Олай еткіміз келмейді, әрине. Онымыз өзімізге білінбейді де... Енді біз де өз баламыздың жай-күйі мен болашағын, денсаулығы мен жағдайын ойлап, ұйқыға деген әуестігімізді жоғалта бастадық.

Неге олар алыс кетсек, уайымдап телефон шала береді? Шырылдаған телефонның арғы жағынан анамыздың дауысы естілгеннен-ақ «Не болды, анашым? Кішкентай бала емеспін ғой» деп ашу шақырамыз. Сөйтсек, біз оларға есейіп кетсек те сәбидей көрінеді екенбіз ғой. Олар бізді ойлап тынышы кеткеннен, амалсыз хабарласады екен. Жай-күйімізді біліп, жағдайымыздың дұрысытығын білген соң ғана көңілі орнына түседі екен.

Неге олар үнемі аш жүреді? Біз жесін, біз кисін деп өзінде барын ғана бойына іліп, бізден қалғанын ғана аузына сап жүретінін ертерек түсінсек ше?... Баламыз алаңсыз тойып жеп алсын, содан қалса, жермін деп енді біз жүрміз. Сөйтсек олар алдымен біздің көңіліміз бен қарнымызды тойдыруды міндет санайды екен-ау.

Неге олар жар таңдауымызға араласады? Олар бізге өмірлік жар таңдау кезінде көп ақылын айтады. Сүрінбес үшін, қателесіп, жамандыққа ұрынбас үшін шыр-пыр болады екен-ау. Ал біз оны жас кезде солай түсіндік пе? Енді өзіміздің де баламыз өміріне серік таңдауда қателік жіберіп, шалыс басып қоймаса екен деп шыбын жанымызды шүберекке түйіп жүрміз.

Неге олар кейбір достарымыздан сақ болуымызды өтінеді? Олар біздің қасымызда сенімді, әрі адал адамдардың жүргенін қалайды екен ғой. Ал біз адам танымайтын шағымызда олардың мұнысын дұрыс түсіндік пе?

Ұқсас жазбалар: 

Ана болу...

Психолог: Балалы болу - бақыт емес

А. Әбілхан