- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Көктемге сай киімдерді...
Көктемге сай киімдерді сұрыптау
Қыс мезгілі қыңырлық салып қайтқысы келмегенімен, көктем мезгілі келгісі кеп сығалап тұр. Әне-міне дегенше күн жылынып, ауа-райының да ашуы қайтар. Ал әзірге біз гардеробымызды керексіз киімдерден тазартып, жан-жағымызды ретке келтіріп көңілді көктемді қарсы алуға дайындықты бастай берейік.
Қыста денеңізді жылытып, тәніңізді суықтан қорғаған қалың киімдеріңіздің биылғы дәурені бітті. Гардеробыңызда бәрін сақтамай, күздігүні қайта ашатындай етіп басқа сөреге не бөлек сөмкеге салып қойыңыз.
Қалың тондардың да осымен уақыты өтті. Қымбат тондарды қысқа қалай сақтауды мына жерден үйренесіз.
Іші жүн етіктерді де сүртіп тазалап, арнайы қалталармен орап салып қойғаныңыз дұрыс.
Ал басқа да киім сақтау жолдарымен мына жерде таныса аласыз.
Өзіңізге сыймай қалған немесе керісінше, үлкен болып кеткен киімдеріңізді енді кимесеңіз одан құтылғаныңыз жөн. Сәннен шықпай тұрғанда киетін адам табылар. Қатты тозып кетпесе құрбыларыңызға не әпке-сіңілдеріңізге ұсынып көріңіз. Ал егер жыртылып тозып кетсе, қоқысқа тастауыңызға тура келеді.
Артық киімдер көп тұрса да өңінен айрылып қалады. Кейбір киімдердің сәнін өзгертіп киюге болады. Мысалы, ұзын көйлекті қысқартып немесе түймесіз көйлекке түйме тігіп өзгертуге болады. Кейбір көйлектер кеудеше шығаруға келеді. Әрине, онда да тігіншілікке ебіңіз болса ғана. Әйтпесе тәп-тәуір киімді қайшымен қиқалап бұзып тастамаңыз.
Қыста не күзде ашатын киімдеріңізді арнайы пакеттерге салып сыртына "қыстық" немес "күздік" деп жазып қойғаныңыз өзіңізге жеңіл. Ертең іздегенде тез табу үшін бұдан артық не бар?
Сурет: sovets.net
А. Әбілхан