Үйдің жайлылығы үшін...

Үйдің жайлылығы үшін...
Фото: Данияр Шаймергенов

Көптеген адам ауыр күннен кейін үйіне келіп, одан сайын шаршай түседі. Өз үйінде өзін жайсыз сезінген адам ертесіне де үйінен көңіл-күйі болмай шығады. 

Мұндай жағдайда не істеу керек?

Ең алдымен «үй шаруасымен әйел адам айналысуы керек», «үйдің сәнін тек әйел заты келтіре алады», «үй жайлылығына тек қыз бала жауапты» деген пікірден арылу керек. Жігіт болсын, қыз болсын үйдің жайын жақсарту бәрінің қолынан келетіні рас. 

Дүкеннен жұпар иісті шам, шырақ сатып алыңыз. Алқызыл түстісін таңдаған жөн, ол жастық, романтика, сұлулық пен нәзіктіктің түсі болып саналады. Жанып тұрған шырақпен бүкіл үйді аралап шығыңыз. Өзіңіз жататын бөлмеге арнайы шырақ жағып, бірнеше сағатқа қалдырыңыз.

Үйдің барлық терезесін ашып, үйге таза ауа кіргізіп, тазартып тұрған жөн.

Үйде жалғыз қалғаныңызда классикалық, құлаққа жағымды әуенді қосып қойыңыз. Бұл да бөлмені тазартатын әдістің бірі. Жалпы, музыканың қоршаған ортаға, адам миына әсері мол. Классикалық, әдемі әуен есте сақтау, ойлау қабілетіне игі әсерін тигізеді.

Аптасына бір рет үйді толықтай тазартып тұрыңыз. Көрпе-жастықты қағып, еденді тұзды сумен жуып, терезелерді тазартып, кереуеттің астына дейін жуып шығыңыз. Бөлменің төбесін сулы шүберекпен сүртіп, шаң-тозаңнан, өрмекші торынан тазартыңыз.

Жоғарыда айтқанымыздай, еденді жуу үшін суға бір ас қасық тұз немесе сіркесуын қосуға болады. Бұл еденді қымбат құралдардан жақсырақ тазартады.

Сонымен қатар аптасына бір рет терезеге арналған торды тазартып тұру керек. Кір сабынмен немесе арнайы сабынмен бірнеше рет көпіртіп, жуыңыз.

Көрпе-жастықты да кір жуғыш машинамен кем дегенде 2 аптада бір рет жуып тұру керек. Себебі көрпеге кене, ұсақ жәндік-қоңыздар жиналып қалады.

Аптасына бір рет жиһаздарды сулы шүберекпен сүртіп, дақтардан тазартып тұрыңыз.

Осы әдістерді пайдалансаңыз, үйіңіздің жайлы болары сөзсіз. Іске сәт!

Ұқсас жазбалар:

Көрпе-жастықты қалай жуу керек?

Дәлізді таза ұстау жолы

Ф. Абилова